Мақалалар

ОТАНДЫ СҮЮ ИМАННАН

«Отан» — деген сөзді естігенімізде көзімізге кең байтақ кіндік қан тамған жеріміз, туып өскен еліміз, балалық шағымызда асыр салып ойнаған топырағымыз, ата-анамыз, туыстарымыз бен достарымыздың елестейтіні бесенеден белгілі. «Отан» — сөзі қазақ тіліне арап тілінен кірген кірме сөз, қазақша «өмір сүретін жер, туылған жер» — деген мағыналарға саяды. Яғни белгілі бір аумақты, географиялық орынды алып жатқан, шекарасы бекітілген, өзіндік заңнамалары мен мемлекеттік рәміздері бар және сол ұлтқа тән салт – дәстүрі мен тарихы қалыптасқан белгілі бір қоғамды айтамыз.

Жаратушы жалғыз Алладан біз пенделеріне жеткен ақиқат Ислам діні отанға ерекше мән беріп қастерлейді. Қасиетті кітабымыз Құран кәрімде Раббымыз Алла былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға бөлдік. Шынында, Алланың құзырында ең құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят). Жаратушымыздың қойған ережесі аятта ашық айтқанындай осынау жер шарын мекен еткен Адам ата мен Хауа анадан тараған барлық адам баласының ұлтпен ұлысқа, елге, сан түрлі тілге, нәсілге бөлуіндегі хикмет адам баласының бір – бірін танулары және сол жаратылысы бір болған адамдардың түрлерінің, тілдерінің, мінездерінің, салт-дәстүрінің ерекшеліктеріне ақыл жүгірту арқылы Алланың құдіретінің шексіздігін сезініп жаратушымызды тануға шақырғандай. Сондықтанда Алла Ислам дінін адамзатқа ортақ дін етіп жіберді. Мұсылман Ислам дінін өз ұлтының ерекшелігімен шариғат шеңберінен шықпаған салт-дәстүрі мен бірге ұстануға тиіс, олай болмаған жағдайда ел ішінде бүлік шығып берекет кетеді.

Отанға деген махаббатың қандай болыу керек екендігін біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен көруге болады. Себебі әлемдердің Раббысы Алла тағала құран кәрімде былай дейді: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб сүресі» сүресі, 21-аят). Пайғамбарлық жүктелген күннен бастап, ол кісіге дұшпандықтың қатары артты. Яғни, екі дүние сардары Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдина қаласына қоныс аударуға шешім қабылдайды. Қасиетті Меккеден Мәдинаға қоныс аударуға шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау, қимастық көңілмен ұзақ қарап:

Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де айрылмас едім, – деген екен. Раббымыз Алла сүйікті құлының мұңына, отанға деген сағынышына жауап ретінде мына аятты түсіреді: «(Мұхаммед ғ.с.) шексіз саған Құранды міндетті қылған Алла, әрине сені қайтар жеріңе (Меккеге) қайтарады. «Раббым, туралық келтірген кісіні де ашық адасудағы кісіні де жақсы біледі» де» («Қасас» сүресі, 85-аят). Раббымыздың ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берген бұл уәдесі ешбір соғыссыз орындалды, мекке мұсылмандар қаласына айналды.

Қасиетті Құран аяттарын терең түсініп дінінде берік болған аталарымыз «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Отан оттанда ыстық» — деген ұлағатты мақалдары бар. Бұл мақалдардың мағынасына зер салып қарағанда аталарымыз отанын, елін қорғаймын деп дүниелік отқа түсіп жан тапсырған, адамның мәңгілік әлем болып саналатын қияметте тозақ отына күймей, шәһиттік дәрежесін алып Алланың рахымы мен мәңгілік жәннәтта болатынын меңзеген. Себебі жоғарыдағы мақалдар мына хадистердің мысалы болып саналады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» (Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12). Демек пенде жасаған күналарына оңашада Раббысына жалбарынып шын жүрекпен өкініп жаратушысына бет бұрып шынайы тәубе етсе, Алла сол құлын кешіріп тіпті тәубе еткені үшін оған мол сауаптар беретіні жайлы қасиетті құран аяттарымен хадистерде көптеп кездеседі. Сол сияқты отанды қорғаудың өзі үлкен өз алдына бір ғибадат және сауабы мол іс болып саналады. Себебі Алланың берген нығметіне шүкір етіп сақтау, оны аман алып қалу мұсылманға міндет, тіпті шариғат негіздерінде еліне күн туып жау шапқанда отанын, елін, жерін жаудан қорғамай соғыстан қорқып қашудың өзі үлкен күнәлі іс және оған берілер жаза өлім болған. Сондықтанда «Отанды сүю Иманнан» деген хадисті терең түсініп иманын бірінші орынға қойған қазақ халқымыздың жау шапқанда жеңіліп немесе елін қорғаудан қашқандығын тарихымызда кездеспейді, керісінше берік иманынының арқасында кең байтақ даламызды отанымызды сақтап қалған батыр аталарымыз бен аналарымыздың есімдері өте көп.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте былай дейді.«Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады»(Муслим, Имара 163.II 1520)

Бұл хадистен де отанның тыныштығын қорғаудың үлкен сауабы мол амалдардан екенін түйдік.

Қадірлі оқырман Ислам діні адам баласының өзінің туып өскен отанын сақтауға, қорғауға, қадірін түсініп бағалауға шақыратын ұлы дін. Демек бұл отанымыз жеріміз бізге аталарымыздың қанымен, аналарымыздың жанымен, ұрпағым елім үшін деп аянбай еңбек еткен маңдайдан аққан терімен бізге аманат болып жетті, олай болса бізге сол аманатқа қиянат жасамай, әрбір тасын қадір тұтып отанымызды сүю оны қорғау және ұрпаққа сақтау үшін аянбай қызмет ету әрбір отандасымыздың міндеті болып саналады Сондықтан болар қазақ халқының ұлылары кейінгі ұрпақтарына мынадай керемет өсиеттерін қалдырды. «Орағың өткір болса қарың талмайды, Отаның берік болса жауың алмайды» «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір». Елімізге отанымызға адал қызмет етіп, жүрегімізбен тілегіміз бір болсын.

Ш.Темірқұлұлы

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог маманы

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля