Ата-ана, абай бол! Балақай, байқап жүр!

Көп айтылып, жазылып та жүрген тақырып бұл – әлеуметтік желінің әлегі. Неге десеңіз, күн сайын ғаламтордағы қауіп-қатерлер, теріс ағымдардың насихаты көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Қоғам ақпараттық тұрғыдан сауаттанамын дегенше, құрығы ұзын теріс ағым өкілдері талайларды құрдымға жіберіп үлгерді. Бұған дейін: «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызды» деп таңырқайтын болсақ, бүгінгі қоғамда бұл да таңсық емес. Бесіктен кеше ғана белі шыққан бала ұялы телефонның экранын басып, қалаған нәрсесіне таңдау жасай алады. Ал мектеп жасындағы ұл мен қыздың әрбірінде ұялы телефоны бар. Оларды кім қадағалап отыр? Кімнен тәрбие алып жатыр? Міне, мәселе осында. Кейде ойланып отырып бүгінгі балалардың балалығына қарап қарным ашады. Себебі, ауылдың ақтаңдақ шаңы мен теңбіл допты қуалап өткізген балалығыммен салыстыруға тұрмайды! Майшамның жарығымен жарыса кітап оқу, жарық жанамын дегенше санамақ ойнау, есейіп кетсек те әдемі естелік қой деймін… Ал ала таңнан телефонға телміріп, санасы уланған жастардың балалығы ұрланып жатыр. Қазыққа кере тартылған арқанға байланып, босана алмай бұлқынған «бала құлын» қаптаған әлеуметтік желінің, сансыз ойынның, мәнсіз  сайттың құлы болды. Ғаламтор… Аты айтып тұрғандай ғаламның өзі торға шырмалып тұр. Ғаламтор кез келген технология секілді пайдасы мен зияны, артықшылығы мен кемшілігі қатар жүретін күрделі құбылыс деуге болады. Ғаламтордың ең үлкен қаупі – уақытымызды босқа кетіріп, жалған мәлімет беруі, діни экстремизмге, тіпті азғындыққа да итермелеуі мүмкін. Ғаламторда ұзақ отыратын әрбір жас теріс мәліметтерге кезігіп, психологиялық өзгеріске ұшырауы ықтимал. Әртүрлі экстремистік сайттар адам санасын улап, өз идеологиясын насихаттайды. Мұндайда не бала, не ата-анасы қырағылық танытуы тиіс.  Өйткені ғаламтор  бүкіл теріс пиғылды топтардың тиімді құралына айналып отыр. Кез келген білімсіз жас, оң мен солын ажыратып үлгермеген мектеп оқушысы оп-оңай қақпанға түсері сөзсіз. Мәтелдің де мәні өзгерді: «Қызым үйде, қылығы түзде» дейтін еді, қазір «Балам үйде, қылығы ғаламторда» болып тұр. Инстаграм, тик-ток, в контакте  секілді қызылды-жасылды желінің берері көп деп айта алмайсың. Соңғы кезде «Ғаламторға білім іздеп емес, біліммен кіру керек» дегенді жиі естиміз. Расында да ислами сайттар өте көп. Олардың арасында радикалды, экстремистік бағыттағы материалдар көптеп таралып жатыр. Әсіресе, Сирия мен Ирактағы жағдайдан соң көзіқарақты ата-ана терең ойланады деп  ойлаймын. Тек Қазақстанның ресми діни ағартушылық порталдары мен мүфтияттың бекіткен әдебиеттерін қолдану жастарды адасушылықтан сақтайды.

