Мақалалар

Қазіргі жалған сопылықтың көріністері және шын сопылықтың өлшемі

Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында сопылық ұғымы тек пікір қайшылығының көзі ғана емес, рухани ізденіс пен мәдени мұраны қайта бағалаудың нысанына да айналып отыр. Көпшілік үшін «сопылық жолы» адамдардың ішкі жан дүниесін тәрбиелеуге, нәпсіні тыйып, рухани кемелденуге бағытталған ілім. Бұл тұрғыдан алғанда, сопылық тек діни бағыт емес, сонымен бірге этика, тәрбие және өмір сүру мәдениетінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Әлемдік деңгейде сопылыққа деген көзқарас әртүрлі болғанымен, оны рухани тереңдік пен адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын ілім ретінде бағалайтындар да аз емес. Сондықтан бүгінгі таңда сопылықты тек дау-дамайдың тақырыбы ретінде емес, оның тарихи, мәдени және рухани қырларын жан-жақты зерттеу қажеттілігі артып келеді.

Қазіргі таңда діни сана-сезімнің жандануымен қатар, діни ұғымдардың бұрмалануы да кең таралуда. Соның ішінде сопылық ілімге қатысты қате түсініктер қоғамда жиі көрініс табуда. Кейбір тұлғалар өзін «пір», «рухани жетекші» ретінде таныстырып, өздерінің жеке пікірлері мен әрекеттерін ислам дінімен және сопылықпен байланыстыруға тырысады. Алайда мұндай көзқарастарды ғылыми тұрғыдан талдау – уақыт талабы.

XXI ғасырда қоғамда дін, руханият және ислам ілімдері туралы пікірлер кең таралып, түрлі көзқарастар қалыптасып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында жария-ланған кейбір сұхбаттарда нақышбандия жолы, пір мен шәкірт арасындағы байланыс, сондай-ақ неке мәселелері төңірегінде даулы пікірлер де айтылып жүр. Алайда мұндай тұжырымдардың бірқатары ислам шариғатының негізгі қағидаларына сай келе бермейді.

  1. Сопылықтағы негізгі қағида – шариғатқа сәйкестік

Сопылық — жаратушыны тану әрі оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді. Ибн Халдун өзінің «мұқаддимасында» былай дейді: «Сопылық білімі кейін пайда болған шариғи ғылымдарға жатады. Алайда, сопылық жолының негізі мен мәйегі белді сахабалар мен табиғиндерде және олардың артынан келгендерде ақиқат пен һидаят жолы ретінде бар болатын. Бұл жолдың негізі – құлшылықта тереңдеу, тек Аллаға ғана берілу, дүниенің сән-салтанатынан бас тарту, көпшіліктің жүгіре ұмтылатын мал-мүлік пен мансапқа, рахат пен ләззатқа бату секілді нәрселерді жүрегімен тәрк ету, елден оңашаланып Аллаға құлшылық жасау. Бұлардың бәрі жалпы түрде сахабаларда, үмбеттің алғашқыларында бар болатын. Екінші және одан кейінгі ғасырларда адамдар дүниеге ұмтыла бастады. Міне, сол кезде құлшылыққа берілген жандар «сопы» деген атпен таныла бастады». Имам әл-Қушайри сопылықтың һижри жыл санауы бойынша екінші жүз жылдықтың алдында пайда бола бастағанын айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) бақилық болғаннан кейін мұсылмандар «сахабалар» деген аттан өзге айдармен танылған жоқ еді. Өйткені, «сахаба» дегеннен артық дәреже де жоқ болатын. Кейіннен адамдар, мәртебелері де өзгере бастады. Сөйтіп, аса діндарларға «әз-зүһһад» (дүниені жүрегімен тәрк етуші), «әл-Ъүббад» (құлшылығы мол адамдар) делінетін болды. Одан кейін бидғаттар бой көтере бастады. Әр топ өздерін «зүһһад», «ъүббад» дейтінді шығарды. Сол кезде Аллаға шынайы беріліп, ғафылдықтың барлық жолдарынан өздерін сақтай білетін әһлү сүннетті ұстанатындардың озықтары «тасаууф» есімімен ерекшеленді. Һижри бірінші жүз жылдықтың соңында аталмыш ұлыларға «сопы» деген ныспы кең қолданыла бастады».

Сопылықтың тақуалыққа, тәубеге, нәпсі тәрбиесіне шақыратынына ешбір дау жоқ. Өйткені сопылықтағы амалдардың барлығы да Ислам дінінде толық бар. Сопылық, шариғаттан бөлек жол емес, керісінше оның ішкі мәнін терең түсіндіретін ілім. Ұлы ғалым Имам Раббани: «Шариғатқа қайшы келген әрбір хәл – адасушылық» — деп атап көрсеткен. Бұл қағида сопылықтың басты өлшемін анықтайды. Яғни, кез келген рухани тәжірибе Құран мен сүннетке сәйкес келуі тиіс. Ислам діні бұл істерді құптап, амал етуге шақырады. Алайда сол көне замандардың өзінде сопылықтың атын жамылған адасқан ағымдар болды. Қазіргі уақытта да мұндай ағымдар кездеседі. Адасқан сопылық бағыттың өкілдерінің кейбіреуі әруақтарға сыйынса, енді біреулері сиқырлық және сәуегейлік жолға түскен. Біз, яғни Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары фиқһ (амал) ілімінде имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабында, ақида (сенім) ілімінде имам Матуриди ұстанымында, ахлақ (тариқат) ілімінде Нақшбандия жолындамыз. Бір сөзбен айтқанда, оны «әһлі сүннет уәл жамағат» деп атайды.

Қазіргі таңда көптеген адамдардың сопылық жолды ұстанып, үлкен қателіктерге жол беріп жатқаны ақида және фиқһ ілімін үйренбегендіктен туындап отыр деп білеміз. Өйткені Имам Мәлик ибн Әнәс:

«Кімде-кім тасаууфты ұстанып, фиқһты (яғни ақида мен фиқһ) білмесе, онда дінсіз болғаны. Фиқһты біліп, тасаууфты ұстанбаса, онда пасық болғаны. Ал осы екеуін бірге ұстанса, онда шыңға шыққаны» — дейді. Сопылық деген атау кейіннен шыққанымен, шариғат дереккөздерінде әу бастан бар. Алайда ақиданы, шариғатты білмей тұрып сопылықты ұстану адасуға әкеліп соқтыруы мүмкін.

  1. Нақшбандия тарикатының ұстанымы

Нақшбандия XIV ғасырда Бұхара өңірінде Бахааддин Нақшбанд негізін қалаған сопылық бағыттардың ішінде кең таралған және ықпалды тариқаттардың бірі болып саналады. Нақшбандия ілімі рухани кемелдену мен қоғамдық өмірді қатар ұстануды маңызды деп есептейді. Бұл бағыт дүниеден оқшаулануды емес, керісінше қоғам ішінде белсенді болуды, адал еңбек етуді және рухани тәртіпті сақтауды насихаттайды. Бұл тариқат Орталық Азияда кеңінен таралып, кейін Түркия, Үндістан және Таяу Шығыс аймақтарына да жетті. Оның рухани өзегі адамның ішкі жан дүниесін тазарту, өзін-өзі бақылауды күшейту және амал мен сенім арасындағы үйлесімді сақтауға негізделген. Уақыт өте келе нақшбандилік дәстүр кейбір өңірлерде тек рухани ортада ғана емес, әлеуметтік және мәдени кеңістікте де ықпалды рөл атқарып, қоғамның діни өміріне әсер еткен бағыттардың біріне айналды.

Нақшбандия тариқатының негізгі қағидалары:

— шариғатқа бағыну

— Пайғамбар сүннетін ұстану

— рухани тіртіп пен әдептілікті сақтау.

  1. Жалған сопылықтың белгілері

Сопылық ислам руханиятындағы ең нәзік әрі терең бағыттардың бірі ретінде адамның ішкі жан дүниесін тазартуға, нәпсіні тәрбиелеуге және Аллаға жақындауға үндейді. Алайда тарихта бұл ілімнің шынайы мәнінен алыстап, сыртқы көрінісін ғана сақтап қалған немесе оны өз мүддесіне пайдаланған кейбір ағымдар да кездескен. Мұндай құбылыстарды шартты түрде «жалған сопылық» деп атауға болады.

