18 жастағы тұрғын діни алауыздыққа шақыратын кітаптар таратқан
Атырау облысында тыйым салынған діни материалдарды таратқан 18 жастағы тұрғын ұсталды. Күдіктіден діни алауыздыққа шақыратын діни кітаптар тәркіленді. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлімет еткендей, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері бірлескен жедел іздестіру іс-шарасын жүргізген. Сол кезде күдіктінің әлеуметтік желіде діни алауыздыққа шақыратын, тыйым салынған діни материалдарды таратумен айналысқаны анықталған. «Атырау облысының 18 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің уақытша мекен-жайына тінту жүргізу кезінде түрлі діни кітаптар, діни мәтіні бар брошюра секілді айғақ заттар тәркіленді. Қазір күдіктіге қатысты қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу дерегімен қылмыстық іс қозғалды», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі. Еске сала кетелік, бұдан бұрын әлеуметтік желіде діни мазмұндағы сурет жүктеген Атырау тұрғынына айыппұл салынғанын хабарлаған едік.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: 18 жастағы тұрғын діни алауыздыққа шақыратын кітаптар таратқан | Қазақстандағы Ислам