«Қараңғы бөлмеде қара мысықты табу қиын, әсіресе ол мысық онда жоқ болса». Бұл – Қытай ойшылы Конфуцийдің ой орамы. Енді ойланып көріңіз. Ақылға ие, болмысы бөлек жаратылған адамның мақсаты не? Не іздеп жүрсің? Қайда бара жатырсың? Іздеп жүрген нәрсең бар ма, жоқ па? Білім нұры болмаса, өле-өлгенше қараңғылықта адасып, сүрініп, құлап жүресің. Ол соқпақ жол сені қайда апарады? Бүгінгі таңда ел болашағы дерлік жастардың діни сауаты, олардың қоғаммен байланысы, ғылымды игеруі, жаңа технологияларға икемделуі, дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, болашаққа қадам басуы сынды мәселелер өте өзекті. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді қоғамда да тепе-теңдіктің көрінісі анық байқалады. Мәселен, бүгінгідей алмағайып заманда рухани құндылықтардың азаюы, қоғамда жаман әрекет пен жат қылықтардың көрініс табуы секілді келеңсіз жайттар жас ұрпақтың рухани және мәдени келбетін қалыптастыруға теріс әсерін тигізіп отыр. Адамзат баласы материалдық жағдайды көбірек қалағандықтан, қоғамда моральдық құндылықтардың бағасы төмендеп кеткені шындық. «Не ексең, соны орасың» деген нақыл сөз бар. Жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулудың, ислам құндылықтарымен тәрбиелеудің  маңызы зор. Саңырауқұлақтай қаптаған дін атын жамылған ағымдар жастардың ең осал тұсын дөп басып, күретамырынан кесіп, қаншама жастың келешегі бұлыңғыр. Тақырыппен орайы келгенде айта кетуді жөн көрдім. Жаз айында сапарға шығатын болып, теміржол вокзалына жолым түсті. Бір дүкенге кіріп, салқын су сатып алдым. Сол дүкендегі сатушы баланың қолындағы кітапқа көзім түсті. Ол кітапты өзге діни ағымдағылардың ұсынғанын бірден түсіндім. Бірнеше сауалыма жауап алғаннан кейін, әлгі мектеп оқушысына: «Мұндай әдебиеттерді оқуға бізде тыйым салынған. Абай бол! Тек діни сараптамадан өткені дұрыс бағытта болады» деп ескертуді ұмытқан жоқпын. Оқушы өзі де сезіктенгенін, көңілінде күмән болғанын айтты. Негізінен діни теріс ағымдағылар аңғал жастарды тез арбайды. Олардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау, рухани еркіндігіне тұсау салу. Соның нәтижесінде жат ағымға шырмалған жастар көптеген келеңсіздікке бой алдырады. Діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасында өшпенділіктің пайда болуына алып баратын қауіп те жоқ емес. Сондықтан да әр ата-ана баласының қолына телефон беріп, тым еркіне жібермегені жөн. Жас шыбық қалай майысса, солай қарай иілгіш келетінін ұмытпау керек. Баласының қандай желіге тіркелгенін, кімдермен байланысы барын, достары кім екенін, не оқып, қай сайтқа кіретінін жіті қадағалау қажет. Санасы бұрмаланған, әрі бұрыс тәлімді бойына сіңіріп алған жастардың жүзінен суықтық, көзінен қатыгездікті байқау қиын емес. Бұл да шырмалған сананың көрінісі болса керек. Кез келген бағытқа қарай жүру үшін де сол бағыттан азды-көпті хабарың болу керек. Теріс діни ағымдардың шырмауына түсіп жатқан жастардың  осал тұсы –  діни сауаты толық қалыптаспағандықтан, яғни діни білімінің төмендігінен. Жастарға дұрыс жол нұсқайды дейтіндей пәрмен жоқ, «құраншылар», «тәңіршілер», «харижиттер», «тәкбіршілер», «зікіршілер» т.б. болып бөлініп, «қазақтың шынайы діні осы» деп түрлі ағымның сойылын соғып жүрген топ аз емес. Жастардың адасуына, бір жағынан, осы «адасқандардың іс- әрекеттері»  де ықпал етіп жатқаны анық. Исламның атын жамылып, өз мүддесін көздеген ағымдар, бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту үшін түрлі айла-шарғысын жасап әлек. Жас буынның арасында албырттықпен, өрекпіген көңілмен тым шектен шығып кететіндер де бар. Бұл әсіресе, дінге бет бұра бастаған жастар арасында белең алады. Құран Кәрім мен хадистерде біздердің үлгі алуымыз үшін бұрынғы үмметтердің шектен шығуы жайында хабар беріледі: «Әй, Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы нақ жолдан адасқан әрі көпшілікті адастырған, сондай-ақ тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер»,-де» («Мәида» сүресі, 77-аят). Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) : «Діндегі әсірешілдіктен (орынсыз артық нәрселерден) абай болыңдар, өйткені сендерден бұрын өмір сүргендерді діндегі шектен шығушылықтары опат қылды!»-дейді. Әр істе, әр нәрседе шеңбер болады. Егер шеңберден шықса, кемерінен асып-тасып кетеді. Дініміз Исламда да аталмыш шеңбер шариғатпен тікелей байланысты. Ғалымдар дінде шектен шығудың көптеген себептерін көрсетеді. Олардың бастысына білімсіздік жатады. Сондықтан да дұрыс ақпарат алып, дұрыс жолды таңдайық. Сөзімнің соңында: «Ата-ана, абай бол! Балақай, байқап жүр!» дегім келеді. Қазір бір шоқып, екі қарайтын уақыт. Сен білімге, білуге ұмтылмасаң, білімсіздік, адасушылық сені түзу жолға апармайтыны анық.

Садыбекова Фатима Нұрланқызы, Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы  Оңалту бөлімінің маманы

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Ата-ана, абай бол! Балақай, байқап жүр! | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 6 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля