Мақалалар

Сырым батырдың байға айтқан жауабы

Біз – қашан да бауырмал, қолынан келген көмегін аямайтын, қонағына қорасындағы жалғыз малын сойып берер қонақжай, мейірбан, дархандығы мен кіршіксіз ақ көңілдігінен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін қазақтың ұрпағымыз. Иә, бұл ғана емес, асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады.

Бірақ осы бір баға жетпес қасиеттеріміз өткен күннің еншісінде қалып қойған жоқ па? Біз тек сөзбен ғана семіріп, санамызда сарқыншағы ғана қалған естеліктерге мәз болып жүрген жоқпыз ба? Ойланайықшы…

Ол үшін өткен мен бүгінді салыстырмалы түрде саралауымыз керек сияқты. Бұрын, балалар үлкендердің қолына су құйып, бата алатын кезде, ақсақалдар аңыз айтып, шежіремен шеріңді тарқататын кезде, құрт қайнатып, сүр қақтаған аналар бесік жырын білетін кезде, көрші көршісінің үйіне күнде кіретін кезде, ауылдас ағайындар, бауырлас туысқандар бір-бірін көрмесе тұра алмайтын кезде бәрі басқаша еді-ау! Басында айтқан құндылықтарымыз осы бір кездің суреттемесі секілді.

Ал қазір жанашырлық жоғалып, мейірімділік азайған, қамқорлығымыз құрдымға кетіп, жомарттығымыз жолда қалғандай. Қарапайым күнделікті өмірді алайықшы, көшеде біреу қиындыққа тап болса, оған бірінші болып көмек қолын созуға емес, қалтамыздағы ұялы телефонға түсіруге асығамыз. Біреудің құлағанын, жылағанын, соғылып жатқанын, жарылып жатқанын бірінші болып видеоға түсіруге жарысамыз.

Көшеден біреу көмек қолын сұраса, ат-тонымызды ала қашамыз. Ауылдас ағайында шаруамыз жоқ, жақын отырған көршімізді көрмейтін, білмейтін дәрежеге жеттік. Жүректен жылу, мейірім мен жанашырлық жоғалып, санамызда қорқыныш сезімі қалмағандай.

Еркін өскен балалық шағымызды алайықшы, қандай еді!? Ала таяқты ат қылып мініп, таңның атысынан күннің батысына дейін асыр салып ойынның қызығында жүретінбіз. Біреумен жаға жыртысып қалсаң, үлкендер араша түсіп, екеуіңді күрестіріп, жарыстырып, кейін татуластыратын. Қазір, жастар арасында жаппай төбелес, атыс-шабыстан қаза болатындардың саны көбейген.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Алматы: 30 оқушыға көмек көрсетілді

«Неге?» деген сұрақты қоймас бұрын баяғы жанашырлық, қамқорлық, мейірімділікті іздейсің. Бұрын есімде, ауылда «асар» дейтін болатын. Әке, ағаларымыз «пәленшенің үйіне асарға барамыз» деп жиналып жататын. Асардың арқасында ағайынның берекесі де кіріп, ынтымағы да жарасатын еді.

Қазір біреуге тегін көмек көрсету деген жоқтың қасы. Аналарымыз жаңа көшіп келген көршілерге «ерулік» деп дастархан жаятын кез де сағымдай бұлдырап алыста қалды-ау. Өткен мен бүгінгі күннің жер мен көктей айырмашылығы жаныңа жара салады.

Бірде Сырым батыр өзге ұлт өкілінің бір көпесімен сөз таластырып қалған екен. Сонда әлгі көпес Сырымға: «Менің шаруашылығым бар, бірнеше үйім бар, алтындарым бар, ал сендерде малдан басқа не бар?» – депті. Айтпағы «кім бай?» дегені ғой.

Сырым батыр еш саспастан оған: «Сен алыс жолға шықсаң, арбаңа толтырып азық-түлігіңді, алтындарыңды ала шығасың, ал қазақтар қанша алыс жолға шықса да бір түйір азықсыз жүреді. Жолда кездескендер оны қондырып, тамағын беріп, атының жемін қамтамасыз етеді. Осыдан кейін сен байсың ба, әлде қазақ бай ма?» – деп жауап берген екен.

Алайда, Хас батыр айтқан қазақтың кең пейілдігі, қонақжайлығы бүгінгі таңда көрініс таппай келе жатқаны өкінішті. Алысқа жолға шықсақ, әлгі көпестей артынып, тартынып шығатын халге жеттік. Ойланайық. Мейірімсіз, суық жанарларды емес, жанға жылулық сыйлайтын жанашырлық, қамқорлықты іздейік. Өткенімізден үлгі алып, асыл қасиеттерімізді түгендейік.

Жайнарбек ЗАНДЫБАЙ

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля