Халқына қарай ханы
немесе таяқтың екі ұшы
Қазақтың тағылымы терең тамаша сөзінің бірі – «Таяқтың екі ұшы бар». Яғни, кез келген құбылыстың кем дегенде екі қыры, екі мазмұны бар әрі сол қос мазмұн тұтас шындықты құрайды. Осы тұтас шындықты көре алмаған адам біржақтылыққа, қасаңдыққа (буквализмге-әріпшілдікке, фанатизмге) ұрынады. Өзі көріп тұрған «қырды» сол құбылыстың немесе заттың «тұтас өзі» деп ойлағандықтан, басқа «қырын» көріп тұрған адамды, ортаға жазылған «6(9)» санының екі жағында тұрып алып, қызылкеңірдек болатын екеудің мысалындағыдай, ақымақ санайды.
Даналық – адамзатқа ортақ қазына. Орыс халқы бұл жәйлі «две стороны медали» дейді. Қазақтың: «Бір аштықтың бір тоқтығы бар», «Көп күлген – бір жылайды», «Қасіреттен ғана қасиетті өнер туады», «Қазанына қарай ошағы, жұбайына қарай қосағы», «Жеміс ағашынан алыс түспейді», «Баланың міні – ата мен ананың міні», «Мас адамның: топан су тобығынан келмейді, шалшық су мойнынан келеді», «Қуаныш пен қайғы – егіз», «Өмір барда – қаза бар» деген секілді мақал-мәтелдері осы танымды тиянақтай түседі.
Асыл дініміздегі «еркіндік пен құлдықтың («Құлдар ғана – азат», Хафиз), күнә мен тәубенің («Егер күнә жасамасаңдар, Алла өзінің кешірімін көрсету үшін басқа бір қауымды жаратар еді», хадис), қауіп пен үміттің (тіршілік-құлшылықтағы) бірлігі» концепциясы, жамандықтан тыю мен айыпты жасыру амалының арақатынасы, «бұқара халықтан бұрын ғұламаның жауапкершілігі» секілді мәселелер, «Жердің өсірген нәрселерін, адамдардың өздерін және олар білмейтін нәрселердің барлығын жұп етіп жатақан Ол (Алла) – (барлық кемшіліктен) Пәк!» («Ясин» сүресі, 36-аят) деген мағынадағы аяттар – «Таяқтың екі ұшы болатыны» – заңдылық екенін бекемдей түседі.
Осы орайда ел арасында көп тараған әрі шындығы дау тудырмайтын, алайда «екінші ұшы» ұмытылыңқыраған бір сөз бар: «Халқы қандай болса – патшасы сондай». Расымен солай: қосшысы қандай – басшысы сондай, яғни елдің рухани деңгейі қай дәрежеде – басшысы да сол дәрежеде; «Ханның жақсы болмағы –
Қарашаның елдігі» (Бұхар жырау).
Өйткені патша аспаннан түспейді, сол елдің ортасынан өсіп шықты – көрген тәрбиесі сол болды, сол орта қалыпқа салды – уәзір-көмекшілері мен қолпаштаған халқы қалыптастырды. Сүттің сапасына қарай – қаймағы, еттің бабы мен тұзына орай – сорпасы сол болды. «Халық» деген теңіздің деңгейі биіктеген сайын, бетінде тұрған кеме секілді басшысының деңгейі аспандаса, деңгей төмендеген сайын – пәс тартады.
Ендеше, «Уа, жамағат, өзіңді түзе!» деуге толық негіз бар. Бұл сөздің үлкен дәлелі мына Құран аяты: «Анығында, адамдар өздеріндегіні (иман, бойұсыну, ізгі амалдар, шүкіршілік, тақуалық, т.с.с.) өзгертпейінше, Алла олардағыны (жағдайларыңды) өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят). Дауымыз жоқ! Бірақ бұл шындықтың бір қыры ғана.
