Мақалалар

Баланы – жастан…

Бала – әр жаста белгілі бір морфологиялық, физиологиялық, психологиялық және  рухани тұрғыдан үнемі дамып отыратын адамның кемелдену кезеңінің бастауы. Тәрбие – тұлғаны қалыптастыруға бағыттайтын балаға әсер ету процесі. Әр халықтың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктері арқылы адами құндылықтары қалыптасады. «Тәрбие – тал бесіктен» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. «Бала тәрбиесі өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке ғылым иесі болуға тілейтін өнер», – деген М. Жұмабаев. Расында, тәрбие арқылы адамның болашағы, тағдыры шешілетінін байқауымызға болады. Сол себепті балаға тәрбиені ана құрсағында жатқан кезден бастап берген абзал. Медицинада іште жатқан сәбидің өз ата-анасының дауысын танитыны, олардың емірене сөйлегенін ажырата алатыны дәлелденген. Шетел ғалымдары іште жатқан балаға тәжірибе жасап бес айынан бастап, өз елінің ұлттық музыкасын тындатып өсірген. Кейін әлгі сәби дүние есігін ашқанда, сол музыкаға елеңдеп, өзгеше тебіреніспен тыңдағаны айтылады. Міне бала тәрбиесі бесіктен деген осы. Тәрбие барысында, басты қағида етіп баланы өз болмысынан айырып, ата-ана өзінің идеалындағы адам болуына итермелемей, дұрыс шешім қабылдауына бағыт бергені абзал. Себебі, бала проблема емес, керісінше ата-анаға берілген сый, Алланың жіберген аманаты. Ал аманатқа, қиянат жасауға болмайды. Мұндағы аманат сөзі – ескерту. Яғни, «өзімдікі» деп иеленіп, бала құқығын бұзбай, Алладан келген сый екенін білсе қарым-қатынас жасау әлдеқайда жеңіл болады. Қиянаттың өрескел тұсы – баланы өз болмысынан айыру. Болмыс түсінігінің түбірі «болу», «бар болу» деген мағынадан шыққан. Балаға тәрбие беру барысында қиналудың қажеті жоқ. Себебі, әр баланың өз несібесі бар, тіпті ата-ана бойына қосымша қуат та береді. Егер сол қуатты баланың өзіне жұмсап, уақыт бөліп, ойнап шаршамайтын болса, бала өскеннен соң бұзықтық жасап шаршататын болады. Соңғы кездері, көптеген ата-ана жұмысбасты болып, бала тәрбиесін екінші кезекке ысыруда. Бұл, ата-ананың материалдық жағдайына көп мән беріп, моральдық жағынан аса қатты көңіл бөлмеуіне әкеледі. Қазіргі таңда баланы заман талабына сай етіп тәрбиелеуге мектеп бағдарламалары, түрлі қосымша ақпараттық курстар өзгеріп, жаңашаланып, дамып отыр. Мектеп – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Әр шәкірт мектептен үлкен өмірге қадам басады, сол себепті отбасы бала тәрбиесіне қалай әсерін тигізсе, мектеп те дәл сондай маңызды ықпалын тигізеді.

Балаға тәрбие – бесіктен, әуелден басталған. Ата-баба дәстүрімен, дінімен өскен баланың елін, ұлтын сататын азамат болып шығуы екіталай. Себебі,  дінде отбасы мен бала құндылықтарына ерекше маңыз берген. Бала тәрбиесі жайында сөз қозғағанда Хакім Абай атамыздың мына бір нақыл сөзі еске түседі: «Балам жақсы болсын десең ата-ана алдымен өзіңді тәрбиеле» деп тәрбиенің тікелей ата-анадан басталатындығын айтады. Тәрбие болмаса білімнің де, ғылымның да құны болмайды. Оған дәлел Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы!» деген қанатты сөзін айта аламыз. Бала тәрбиесіне қай кезде болмасын, қай ұлтта болмасын үлкен мән берілген. Өйткені, бала – біздің және ертеңгі елдің болашағы. Жапондар – бала тәрбиесіне аса мән беретін ұлттың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Олар бала тәрбиелеуде «ұл» немесе «қыз» деп бөлмейді. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық  –  ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға баулыған. Қатаң қағидалар негiзiнде өскен жапон баласы он бес жастан кейiн тәртiптi, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды айыра алатын толыққанды азамат саналады. «Патша» болып еркiн өскен бала 5-6 жасынан бастап, тастай темiр тәртiпке бағынатын «қиын» күндерге тап болады. Егер бұл тәртiпке бағынбаса, қатаң жазаланады. Жапон баласы үшiн ең үлкен жаза – жалғыз қалу. Отбасы мүшелерiнен бөлек бөлмеде жалғыз отырудан асқан азап болмайтынын сәби күнiнен санасына сiңiрген бала сол жазаға ұшырап қалмауға күш салады. Көпшiлiктен, қоғамнан тыс өмiр сүру түсiнiгi жапондардың ортасында кешiрiлмес күнәмен тең. Ал кәрістер болса балалардың өмірінің басталуы оның бір жасқа толу жасымен есептейді. Осы кезден бастап бала толыққанды адам болып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа толуын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және т.б. тойларын атап өтуге болмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының бір жасын ерекше атап өтуге тырысады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі – сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке баулиды. АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алуы керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Ал бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалайды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу. Екіншісі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану. Отбасында баланы ұру қатаң түрде заң бойынша жазаланады. Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа болып саналады. Қытайлықтар елде бала санына шектеу болғандықтан, жақсы тәрбие беруге тырысады. Дегенмен көп қытайлар отбасы жағдайларына байланысты балаларын ерте жастан-ақ бөбекжайларға береді. Еврейлер отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі, еврейлер «бала танымында маңызды дүние ақша болып қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі» деп топшылайды. Еврей отбасында жұбайлар бір-біріне ерекше құрметпен қарайды. Ата-ана арасында сыйлы қатынас болса, бала өзін батыл сезінеді екен. Олар баланы үнемі мақтап жүреді. Енді үнді тәрбиесіне келер болсақ, олар баланы қатаң ұстайды. Үнді халқында ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездеседі екен. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан бала ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен отау құрады. Испанияда баланы ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Үйге жалғыз тастамайды. 12 жасқа дейін баланы мектепке ата-анасы ертіп апарып, алып қайтады. Баланың танымы кең болып, мансап жолында ірі жетістерге жету жолдарын кішкентайынан құлағына құйып өсіреді. Балаларын өзгелермен салыстыра қарамайды. Отбасын, ұлттық құндылықтар мен үлкендерді сыйлауға баулиды. Германия – тәртіптің елі. Бала тәрбиесінде де бірінші орынға тәртіпті қояды. Ал ата-аналар үшін басты орында – жауапкершілік тұрады. Бала тәрбиесі – тек біздің елімізде ғана емес, өзге елдердің де өзекті мәселесінің бірі. «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Даналарымыздың өсиет етіп қалдырған нақыл сөзін алып қарасаңыз, сөз құрылымы басқа болғанымен, мағынасы бір. Нақыл сөзде, «тәрбие беретін адам, я болмаса ортасы өздері білімді, тәрбиелі, үлгілі болуы керек» деп өсиет етеді. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиешісі көрсін» деген мәтел де соны меңзейді. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпақтарын тәрбиелейік. Г. БЕКЖАН, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»  КММ теолог маманы

 

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля