Жастар — ел болашағы

Ұлттың бүгіні мен келешегі  – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады.

Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін — рухани құндылықтарды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. «Қазақ жастары рухани-адамгершілік құндылықтарды қайдан алады?» деген мәселе бар.

Осыған қатысты «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылды.

Яғни, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар алдында жастарды қазақ қоғамындағы дәстүрлі діндердің маңызын ұғынуға шақыру, рухани құндылықтарды насихаттау және түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге тәрбиелеу туралы мәселе тұр. Сондай-ақ, елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып,  мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпақ  дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.

Діни сауаттылықты арттыру арқылы адамның қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан, діни сауаттылықтың адам санасының оңды дамуындағы рөлі маңызды болмақ.

Қазіргі таңда дінге бет бұрған жастарымыздың арасында діни сауаттылықты арттырамын деген желеумен Ислам мемлекеттеріне барып, сан соғып, алданып келушілердің саны көбейді. Соның нәтижесінде діни сауаттығының таяздығынан жат елде алып жатқан ілімінің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын алып, бүгінде ел арасына іріткі салып жүрген жастар да аз емес.

Діни сауаты кешегі атеизм мен Исламның ортасында қалқып тұрған қазақтың кез-келген азаматы осы теріс пиғылды ағымдардың тұзағына түскендерін аңғармай-ақ қалады. Осыларды ескере отырып, бүгінгі таңдағы біздің басты мәселеміз – діни сауатсыздық, жастардың санасы улануының алдын алу деп ойлаймын. Өйткені «іштен шыққан жаудың» қазақта қандай жаман атқа ие екендігін біз жақсы білеміз.

Мемлекетте сауатсыздықтың салдарынан діни ахуал күрделеніп, әлі күнге дейін нақты шешімін таба алмай келеді. Бұл көрініс елді алаңдатып, осыған сәйкес, әр өңірде мемлекеттің дін саясатын негізге ала отырып, түрлі іс-шаралар қолға алынған.

Өңір бойынша атап өтсем,  Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығы» КММ-нің тапсырысымен «Жастар ортасында  діни радикализм идеологиясы таралуының алдын алуға, дәстүрлі сана мен қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шараларды өткізу» бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жұмыстар бойынша облыс жастарының діни сауаттылығын арттыру, экстремизмнің алдын-алу, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, дін саласындағы ақпараттық-ағарту бойынша жұмыс жүргізу мақсатында ашық алаңдарда кездесулер, интеллектуалды ойындар, шығармашылық сайыстар, спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Облыс жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және қордаланған діни ахуалды оңалтуға қатысты Дін істері басқармасы бірқатар іс-шаралар атқарып келеді. Мәселен, жыл басынан бері жылы 22 000 астам адамды қамтыған 234 іс-шара өткізіліп, оның ішінде жастар арасында әр түрлі форматта 176 іс-шара өтіп, 10 000 астам адамды қамтыды.

Әйтседе, жастардың біршамасы мұндай ізгі амалдарға немқұрайлы қарап, өз беттерінше ғаламтор беттеріндегі белгісіз мәліметтердің ақ-қарасын ажыратпай, бойына сіңіріп, оны өз ортасына жая бастайды. Қазіргі теріс ағым өкілдері үшін де өз мақсаттарын ұтымды пайдалануда ғаламтор өте тиімді болып отыр. Сондықтан, ғаламтор беттерінде діни сауаттылық жайлы көптеген тақырыптар қозғалу қажеттігін ерекше атап өткім келеді.

Қазіргі таңдағы ұлтқа қарсы, отаныңды қорғауға қарсы итермелейтін жат дүниелердің жастардың рухына орналасуының негізгі мәселесі иманының болмауынан, ұлттық сананың, тарихи сананың жоқтығынан шығып отыр. Әр жас ұрпақтың санасында ата-бабаларынан сіңген ұлттық жады болады. Ол жады әркез жаңғыруға дайын болып тұрады екен. Біз соны қозғай білуіміз қажет. Қозғай алмасақ, бізге – сын саналады.

Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау — бүгінгі күннің басты мәселесі.

Атырау облысы Дін істері басқармасы

Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы

Бақтығалиев Аян Оңайұлы

                                                                                                                                                          

0

Автор публикации

не в сети 3 года

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 552Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля