Мақалалар

ЖАҚЫНЫҢЫЗДЫ ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАҢЫЗ!

Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де өзекті тақырып екені белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын.

Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Бірлік бар жерде береке, бейбітшілік бар жерде тыныштық, татулық бар. Қазіргі таңда ислам атын жамылып халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың  қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады.

Жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем сәйкес келмейтін көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Жат ағымның шырмауына түскен жастарымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай жүр.

Халқымызда «Тәрбие – тал бесіктен!» деген керемет сөз бар. Бұл сөзді оқыған, тоқыған қазақ баласының барлығы біледі. Қазақ халқының тәрбие тағылымы, ізет пен әдептен және инабат пен парасаттылықтан басталатыны белгілі. Бала тәрбиесі – ана сүтінен басталып, біреудің ықпалы арқылы қалыптасатын күрделі құбылыс.

Ұлы ақын Абайдың қара сөздерінің өзі тұнып тұрған философия, отбасы тәрбиесіне арналған бағдар десе де болады. Ол баланың өмірді танып-білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. «Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын әр айтылған мақал-мәтелден айқын көруге болады.

Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. «Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы», — деген екен               Әл-Фараби бабамыз. Қазіргі бала кітап оқымайды, дәстүрге ден қоймайды деп жас жеткіншектерге кінә артып жатамыз. Рас, бесіктен белі шықпаған балаға дейін әлеуметтік желіге бағынышты болды. Оның берері болса да, зияны да аз емес екенін кей ата-аналар жете біле бермейді.

Орталықпен әлеуметтік желілерді зерделеу барысында әртүрлі діни топтарға тіркелген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің парақшалары белгілі болды. Діни көзқарастарын анықтау үшін жеке парақшаларына зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында 5 жасөспірімнен теріс діни ағымды насихаттайтын уағыздарды жүктегені анықталды. Аталмыш жасөспірімдердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланатынын ескермеуге болмайды. Жат діни ағым өкілдерінің діни сайттары мен әлеуметтік желілерде көптеген топтары бар екені белгілі. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері ресми тараптан ақпарат алуға құлықсыз. Олар дереккөз ретінде интернет ресурстарын басшылыққа алады. Интернеттен «Google» немесе басқа да іздеу сайттары арқылы мәлімет іздегенде бірінші болып сол ағым сайттары шығады. Ақпарат іздеуші адам көп жағдайда уақытты үнемдеу үшін іздеу сайттарының бірінші парақшасында келген мәліметтерді көрумен шектеледі. Сол себепті, кез келген діни ақпаратты сенімді діни сайттардан алған дұрыс (muftyat.kz, maturidi.kz, islam.kz, muslim.kz, fatua.kz, sajde.kz, taglym.kz, mazhab.kz, kazislam.kz, azan.kz, т.б).

Қазақ еліндегі мектеп, медреселердің дамыған тұсын шартты түрде XIX ғасыр, XX ғасырдың басы деуге болады. Осы кезеңдегі ел өміріндегі елеулі оқиғалар­дың барлығы да ақын-жыраулардың өнернамасында өзінің көркемдік ше­шімін тапқан. Бұл дәуірдегі ақын-жа­зушылардың, білікті азаматтардың бәрі дерлік медреседе білім алып, дүнияуи көзқарасы қалыптасқан, ел қамын жейтін қайраткер дәрежесіне дейін көтерілген еді. Олардың қатарында ғалым Шоқан Уәлиханов, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ақындар Абай Құнанбаев, Ақмол­ла Мұхамедиярұлы, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәді Жәңгірұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мақыш Қалтайұлы сынды бірегей тұлғалар бар. Олар тарихта өз ғасырының ғұламалары атанып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа тағылымдық-тәлімдік, білім мен біліктілік мәні жоғары мұралар қалдырды. Олар жа­йында айтылып-жазылып жүр, дегенмен сол ғұламалар бесігі – медресе туралы көпшілік көп біле бермейді. Мектептер мен мед­реселердегі шәкірттердің діни сауат ашумен қатар философия негіздері, математика, музыка, құқықтану, медицина саласынан білім алып, білікті маман ретінде қалыптасып, қоғамдық ортаға белсене араласқаны – белгілі жайт. Өз кезінің озық ойлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбектер де діни медреселер түлектері еді. Зиялы қауым мүшелері бұл жерде барлығы имам болсын деген емес, имандылыққа шақырғаны белгілі.

Бүгінде ақпараттың қарқынды дамыған заманында ақпараттық технологияларды қолданып осы мәселеге байланысты ғылыми технологияларды және ғылыми-танымдық бағдарламалар жасау, телеарналардан елдегі болып жатқан діни мәселелердің себептерін ашып көрсетіп, елдегі діни ахуал жайлы халықты ақпаратпен қамтамасыз ете алсақ, бұл жүйе де жемісін берері сөзсіз. Қазіргі қоғам халықтың діни сауатты болғанын талап етеді. Діни сауат ауадай қажет екенін түсінетін кез келді.

Қазіргі таңда жастарымыз діни білімді имамнан емес, діни білім жоқ адамдардан алғанды дұрыс көруін қазақтың ұялшақтық мінезімен байланыстыруға болады. Дінге қызығып жүрген жастарымыз қасындағы діни білімі жоқ жақын досынан діни ақпараттарды алу арқылы адасушылыққа ұшрауы ықтимал. Қазақта «торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да ата-аналар өз балаларының теріс ағымның ықпалына кетпеуінің алдын алу мақсатында мешіт имамдарына апарып тапсыру қажет деп санаймыз. Ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы мүмкін.

Жат ағым өкілдері кішкентай балалардың назарын аудару мақсатында анимациялық форматта контент жасауда. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tiktok» әлеуметтік желісінде жат ағым өкілдері өз насихаттарын жүргізуде. Орталық  мамандары «Tiktok» әлеуметтік желісінде де жат ағым өкілдерінің топтары көп екенін анықтады. Осы орайда ата-аналардан балаларыңызды бақылауда ұстап, әлеуметтік желіде қандай топтарға тіркелгенін қадағалауды сұраймыз.

Жастарымыздың кез келген діни ағымдардың зияндылығын танып-біліп, оның астарына үңіле білгені дұрыс. Сондықтан, жастардың бойында жат ағымдардың теріс идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта дін саласындағы мамандар жастармен жиі кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Сан ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған қазақ даласына ұлы болған имам Ағзам Абу Ханифа мазхабы ұлттық салт-дәстүрді және ата-ананы сыйлауға негізделген. Ханафи мазхабының атауының өзі «тура, түзу» деген мағынаны береді. Мазхаб негізін құраушы Абу Ханифа Нұғман ибн Сабит (Алла ол кісіні рахымына бөлесін) ілім жолында көп шәкірт шығарғандығы соншалық ұлы Ханафи мазхабын ұстанушыларды әлемнің түкпір-түкпірінен табуға болады.

Ұлы ғұламалардың артынан ілесіп, имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын ұстану мұсылмандардың басына Алла Тағала тарапынан берілген үлкен нығмет. Тура жолды ұстанған адамдар екі дүниеде де бақытты болары сөзсіз. Бұл жолды мойындамау немесе тура жолдан ауытқу немесе шариғаттан бөліну үлкен қателік болып табылады. Осыншама, елімізге берілген нығметті қадірлей алмай, ислам ғұламалары құптамаған өзге бір жолды ұстану үлкен қателік және бұл жат ұстаным елімізге салған дін дұшпандарының іріткісі екендігіндігінде күмән жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді…» демекші, ислам шариғаты да бөлінуді құптамайды.  Елімізде осындай үй ішінен үй тіккен дін бұзарлардың кесірінен, жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыз аз емес. Ол жастардың ішінде өз қатесін түсініп, өкінгендері де жоқ емес. Осы орайда, өзге жат ағымның жетегінде кетпеу үшін елімізде алдын алу, оңалту, түсіндірілу жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда.

Сөз соңында Мұхтар Әуезов атамыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, ертеңгі ұрпақтың тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу баршамыздың басты міндетіміз дегім келеді.

Егер дін саласы бойынша құқықтық кеңес алғыңыз келсе, жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша сұрақтарыңыз болса немесе теріс діни топтарға тіркелген болсаңыз! Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығына» хабарласуыңызды сұраймыз.

Атырау облысы Дін істері басқармасы

Ақпараттық-талдау орталығының

«Талдау және мониторинг» бөлімінің басшысы

Ә.Рашитов

0

Автор публикации

не в сети 2 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля