Білім – ақыл мен парасаттың белгісі болған асыл қазына.
Білімді болу алдымызда тұрған үлкен белестеріміз бен мақсаттарымыздың биік шыңы болып саналады. Білім нәрімен сусындаған адамзат рухани тұрғыда көптеген жетістіктерге қол жеткізеді әрі өзіңе жаңашылдық ашуға қабілетті болады. «Бәсекеге қабілетті болу үшін, біз жоғары, білімді ұлт болуымыз қажет»,- деп Н.Назарбаев айрықша атап айтқандай білімге ие болу жас ұрпақтың қолында тұрған қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі.
Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу-өрлеу де болмас еді. Себебі, бұл заман білекке сеніп отыратын емес, білімге сенетін, білімді, сауатты болуды талап ететін заман.
Қазіргі заманда жас ұрпақтың білім алуға деген талпынысы, қызығушылығы өте жоғары деп ойлаймын. ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Адамдардың білім алу деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, жаңа түрлі технологиялар, жаңа бағдарламалар ойлап табылып, білім сапасы артуда. Ізденіп, талпынған адамға білім алу үшін ақпарат көздері жетерлік. Тіпті ешқайда шықпай, бір орында отырып-ақ технологияның арқасында білімімізді жетілдіріп, дамытуға болады.
Білімді болып, дүниеге деген көзқарасының оң болып дамуы әр адамның өзіне байланысты. Біздің елімізде оқимын, дамимын деген адамға барынша мүмкіндік жасалған деп ойлаймын. Қазіргі заманда көзі ашық, көкірегі ояу оқыған, білімді азамат болмасан, бір орында қалып, жан-жақты дами алмай қалуын әбден мүмкін. Сондықтан да әр адам өзі үшін тырысып, ізденуі керек. Ең бірінші кезекте әр ата-ана баласының болашағы үшін, мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап, баласының білімді болып, жан-жақты қалыптасуы үшін жағдай жасауы керек деп ойлаймын. Сол кезде қалыптасып келе жатқан жас ұрпақтың білім-ғылымға деген көзқарасы дұрыс болып, саналы білімді ұрпақ болып қалыптасады.
Білімді адам кез-келген қиын жағдайдан шығатын жолды тауып, өмірде көп нәрсеге қол жеткізуге шамасы жетеді. Адам білімді, сауатты болған сайын оның дүниетанымы кеңейіп, креативті ойлау жүйесі дамып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасап сөйлесу барысында көп нәрсе үйренуге және үйретуге мүмкіндігі арта түседі.
Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалайтын жастар болғандықтан, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне барынша күш салу керек деп ойлаймын.
Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.
Қорыта келгенде әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» деп бекер айтпаса керек, сондықтан да дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға, заман талабына сай болуға талпынып, еңбектенуіміз қажет.
Ж.Байгерей
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің
дінтанушы маманы