Жалған сопылықтың басты ерекшелігі – рухани тәрбие мен шариғат талаптарын екінші орынға ысырып, орнына жеке бедел, ерекше статус немесе мистикалық тәжірибелерді алға шығаруында. Кей жағдайда діни ұғымдар бұрмаланып, адамды рухани жетілдірудің орнына соқыр еру, асыра құрметтеу немесе негізсіз сенімдер қалыптастыруға бағытталады. Бұл өз кезегінде исламдағы білімге, әділетке және жауапкершілікке негізделген қағидаларға қайшы келеді.

Шынайы сопылық әрқашан шариғатпен тығыз байланысты болса, жалған түсініктер көбіне осы байланысты әлсіретеді. Нәтижесінде діннің ішкі мәні емес, сыртқы ритуалдар немесе тұлғалық культ алдыңғы орынға шығып кетеді. Мұндай жағдай қоғамда түрлі түсінбеушілік пен діни алауыздыққа себеп болуы мүмкін.

Сопылардың некеге қатысты кейбір айтылып жүрген пікірлері мен ұстанымдарының барлығы бірдей ислам шариғатының талаптарына сай келе бермейді. Мысалы, некені тек ауызша айтылған жеңіл сөзбен бекіту, әйелді біреуге «беру» секілді түсініктер немесе белгілі бір әдет-ғұрыпты діни дәлел ретінде көрсету – діннің құқықтық әрі рухани негіздерін үстірт қабылдаудың көрінісі. Сол сияқты мәдени-ұлттық ерекшеліктерді ислам қағидаларымен шатастырып, «әдет солай» деген уәжбен діни үкім шығару да дұрыс ұстанымға жатпайды. Исламда әрбір үкім Құран мен сүннетке, сондай-ақ сенімді ғылыми түсіндірмелерге сүйеніп айқындалады. Адамның ұлты немесе мәдени болмысы оның діни ұстанымын алмастырмайды және діннің әмбебап қағидаларын шектеуге негіз бола алмайды. Сондықтан мұндай қате түсініктерді дәстүр мен діннің ара жігін ажырата отырып қарастыру қажет. Шынайы ислам ілімі әрқашан әділетке, жауапкершілікке және адам қадірін сақтауға негізделген.

  1. 3. Исламдағы неке және әйелдің мәртебесі

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Әйел – ер кісінің екінші жартысы» — деген (Айша анамыздан Ахмад риуаят еткен). Алла Тағала әйел баласын ерекше нәзіктікпен әрі көркем болмыспен жаратты. Оның бойына мейірім мен сабыр сыйлап, өмірдің түрлі сынақтарын жүрегімен көтере алатындай төзім берді. Сонымен қатар, ұрпақ жалғастыру секілді ұлы жауапкершілікті атқара алуы үшін оған күш-қайрат пен рухани беріктік дарытты. Әйел,  тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ер адамның да рухани тірегі. Оның даналығы мен мейірімі ерінің иманының кемелденуіне, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Құранда: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар» (Ниса 4:19) деп бұйырылады. Бұл аят ер адамның әйелге деген қарым-қатынасы мейірім мен жауапкершілікке негізделуі тиіс екенін көрсетеді. Сондай-ақ «Олардың арасына сүйіспеншілік пен мейірім қылды» (Рум 30:21) аятында неке тек әлеуметтік келісім емес, сонымен қатар рухани байланыс екені баяндалады.

Ислам діні әйел баласын ана ретінде қараған. Пайғамбарымыз (с.а.с) жеткізген хадистерде: «Жұмақ – аналардың табанының астында» деген өсиет пен «Кімге жақсылық жасайын?» деген сұраққа үш мәрте «Анаңа» деп жауап беруі – ананың қоғамдағы орны ерекше екенінің дәлелі. Құранда Алла Тағала: «Ерлердің әйелдердегі хақтары қандай болса, әйелдердің де ерлерде сондай хақтары бар» («Бақара» сүресі, 228-аят) – дейді. Яғни осы аятта әйел мен ер адамның ізгі амалдарда, ақыреттегі сый-сауапта тең екендігі ескертіледі. Сонымен қатар, олардың бір-біріне қатысты құқықтары мен міндеттері әділдік пен ізгілікке негізделетіні баяндалады.

