Ислам дінінің басқа дін өкілдеріне көзқарасы

Сәлемінің өзі есендік тілеуден басталатын Ислам діні – бейбітшілік діні. Тіптен  Ислам сөзінің араб тілінде «есендік», «бағыну», «мойынсұну» мағыналарын білдіретін сөз екенін ескерсек, «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Бұл аяттар бейбітшілікті насихаттап қоймай, әлем халқын бірлікке шақырады.

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз Алла – толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат, 13) деген сынды көптеген аяттарға назар аударар болсақ, бұл ақиқат айқындала түседі.

Асыл дініміздің бейбітшілікті, дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтауда, сондай-ақ, рухани бірлікті нығайтудағы ықпалы ұшан-теңіз. Ислам дініндегі адам құқықтарының алғашқы декларациясы деп осыдан 14 ғ. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Мәдина қаласына көшкен кезде алғаш қабылдаған құжатын айтуға болады. Сонымен қатар, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Арафат тауында өмірден кетер кезінде айтқан «Қоштасу хұтбасын» айтуға болады.

Мұсылманның міндеті – бүлік шығарып, дін атына кір келтіру, сөйтіп өзгелерді үркіту емес, Ислам мәдениетінің биік дәрежесін көрсету. Себебі, Ислам діні зорлық пен зомбылықты құптамайды. Сенім бостандығына ерік беріп, Ислам дінін мәжбүр қабылдауды мақұлдамайды. Әр тұлғаға өзінің дінінде қалуға мүмкіндік сыйлайды. Оған Құран Кәрім аяттары да, пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері де дәлел бола алады.  Пайғамбар (с.ғ.с.) тура жолды көрсете отырып, діни сенім бостандығын әркімнің өз еншісіне қалдырған. Ислам дінінен басқа діндегілер өз сенімдерінде қалу құқына ие болған. Құран Кәрімде:

 

«Дінде зорлау жоқ. Расында, туралық азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла – әр нәрсені естуші, білуші» (Бақара сүресі, 256).

 

 

Бұл аятқа байланысты америкалық педагог А.Калгри былай дейді: «Құранда даналық пен ілімге толы бір аят бар, оны мұсылмандардың барлығы біледі. Сол секілді өзгелер де одан міндетті түрде хабардар болуы керек, ол: «Дінде зорлық жоқ..» аяты»,– дейді. Бұл аяттың түсу себебіне ой жүгірткен адам Ислам дінін қабылдауға мәжбүрліктің жоқтығын түсінеді. Ал, италияндық дәрігер Л.Фетша Валери болса: «Мұсылмандар өзге ұлт өкілдерімен олардың сенімдеріне назар аудармай келісімдер жасасатын. Әрі ешбірін исламды қабылдауға мәжбүрлемейтін. Сол секілді мұсылман әскерлері де діндерін мәжбүрлеу түрде жеткізген басқа дін өкілдері секілді емес. Солайша олар ешқандай зорлық-зомбылықсыз, артынан дүниелік пайданы көздемей, жаңа дінді жайып, өзгелерге жеткізе білді»,– дейді.

Айтылғандарды қорыта келе, Ислам дінінің сенім бостандығына байланысты мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады:

  1. Ислам діні өзге дін өкілдеріне сенім бостандығын ғана беріп қоймай, діни рәсімдер мен құлшылық ғибадаттарын да өтеуіне толық мүмкіндік берді.

Заманындағы әділ халифалар күреске жіберген әскеріне, қолбасшыларына да осыны өсиет еткен. Айталық, Әбу Бәкірдің Усама ибн Зейдке берген өсиетінде: « … өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктіресіңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер»,– деген. Халифа Омар ибн әл-Хаттаб Құдыс тұрғындарына, олардың мал-мүлкі, шіркеулері мен діни рәміздеріне қауіпсіз жағдай тудырған.

Густав Лебон: «Алғашқы мұсылман елінің басшылары (халифа) соғыс өнерін білгені сияқты саясатта да алдына жан салмаған. Тіпті біреуді өз дінінен бас тарттыру үшін күш қолдануды білмеген, мойынсұнбағандар қылыш көтеруден аулақ болған (ешкімді мәжбүрлемеген). Барлық жерде өзге халықтардың сенім,  салттары мен әдет-ғұрыптарын құрметтейтінін жариялаған. Оларды қорғап, қамқорлықтарына алғаны үшін бұрынғы басшыға беретін салықтан әлдеқайда аз мөлшерде салық өндірумен шектелген»,– деп жазады

  1. Адамгершілік қасиеттерін сақтаудағы құқылары.

Алла Тағала барлық мұсылман, мұсылман емес халық өкілін де әлемнен артық етіп жаратқан. Сансыз нығметке бөлеген. Осы ретте Құран Кәрім: «Расында, Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ, оларды құрлықта да теңізде де көліктерге мінгіздік. Әрі оларды жақсы нәрселермен ризықтандырдық және оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда артық жараттық»,– дейді (Исра, 70).

Адам баласының құқықтық, адамгершілік тұрғыдан тең екенін пайғамбардың (с.ғ.с.) қоштасу құтпасында айтқан мына сөздері дәлелдеп берді: «Уа, адамдар Раббыларың бір, әкелерің бір, арабтың өзгенің алдында артықшылығы, өзгенің арабтың алдында артықшылығы жоқ, ақ нәсілдің қара нәсілден, қара нәсілдің ақ нәсілден де артықшылығы жоқ, тек қана тақуалықпен ғана».

Мұсылман емес адамдардың ар, намысын сақтаудың бір көрінісі –  олармен жақсы мәміледе болу, сенімдері мен діни ұстанымдарын аяқ асты етпеу. Өйткені, әр мұсылман барша пайғамбарға түскен кітаптардың барлығына иман келтіреді.

Осман мемлекеті тұсында басқа ұлттар мен өзге дін өкілдерінің  құқықтары қорғалып, сенім еркіндігінде өмір сүргені туралы батыс ғалымдары көп жазған. Соның бірі Т.Арнольд «Исламға шақыру атты» еңбегінде: «Италияда кей адамдар түрік бауырлармен  бірге болуды аңсайтын, себебі,  христиандық үкімет тарапынан көрмеген қамқорлық пен еркіндікті солардан көрген-ді» десе, келесі бір сөзінде XV ғ. соңында Испания яһудилері қуғын-сүргін тұсында Түркияны паналағанын айтады.

Сол себепті византия басшыларының бірінің: «бізге қаламызда папалардың тәжін көруден түрік сәлдесін көру қайырлы»,– деген сөзін ауыздарынан тастамаған екен.

  1. Шариғаттағы құқығы. Ислам дініне тән төзімділіктің бір көрінісі – Ислам мемлекетінде ғұмыр кешкен өзге дін өкілдері мұсылман қауымға міндетті болған шариғат үкімдері арқылы міндеттелмеді. Зекет оларға міндетті болмады. Зекет сынды Ислам дінінің негіздеріне қарсы келгендер күпір болатыны белгілі. Осы сынды сол ел тұрғындарының барлығына бірдей пайда болған, қауіпсіздікті тарту еткен мұсылмандармен бірге соғысқа бару оларға парыз болмаған. Десе де осы екі міндеттен босатылғаны себепті аз мөлшерде салық төлеу міндеті жүктелді. Томас Арнольд: «Бұл жизия салығы төлеушілерге ешқандай ауыртпашылық тудырмайтындай аз мөлшерде болатын. Егер бажайлап қарар болсақ, бұл төлем оларды бірге өмір сүріп жатқан мұсылмандарға міндетті болған әскери қызметтен босатты»,– деген.

Сондай-ақ, Ислам мұсылман еместерге қоғамдық өмірдегі талақ, неке сияқты  мәселелерді шариғатқа сай орындауға ерік берді. Мұсылман құқықтанушылары жазаны орындауда дін тыйым салған зина, ұрлық секілді қылмыстарда ғана жаза қолдануды бекітті. Ішімдік ішу, доңыз етін жеу секілді шариғат тыйым салмаған істерді жасауда жаза қолданылмады. Сол дәуірдің шешім шығаратын сот орыны болды. Десе де, тарихтан өзге дін өкілдерінің мұсылман қазыларына жүгінгендерін көре аламыз. Себебі, Ислам дінінде қазылық әділеттілікпен жүзеге асып отырды. Алла Тағала Құранда:

 «(Мұхаммед с.ғ.с.) Егер олар саған келсе, араларында үкім бер немесе олардан теріс айнал. Егер олардан теріс айналсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал, егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашыларды сүйеді»,– дейді (Мәида сүресі, 42).

  1. Әділдіктегі құқылары. Ислам – әділет діні. Алла тағала зұлымдық пен әділетсіздіктен қашық болу үшін өз өлшемдерін қойды. Осы ретте Құран Кәрім үкім шығаруда да әділдікке шақырды:

«Негізінен Алла сендерге аманаттарды лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла – толық естуші, тым қырағы»,– дейді (Ниса сүресі, 58). Тіпті, үкім қарсыласының пайдасына болса да, әділдікпен шешу керектігін:

 «Ей, мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Әрі Алладан қорқыңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңнен толық хабар алушы» (Мәида сүресі, 8) аяты ұғындырады.

Шариғатта мұсылман адамның малын ұрлаған өзге дін өкілінің қолы кесілетіні сияқты мұсылман емес адамның малын ұрлаған мұсылманның да жазасы сондай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім әһлу зиммаға яғни (мұсылман қорғауында болған адам) нақақтан нақақ жала жабар болса, оған қиямет күні отпен дүре соғылады»,– деген. Сондай-ақ, «Сендердің бірің адамдардың арасында қазылық қылса, араларында назар аударуында, ишарат етуінде, отыруында тең қарасын»,– деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі кім болса да әділетті шешім шығарудың қажеттілігін ескертеді.

  1. Өмірлерін, мал-мүліктері мен ар-намыстарын қорғау құқылары.

Ислам діні адамзат баласын өміріндегі басты құқықтармен де қамтамасыз етеді. Олар: Өмірін, мал-мүлкін, дінін, ар-намысы мен ақылын сақтау. Аталған құқықтар  мұсылмандар мен мұсылман еместерге де қатысты болды. Себебі, әр адамның құндылықтары мен құқықтары қымбат еді. Сондықтан, Ислам діні шариғи себеппен болмаса, басқа жағдайда бұл құқықтарға қол сұғуға тыйым салды. Мысалы, Құран Кәрімде:

 «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса,) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Мәида сүресі, 32) секілді аятында шариғаттың белгілеген себептен басқа жағдайда адам өміріне қол сұғылмайтындығы баяндалады.

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі дінаралық, ұлтаралық және ұлт этностары арасында туындап жататын түсініспеушілік десек, Ислам діні біздің бұл туралы қандай пікірде, ұстанымда болуымызды да белгілеп берген. Әнкабут сүресінің 46-аятында «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз оған бой ұсынғандармыз» деңдер!, — делінген.

         Бұл – Ислам дінінің өзге дін өкілдеріне көзқарасын, ұстаным, құрметін көрсететін бірден-бір аят. Яғни, дініміз басқа дін өкілі қабылдаған діни сенімге құрметпен қарап, бағалауды міндеттейді. Бұл ретте олардың білместігіне кешіріммен қарау аса маңызды.

         «Ынтымақ жүрген жерде  ырыс жүреді» демекші лайым татулығымыз бен ынтымағымыз жарасып, Жаратқан өзі жар болғай!

         Алла халқымызды алауыздықтан сақтап, бірлігі жарасқан ел болуымызды нәсіп етсін. Әумин!

 

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля