ЖАСТАРДЫҢ ДІНИ САУАТТЫЛЫҒЫ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ
Дінге байланысты өзекті мəселелер — діннің қоғамдағы орны, діни тəрбие, діни сауатты болу күн тəртібінен түспек емес. Діни психология екі ғылым тармағының: психология жəне дінтану ғылымдарының қиылысқан жері болып табылады. Дін психологиясының пəні діни адамдардың психологиялық ерекшеліктерін, оның жүріс-тұрыста көрінуін зерттеу жəне олардың діндар емес адамдардан айырмашылығын айқындауға негізделеді. Осы анықтамадан кейін бірден сенушілердің психологиялық ерекшеліктерін қандай ғылым арқылы зерттеуге болады деген сұрақ туындайды. Қазіргі өмір сүріп отырған қоғамымыз сан алуан өзгерістерге ұшырауда. Түбегейлі бетбұрыстар экономика, саясат жəне рухани салаларда кеңінен орын алуда. Қалыптасқан ұғым, түсінік құндылықтар көп ретте қайта қаралып, тіпті қарама-қарсы жағымен де ұштасып отырған жағдай бар. Тоқырау кезеңіне тəн рухани өміріміздің де жұтаңдануының бір көрінісі ретінде жалпы адамгершілік құндылықтармен етене болып кеткен діни құндылықтардан бас тартып, бойымызды аулақ салғанымыз белгілі. Тəлім-тəрбие мəселесін тек қана атеистік негізде жүргізіп, ғасырлар бойы жалпы халық қазынасына айналған, рухани өмірге тұтастай қабысқан дінді, оның жалпы адамгершілік нормаларымен біте қайнасқан құндылықтарын түгелдей теріске шығару, адамдар арасында мейірбандық пен қарапайымдылық, кешірімділік, қамқоршылық, ар-ұят, жанашырлық, имандылық т.б. толып жатқан қасиеттерден қол үзіп қалуға дейін алып келді. Дінге байланысты өзекті мəселелер діннің қоғамдағы орны, діни тəрбие, діни сауатты ашу, дəстүрлі діндер мен дəстүрлі емес діни ағымдардың арасындағы айырмашылықтарды түсіне білу сияқты көптеген мəселелер қатарын құрайды.
Қазіргі қоғамда халық арасында дінге бойұрушылық кеңінен таралу себептері күрделі де əрқилы. Бүгінгі күні тұрақсыз күрделі қоғамда адам басқа еш нəрседен жауап таба алмай жұбаныш сенім, үміт, рухани сабырлықты діннен іздейді, əсіресе, өмірлік тығырыққа тірелгенде əркім де мұқтаж. Қазіргі кезде біздің елімізде адам психикасының қасиеттерін қолдана отырып, өздерін жарнамалап жүрген көптеген дəстүрлі емес діни ұйымдар бар екендігі белгілі.
Соңғы онжылдықтар ішінде біздің қоғам өзінің рухани дамуында зор қадам жасады. Рухани институттардың кең құлашты жандануы өріс алды. Осындай жағдайда демократияланумен қатар, ұлттық, этномəдени жəне діни сана-сезімнің шарықтауымен қатар дəстүрлі емес діншілдіктің, діни экстремизм мен терроризмнің жаңа мəселелері туындады. Дəстүрлі емес діншілдіктің мəселелері өзінің əлеуметтік, мəдени жəне конфессионалдық сипаттамалары бойынша алуан түрлі келетін елдердің жұртшылығының əлі күнге дейін ерекше назарында қалып отыр. Қоғамның рухани күйіне, дамуына жəне мақсатты бағдарлары қалыптасып жатқан жастар қауымына діни əр алуандылық, діни басқыншылық қаншалықты əсер етуде, оған қарсы тосқауыл бар ма? Бұл сауалдар өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Діни экстремизм əлемдік діндердің не жаңа діни қозғалыстардың нəтижесі болмағанымен, діни фанатизм, діни фундаментализмді саяси мақсатта пайдалану белең алуда. Яғни, бұл мəселелерге дер кезінде сауатты шаралар қолдану үшін жаңа діни бірлестіктердің, қозғалыстардың табиғатын, мəнін, пайда болу себептерін жəне əрекеттік стратегияларын теоретикалық-əдістемелік тұрғыда анықтап алуымыз қажет. Соңғы жылдары «жана діни ағымдар» ұғымы жиі қолданылуда. Осы мəселе төңірегінде пікірталастар орын алуда. Біреулер ЖДА-ның діни экстремизмге қатыстылығын жоққа шығарса, екінші біреулері адамзатқа, əсіресе, жастарға көптеген қауіп түрлерінің көзі деп есептейді. Шындығында, жаңа діни қозғалыстардың басты қиын мəселелерінің бірі олардың нақты анықтамасының жоқтығында болып отыр. Жаңа діни ағымдар мəселесі екі кеңістікте анықталған – бұқаралық мəдениет жəне діни танымдық. Бұқаралық санада ЖДА «секта» ұғымымен байланыстырылса, дінтану көбіне 20 ғ. 60-70 жж. қалыптасқан, діндердің дамуының тұрақты элементіне айналған діни қозғалыстарды жатқызады. Жаңа діни қозғалыстар қазіргі таңдағы дəстүрлі емес діндердің ең үлкен жəне маңызды тобы ретінде, Е.Г.