ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН РАДИКАЛИЗМ ЖӘНЕ ОЛАРДАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ
Бүгінгі күні әлемдік қауымдастықта ең өзекті де маңызды мәселелердің бірі радикализм мен экстремизм болып табылады. Қазіргі таңда радикализм термині əлемге таныс терминдерінің бірі болып табылса да, бұл терминге қатысты ғалымдар арасында бір пікірлілік жоқ. Қоғамда «радикализм» термині кеңінен пайдаланылады, өйткені «радикализм» термині «экстремизм» жəне «терроризм» секілді терминдермен қатар қолданылады. Бірақ, «экстремизм», «терроризм» жəне «радикализм» секілді терминдер бірге қолданылғанымен, олардың арасында айырмашылық бар. «Радикал» терминінің бірінші айырмашылығы, осы аталған екі терминнен гөрі, позитивті мағынада қолдануға болады. Әртүрлі салаға қатысты қолданылатын радикалды сөзі жақсы жаңалық болуы мүмкін. «Дәрігер радикалды түрде емделушіні емдеді» немесе «президент радикалды реформа өткізді» сыңды мысалдар радикал сөзіне позитивті мағына береді. Ал, «экстремизм» жəне «терроризм» терминдерін позитивті мағынада қолдану мүмкін емес. Батыстық жəне Ресейлік ғалымдардың еңбектерін қарап, радикализм терминін көп мағынада пайдалануға болатынын байқаймыз. Террористік жəне экстремистік топтар көбейгеннен кейін, бұл терминнің түп мағынасы тіптен түсініксіз болып кетті. Радикализм теоретигі М.Ньюменнің пікірінше мынадай болған: «радикал» – «түбегейлі реформаларды қорғаушы»; демократиялық бағыттағы саяси реформалар туралы ең озық көзқарастары бар жəне либералдық партияның экстремалды бөлігіне жатады. Демек, идеология мен саяси тəжірибе (кем дегенде, ұйымға тиесілі) радикализм тұжырымдамасында алғаш рет көрсетілген (Neumann 1988: 230). Байқағанымыздай, анықтама бірінші кезекте саяси саладағы өзгерістерді меңзейді.
Грек жұрнағымен аяқталатын «экстремизм» сөзіне келер болсақ, латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, кандай да бір белгіленген шектен тыс кету деген мағына береді. Экстремизм жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс-әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді.
Радикализмнің негізгі мақсаты ол қалыптасқан əлеуметтік-саяси жүйені жəне институттарды түбегейлі жою деп топшылауға болады. Радикализм осы жерде экстремизмге ұқсас екенін көреміз, бірақ экстремизмнен гөрі, радикализм тек идея ретінде қалуы мүмкін. Радикалды өзгерістерді ұсыну, əрқашан іс-əрекетке өтпеуі ықтимал. Экстремизмге жəне терроризмге де анықтама көп, бірақ бұл терминдер радикализмнен гөрі, анықтамалары нақты
заңда бекітілген.
Жалпы экстремизмді үш бағытқа бөлуге болады. Олар:
- Саяси экстремизм
- Ұлттық экстремизм
- Діни экстремизм.
Өкінішке орай қазіргі таңда экстремизм түсінігі тек діни қозғалыстармен байланыстырылуда.
Діни-саяси экстремизм ол — діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда — терроризм (лаңкестік). XXI ғасырдың соңғы жылдарында діни жағдайлармен байланысқан экстремизм қанатын кең жайып келеді.
Радикализм, экстремизм, терроризмнен қорғану жолдарын ҚР «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» құжатына сәйкес, тыйым салынған заңнамаларды істеуден алшақ тұрумен байланыстырғымыз келеді. Олар:
- Экстремизмді қаржыландыру – жеке тұлғаның не адамдар тобының не заңды тұлғаның іс-әрекетінің экстремистік сипатын, не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызмет түрлерінің экстремизмді жүзеге асыру не экстремистік топты, экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құрылымды қамтамасыз етуден, оларға ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беруден немесе жинаудан, сондай-ақ сыйға тартудан, айырбастаудан, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсетуден, не қаржылық қызметтер көрсетуден алшақ тұрыңыз;
- Экстремистiк әрекеттер – экстремистiк мақсаттағы әрекеттер жасаудан, жария түрде шақырудан, экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттаудан, үгіттеуден және көпшiлiкке жария көрсетудi қоса алғанда, осындай әрекеттердi тiкелей iске асырудан алшақ тұрыңыз;
- Экстремистiк әрекеттерді ұйымдастыру – экстремистiк әрекеттерге басшылық етуден, экстремистiк мақсатта адамдарды азғырып тартудан, құралдар мен қарулар жасау және иемденуден алшақ тұрыңыз;
- Экстремистiк материалдар – экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдарды таратудан алшақ тұрыңыз;
- Экстремистік топ – бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топқа кіруге, бірге қандай да бір акт жасаудан алшақ тұрыңыз;
- Қазақстан Республикасының аумағында мақсаттары немесе әрекеттерi экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған ұйымдарды (филиалдар мен өкілдiктерді) құруға және олардың іс-әрекетінен алшақ тұрыңыз.
- Экстремистік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратудан алшақ тұрыңыз.
- Сонымен қатар, мешіт немесе діни орындарда ҚМДБ имамдары және ұстаздарымен байланыста болыңыз, сұрақтарды тек олардан сұрауға кеңес береміз.
Жоғарыда келтірілген тыйымдар мен қорғану жолдары сізді және сіздің отбасыңызды түрлі діни экстремистік бағыттардан қорғауға көмектеседі. Өзіңізді және айналаңыздағы жақындарыңызды түрлі топтардан сақтаңыз.
Тәуелсіз мемлекет саналы да, көзі ашық ұрпаққа әрдайым мұқтаж. Олай болса, Қазақстанның көркеюіне үлес қосар білікті де, білімді, дәстүрлі дінді ұстанушы ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда.
ДАНАЕВА Назгүл
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан
жапа шеккендерге көмек орталығы»
қоғамдық қорының теолог маманы