Жануарларды азаптау жайлы шариғат не дейді?
Жауап
Кез келген жануарды ешбір себепсіз, әдейі өлтіруге тыйым салынады. Мұндай әрекет – харам. Жануарды қинаған немесе өлтірген адам бұл күнәсі үшін Алладан кешірім сұрап, тәубе етуге міндетті. Жануарды өлтіруге себеп: жыртқыш аң, құтырған мал сияқты адамның өміріне немесе мал-мүлкіне қаупі төндіруін айтуға болады.
Мәселен, хадисте: «Бес жағымсыз жануар ихрам және ихрам емес кезде де өлтіріле береді. Олар: жылан, ала қарға, тышқан, құтырған ит және батпырауық»[1], – делінген. Бұл адамға қауіпті жануарлар екені байқалып тұр.
Ал енді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайсыбір адам ешбір ақысыз құсты немесе одан жоғары бір жануарды өлтірсе, ол үшін Алла алдында сұралады», – деді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Оның ақысы не?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бауыздап етін жеу, басын жұлып лақтырып кету емес», –деп айтқан[2].
Бұл хадистегі әдейі және себепсіз өлтіру жайлы қатаң ескерту еті желінетін және желінбейтін жануарларға түгел қатысы бар.
Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) жануарларды қорлауға тыйым салды»[3], – делінген.
Сондай-ақ, Ибн Аббас (р.а.): «Жаны бар нәрсені нысанаға алмаңдар», –деген риуаят жеткізген.
Имам Науауи былай дейді: «Ғалымдар: Жануарларды қорлау – тірі жануарды ату және сол сияқты жолмен өлтіру…, – деген». Бұл – харам ету тұрғысынан жасалған тыйым. Сондықтан да Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте мұның барлығынан соң: «… Мұны істеген адамды Алла лағынет етсін», – делінген.
Қорыта айтқанда, жануар екеш жануарды қорлау және азаптау – үзілді-кесілді харам әрекет. Бұл зұлымдық атауының бір түріне жатады. Мұндай әрекетке барған адам күнәсі үшін Алла Тағалаға тәубе етіп, кешірім сұрауы ләзім.
Руслан Камбаров