«Деструктивті діни ағымдағы адамдармен жүргізілетін оңалту жұмыстарының әдіс-тәсілдері»
25 ақпан күні Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының арнайы шақыртуымен Нұр-Мүбарак университетінің профессоры Жоламан Бұланұлы Орталықтың теолог мамандарына арналған «Деструктивті діни ағымдағы адамдармен жүргізілетін оңалту жұмыстарының әдіс-тәсілдері» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру семинарын өткізді. Қатысушылар саны – 25 теолог.
Семинар барысында дәріскер Жоламан Бұланұлы деструктивті діни ағымдардың пайда болуына және қоғамда белең алуына әсер етіп отырған сыртқы және психологиялық факторларды атап өтіп, әлеуметтік проблемаларға да тоқталды. Олардың Исламның қадір-қасиетін жою үшін әртүрлі кереғар қате түсініктер қалыптастырып жатқанын алға тартты.
Жалпы ДДА ұстанушы тұлғалар жан-жақты көзқарастардың қалыптаспауы себепті буквализм дертіне ұрынып, «Мен дінді жаюым қажет» деген түсінікті қате қабылдайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, ДДА өкілдерін қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімдеу туралы баяндап, бірнеше әдіс-тәсілдерін ұсынды
Семинарға қатысушылар арнайы қонаққа сұрақ қою арқылы өзара пікір алмасып, өздерінің ғылыми және тәжірибелік пікірлерін ортаға салды.
Аталған біліктілікті арттыру курсының теологтардың кәсіби деңгейін арттыруда маңызы зор болды.
Айсұлу ЖЕКСЕНОВА
«Шапағат» ҚҚ-ның баспасөз маманы