«Отбасылық тәрбие: оның мәні және қоғамдағы атқаратын рөлі»
Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Мұндағы негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау.
Халқымызда «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», деген өмірден түйген даналық өлшемдері, тәжірибемен келген ордалы ой тұжырымдары отбасынан басталатын тәлім мен тәрбиенің ақиқаттығын дәлелдейді.
Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық-тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді.
Отбасы – қоғамның алғашқы ұяларының бірі. Баланы бүгінгі өмір талабына сай азамат етіп өсіру үшін оған жас кезінен дұрыс тәрбие беру қажет.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналар алдына үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында, тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі «ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген.
Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да — балалар, яғни бүгінгі ұрпақ — ертеңгі елдің болашағы.
Отбасының қоғамдағы мақсаты: баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру.
Отбасында баланың жан -жақты қалыптасуына ата — ана мен отбасы мүшелерінің қарым қатынасында махаббат, сүйіспеншілік, адамгершілік, қайырымдылық, әділдік, ұйымшылдық, мәдениеттік қасиеттері және т.б келбетін сақтайтын тұлға тәрбиелеуге керек. Мына жасампаз ғасырда, жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан — жақты білім алуына ең бірінші ықпал ететін — ұстаз болса, оның сүйеніші ата — ана.
Осылайша, кез келген жағдайда қазақ отбасы өз заманының азаматын баладан қалыптастырған тәрбиелеу институты болып қала берді.
«Ақпараттық-талдау орталығының» басшы орынбасары Қ.Құбайдоллаев