Мейірім мен шапағаттың үлгісі болған Пайғамбарымыз (с.а.с) әйел затына ерекше ілтипатпен қарауды өсиет еткен. Ол әйелді жай ғана отбасының мүшесі емес, Алланың ер-азаматтарға тапсырған аманаты ретінде танытып: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп ескерткен. Сондай-ақ: «Сендердің ең жақсыларың  –  отбасыңа жақсы қарағандарың» – деп, нағыз ізгілік пен көркем мінездің өлшемін отбасыға деген қарым-қатынаспен байланыстырған. Осылайша, ислам ілімі әйелді құрметтеуді  –  имандылықтың ажырамас бөлігі ретінде ұсынады.

Сопылық ілімде әйел заты ерекше құрмет пен рухани қадірге ие. Сопылардың түсінігінде әйел тек отбасының мүшесі немесе әлеуметтік рөл атқарушы ғана емес, сонымен қатар рухани кемелдену жолында адамды тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды тұлға ретінде қарастырылады. Шынайы сопылық дәстүрлерде әйелге мейірім, ізет және әділет тұрғысынан қарау басты қағидалардың бірі болып саналады. Бұл бағытта әйелдің құқығын шектеу немесе оны төмендету емес, керісінше оның рухани және адамгершілік болмысын құрметтеу алдыңғы орынға шығады. Тарихта сопылық ортада әйелдер де рухани ізденіске қатысып, тақуалық пен сабыр, ізгілік пен тазалықты өмірлік ұстаным еткен тұлғалар болған. Олар кейде ұстаздық деңгейге дейін көтеріліп, рухани тәрбие жолында ықпал еткен. Жалпы алғанда, сопылық дүниетанымда әйелге деген көзқарас исламның негізгі қағидаларымен үйлесіп, адамды жынысына емес, тақуалығы мен көркем мінезіне қарай бағалау ұстанымына негізделеді.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Әйелді өзімен кеңеспей күйеуге беруге болмайды, ал қызды рұқсатын алмастан күйеуге беруге болмайды» (Муслим) — деп нақты ескерткен. Бұл әйелдің еркіндігі мен құқығын қорғаудың айқын дәлелі. Осыған сүйене отырып, әйелді «беру», «тәбәрік ету» сияқты түсініктер исламға мүлде қайшы екені анық байқалады. Нақшбандия тарихында әйелді біреуге «сыйлау» немесе отбасылық қатынастарға бұлай араласу секілді әрекеттер кездеспейді. Имам әз-Заһаби, «Егер ғалым сопылықтан, құдайшылықтан жұрдай болса, онда ол – бекершілік. Ал сопылық жолын ұстанған адам сүннет ілімінен жұрдай болса, онда ол тура жолдан адасыпты» —  дейді. Имам Ғазали еңбектерінде шынайы сопылықтың негізі – нәпсіні тәрбиелеу және көркем мінез екені көрсетілген.

Қорытындылай келе, ислам ілімінде барлық рухани және әлеуметтік ұстанымдар шариғат өлшемдеріне сай болуы шарт. Сопылық дәстүрлер мен тариқат жолдары да осы негізден ауытқымауы тиіс. Діннің басты мақсаты адамды көркем мінезге, әділдікке және жауапкершілікке тәрбиелеу екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, әйелді сыйлық ретінде қарастыру немесе оны «тәбәрек» ретінде біреуге беру сияқты түсініктер исламның неке институтына да, адам қадіріне қатысты қағидаларына да қайшы келеді. Неке тек өзара келісімге, ризашылыққа және заңды жауапкершілікке негізделген қасиетті байланыс болып табылады. Әйелдің құқықтары мен мәртебесі нақты бекітілген, әрі ол ешқандай жағдайда зат ретінде қарастырылмайды. Сондықтан мұндай қате түсініктерді дәстүр немесе діни амал ретінде қабылдамай, оларды шариғаттың негізгі қағидалары мен сенімді дереккөздер арқылы дұрыс түсіну маңызды. Исламдағы отбасы құндылықтары әрбір тараптың қадір-қасиетін сақтауға және әділетке негізделген берік қоғам құруға бағытталған.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты, теолог

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының мүшесі

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 1224Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля