XIX-XX ғасырлардағы жәдидшілік қозғалысының қазақ дүниетанымына ықпалы
Ислам әлеміндегі модернизация мәселесінің өзектілігі соңғы уақыттары барынша артып отыр. Мұсылман халықтары терең модернизациялық үдерістерді бірнеше рет бастан кешірді, қазіргі таңда да осындай үдерістер жүріп жатыр. Мұсылман елдерінде орын алған модернизациялық үдерістердің ең бір айтулысы ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей империясында өмір сүрген түркі-мұсылман халықтары арасында кең таралған «жәдидшілік» қозғалысы болды. Жәдидшілік Еділ-Орал, Қазан, Қырым өлкелерінде бастау алып, сол кезеңде орын алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс ретінде XIX ғасырдың басынан бастап, Кеңес Үкіметі орнағанға дейін кең тарады. Жәдидшілік идеясы аз уақыттың ішінде-ақ Түркістан өлкесіне, оның ішінде қазақ даласындағы ағартушылыққа өз ықпалын тигізді. Алаш зиялыларының басында болған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабай және Ы.Алтынсары сынды ұлт қайраткерлері жәдидшілік көзқарасты кеңінен насихаттап, діни-тәжірибелік қолданысқа енгізген болса, олармен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ғұмар Қараш, Шаймерден Қосшығұлұлы, Науан Хазірет және Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлер де қызмет етті. Абай Құнанбайұлының шығармаларынан да жәдидшілік нақышты көруге болады. М.Дулатұлы, М.Жұмабай, Б.Майлин сынды қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері Уфадағы ислам университеті саналатын «Ғалия» медресесін тәмамдағаны белгілі. Бұл медресе өзінің жаңа оқыту әдістерімен, озық жүйесімен атағы шыққан жәдидшілік бағыттағы оқу орны болған. Сол уақытта патшалық орыс үкіметінің қазақтарға қарсы жүзеге асқан қанау саясатына қарсы елді қараңғылықтан ояттыруға бағытталған М.Дулатұлының «Оян қазақ», А.Байтұрсынұлының «Маса», Б.Ержанұлының «Тұр қазақ», Ә.Арғынидің «Жатпа қазақ» сияқты кітаптары ағартушылық сипатта жазылып, халық арасында кең таралды. Сондай-ақ, қазақ тілінде «Дала уалаяты газеті», «Түркістан уалаяты газеті», «Серке газеті», «Қазақ газеті», «Айқап журналы» сынды бұқаралық ақпарат құралдары мәдени-ағартушылық және қоғамдық-саяси мәселерді қозғап, жәдидшілік идеяларын бүкіл елге насихаттады. «Жәдид» сөзі араб тілінен аударғанда «жаңа» деген мағынаны береді. Жәдидшілік қозғалысы мәдени-ағартушылық, зияткерлік бағыттарынан бөлек мұсылмандық білім беру саласында, оны реформалау, жаңарту, модернизациялау мақсатында пайда болды. Қозғалыс, бастапқыда діни дүмшелік пен фанатизмге, буквализм мен догматизмге заманауи өркениеттің білімі мен ғылымын қарсы қою арқылы ұлттық сана мен мәдениеттің рухани баюы, толығуы мен өсуін қалыптастырып, Батыс өркениетіне қарсы нағыз шынайы исламдық интеллектуалдылықты қалыптастыруды көздеді.
Осы жерде айта кететін жағдай, жәдидшілер жалпы исламға қарсы күрескен жоқ, керісінше, орта ғасырдан бері құлдырау кезеңінде келе жатқан исламды дағдарыстан алып шығып, оның ары қарай өркендеуіне жол ашуға тырысты. Жәдидшілік түркі тілі мен әдебиетін дамытуды, зайырлы пәндерді үйретуді, ғылыми жетістіктерді пайдалануды, әйелдердің теңдігін орнатуды басты ұстаным етті. Жәдидшілік қозғалысының Қазақстандағы ірі өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлы екені белгілі. Ол халық арасында исламның дұрыс түсінігін насихаттауда көп еңбек сіңірді. Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» атты кітабында исламның өркениетке, ғылымға қайшы келмейтіндігін дәлелдеп жазған. Кітаптың үлкен бөлігі шариғаттың негізгі қағидаларын түсіндіруге арналған. Шәкәрім, іс жүзінде Құранның негізгі мәтінін қазақ тіліне алғашқы аударушылардың бірі болды. Ресейдің Қырым, Қазан, Башқұрт өлкелерінде жәдидшілік бағыттағы мектеп-медреселер ашылған соң қазақ жерінде де жаңа әдіспен оқытуды жүргізетін оқу орындары ашылды. Тарихшы-зерттеушілер XX ғасырдың басында қазақ байларының қаражатына Жетісу, Сырдария, Торғай, Ақмола, Түркістан өлкелерінде көптеген мектептер мен медреселер ашылып, онда мыңдаған жастар оқығандығын дерекпен келтіреді. Олардың атақтылары қатарында атап айтқанда, Верныйдағы Ғабдулуәлиевтер, Ақсудағы «Мамания», Қапалдағы «Якобия», Зайсандағы «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыдағы «Әмирия» және тағы басқа медреселер болған. ХІХ ғасырда Батыста орын алған қоғамды дамытудың жаңа үрдістері Шығыс халықтарына да ықпал етпей қоймады. Осы кезде мұсылман әлемінің алдында үлкен таңдау тұрды: рухани және әлеуметтік-экономикалық салаларда белсенді түрде реформа жүргізу арқылы халықты өркениетке алып шығу немесе әлемдік қауымдастықтың артта қалған бөлігі ретінде Батыстың боданында қала беру. Бұған дейінгі әртүрлі халықтардың тарихи тәжірибесі реформаны білім беру жүйесінен бастау керек екенін көрсетіп берген болатын, өйткені халықтың сауатты бөлігі, кейінірек қоғамның барлық салаларындағы реформалардың жүруіне ықпал етеді. Жәдидшілер білім беру саласындағы реформадан бастап, кейінірек қоғамдық өмірдің барлық салаларында – баспа ісінде, театрда, тіпті, саяси салада да модернизациялық үдерістерді іске асыра бастаған еді. Өкінішке орай, бұл үдеріс коммунистік большевиктердің билікке келуімен тоқтап қалды. Осы тұста тарихтың балама дамуы теориясын қолданатын болсақ, большевизм келіп килікпегенде, жәдидшілік идеяларының іске асуы ешқандай тап күресінсіз-ақ, қырып жоюларсыз-ақ, өркениетті жолмен қоғамды дағдарыстан алып шығуы мүмкін еді деген қорытынды жасауға болады. Ақбай Еркебұлан Ахметұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: XIX-XX ғасырлардағы жәдидшілік қозғалысының қазақ дүниетанымына ықпалы | Қазақстандағы Ислам