Балагушкиннің пікірінше, өз кезегінде, бірқатар жіктелулерге бөлінеді, олардың əрқайсысы əлеуметтік ақиқатқа жəне қоғамда ресми танылған діни ұйымдарға деген ерекше қатынасымен өзгешеленеді. Бұл, біріншіден, қазіргі заманғы əлем мен бізге замандас адамды түбірлі жаңартуға талпынатын діннің түрі; содан кейін – бейбіт-күрестік жолды ұстанатын қарсылықтық сипаттағы дін; соңында, қазіргі əлемді қабылдамайтын жəне оны ауыстырғысы келетін балама түрлері. Ал, Тимощуктің пікірінше, жаңа діни бірлестіктерді сипаттық белгілеріне сай жіктеуіміз қажет, біріншіден, зерттеушілер ерекше əлеуметтік құрамды – дінге сенгендердің бірінші ұрпағын айырып көрсетеді. Олар орташа тоғышарға қарағанда, «жоғалтатын ештемелері жоқ» жəне өмірдің қызығын əлі толық көрмеген жас адамдар. Екіншіден, ЖДА-ң ең ерте сипаты харизмалық тұлғаның болуы, үшіншіден, ЖДА-ң көбісі өздерінің əдептерін өзінің ғана емес, ұжымдықтың да құтқару идеясының айналасына біріктіреді. Ол үшін ізбасарлар діни уағыздау мен ілімді жанжақты таратумен айналысады. Яғни, көріп отырғанымыздай, ЖДА-ның табиғатының дəстүрлі діндерден айырмашылығы: бұрыннан қалыптасқан дінді «бұзылды», оны жақсартамыз жəне «осы өмірдің озбырлығынан» қамқорлыққа аламыз деген қағидаларды алға тартуында, бұл – бір, екінші – қазіргі замандағы ЖДА-ң қоғамдық түр-тұлғасын, олардың таралу қарқындарын жəне əлеуметпен өзара қарым-қатынас жасауын анықтайтын ең ерекше белгілері ХХғ. екінші жартысындағы жаһандық жағдайдың салдары. Ең алдымен, ол əлемді қаншама есе кішірейтетін жаһандану мен ақпараттанудың күрделі процестері. ХХғ. 90 жылдарында, мысалы, Жапония, АҚШ немесе Африкада қалыптасқан қозғалыстың филиалдары əлемнің түкпір-түкпірінде көзді ашып-жұмғанша пайда бола бастайды; діни өмірдің жаңа түрлері туралы ақпарат лезде таралып, оған əрбір адамның қолы жетерліктей жағдайға жетеді, ал Интернет жүйесі болса ЖДА-ның жақтастарының арасындағы байланысты шапшаң жəне сенімді етті. Интернет те, жаңа қарқындағы білім де, субмəдениет те жастардың өміріне елеулі əсер етеді, осыған байланысты жастар туралы ерекше айта кету керек. Соңғы жылдарда жастардың дəстүрлі емес діндердің шырмауына түсуінің шынайы қаупі төніп тұр. Əрбір секта жас, қайраты тасып тұрған кəсіби кадрларға айрықша мұқтаж болатыны мəлім. Сондықтан жастар, əсіресе, студенттер «жаңа діни ағымдардың» ерекше назарында болатыны анық. Жастық шақта өмірдің мағынасын табу мəселесі əрбір жасты айрықша алаңдататыны баршамызға мəлім. Өкінішке орай, ата-ананың көбісі өз балаларының рухани тілектерін қанағаттандыра алмайтындықтан, балалар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауаптарды басқа жақтан іздеуге мəжбүр болады. Ал көп жағдайда жастық шақтық албырттық пен абайсыздық оларды діни тұйыққа əкеліп тірейді: жастар руханилықтың қандай да сұлбасы бар бірінші кездескен нəрсеге естүссіз беріле кетеді. Нақты осы жағдайды «жаңа» діни қозғалыстардың көшбасшылары өз мүдделеріне қарай қолдана бастады. Өздерінің шырмауына жастарды түсіру үшін олар адам жанының нəзік пернелерін дөрекі түрде болса да басуды үйренді. Сонымен қатар «жаңа» діндерде жарнама мен өз ілімін зорлап оқыту тактикасы кəсіби түрде кең жолға қойылған. Осылай, жаңа діни ағымдар ауыспалы кезеңнің қиындықтары мен қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың дағдарысын өздеріне ұтымды етіп пайдаланып, дінге сенушілерді тарту қауіпін төндіруде. Жалпы, дін мəселесіне деген көзқарас дін тазалығын сақтау, дін мен дəстүрдің үйлесімділігі, жастармен зайырлы тəрбиені күшейту шараларын жүйелі жүргізу, БАҚ-тың дінге қатысты жауапкершілігін арттырумен ұштасуы қажет.
Осылардың барлығы тұлғаның дəстүрлі емес психологиялық ахуалды іздеуіне əкеліп соғады. Осындай жағдайда жебеуші болып, ерекше өзара махаббат пен сенім орнаған əртүрлі діни ағымдар табыла кетті. Өз іс-əрекеттеріне тарту үшін олар бұқаралық ақпарат құралдарының арналарын қолданады.Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы өз тегін курстарын немесе басқа да жиналыс ұйымдарын жарнамалайды.
Себебі қазіргі таңда діни сауаттылығы əлі қалыптасып үлгермеген өрімдей жастарымыз сан алуан діни ағымдардың жетегінде кетіп, өмірден өз орындарын табуда адасушылық себептері де осыған дəлел бола алады. Бұл көпшілікке ой салатын, баршамызды алаңдататын күрделі де қиын мəселе. Олай болса, жастарымыздың діни сауаттылығын арттыру қажеттілігін туғызады.
ОЛЖАБАЙ Нұрлан
«Шапағат» деструктивтік діни
ағымдардан жапа шеккендерге
көмек орталығы» қоғамдық қорының
теолог маманы