«Таяқтың екінші ұшы» былай дейді: «Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы» (Сырым Датұлы), «Басшысын таппаған ел азады, жолдасын таппаған ер азады», «Керуенбасы білікті болса – түйе азбайды; Қолбасы білікті болса – сарбазы азбайды». Бұл тұжырымды асыл дініміздегі «Ренжіскен екеудің естісі – кінәлірек», «Біліп тұрып істеген күнәнің кішісі болмайды», «Аманатқа қиянат жүрмейді», «Әркім – өз дәрежесінде бақташы әрі жауапкер» деген қағидалар шегелей түседі.
Расымен: «Отбасы да – бір мемлекет» десек, отағасы қандай болса – отбасы да сол дәрежеде болмай ма? Мемлекет – кеме болса, рулін-тұтқасын бұрушы, бағытты таңдаушы капитан-басшы емес пе? Көпті билейтін бір кемел – басшы емес пе?..
Перғауын билеген ел, езіле келе, жаңа туған сәбиін бауыздатуға көнетін деңгейге түссе; Пайғамбар мен әділ халифалар кезіндегі мемлекеттік құрылым – тұтас өркениеттің негізін салды. Тіпті «екінші Омар, бесінші халифа» аталған Омар ибн Әбдуләзиздің аз жылғы (2 жыл) патшалығы кезінде халифатта садақа беретін жан қалмаған! Өйткені орынбасарлары мен әмір-әкімдері тақуалардан таңдалып еді, оны айтасыз, халық арасында тақуалық «мода» болған еді!
Мұсылман әлемінде тараған бір хабарда: «Қаладан келе жатқан жүргіншіден айдалада мал бағып жүрген бір қойшының: «Тыныштық па? Басшымыз аман ба?» деп алабұрта сұрағаны, «Халифа қайтыс болды» деген хабарды естігенде: «Бәсе, екі жылдан бері жоламай кеткен қасқыр түнде қойыма шапқанда-ақ жүрек құрғыр бекер сезіктенбеген екен-ау!» деп еңкілдеген екен», – дейді…
Бергі тарихтағы Сталин мен Гитлер сияқтылардың лаңы мен ондаған жылда елін даму даңғылына салған Махатхир Мохамад пен Ли Куан Ю секілді Ерлердің мысалдары да – Басшының жетекшілігі мен жауапкершілігіне жеткілікті дәлел…
Ендеше, «Өзімізді түзетпей – жағдайымыз түзелмейтінін» (аят), ең әуелі жан-дүниемізді (жүрегімізді) тазарту қажеттігін білу, бірінші талап – өзімізге қатысты екенін анық түсінумен қатар, «Сендерге басшы болғандардың ең жақсысы – сендер оны жақсы көрген әрі ол сендерді жақсы көрген басшы; сендер үшін Алла тағаладан игілік тілеген және сендер ол үшін игілік тілеген басшы. Сендерге басшы болғандардың ең жаманы – сендер оны жек көрген әрі ол сендерді жақсы көрмеген басшы; сендер оны лағынеттеген және ол сендерге лағынет айтқан басшы»» (Муслим жеткізген хадис) екенін, «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар. Патша – өз қол астындағылар үшін жауапкер және солар үшін сұралады. Отағасы – отбасы үшін жауапты және сол үшін сұралады. Әйел – күйеуі сыртта болған уақытта, үй шаруасы мен балалардың тәрбиесі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Қызметші – қожайынның мүлкі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Сендер барлықтарың жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар» (Бұхари және Муслим жеткізген) екенін, «Қиямет күні аршының көлеңкесінде болатын жетеудің бірі – әділетті басшы» (хадис) екенін де еш естен шығармауымыз керек.
Басшыға бағыну – уәжіп болса, аманатқа (қол астындағы халыққа, берілген билік пен байлыққа) қиянат жасамау – парыз екенін де еш ұмытпайық!..
Иә, ауылына қарап азаматын таниды, Еріне қарап еліне баға береді! Сонымен қатар: Ел барда Ер тудырмай қоймайды, ал Ері бар елдің еңсесі – биік, ертеңі – жарқын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