Жаңалықтар

Балалар мен әйелдерге озбырлық жасағандар өмір бойына қамалады

Соңғы бес-алты жылда балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесіне жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі туындаған. Яғни, бұл тұрғыдағы қылмыстар үшін заңды күшейту жайы жиі сөз болды. Балалар мен әйелдердің әлсіздігін ескерсек, олардың заңмен қорғалуы дұрыс деген пікір де басым. Себебі, осы күнге дейін балалар мен әйелдерді қорғайтын арнайы заң болған жоқ. Қазақстан 1998 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды, ал 2001 жылы аталған конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осылайша, еліміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге қадам жасаған. 2016 жылы үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын қабылдады. Стандарт шеңберінде қауіпсіз тұру қызметтері мен медициналық және психологиялық көмек көрсету, кәсіби бағдарлау, заңгерлік кеңес беру қаралған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2-қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасымен тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық күшейтілді. Қолданыстағы заңнамаға ішінара өзгерістер енгізілді. Ал 2024 жылдың 11-сәуірінде Сенат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Заң жобасы Президентке қол қоюға жіберілді. Жаңа заң жобасында қарастырылған жайттардың ішінде мына төмендегіше талаптар бар: – Кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді; – Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады; – Бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы енгізіледі; – 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі, Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болады.

– Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады. Басқа да өзгерістер қарастырылған. Мысалы, кәмелетке толмағандарға буллинг жасағандар, 16 жастан аспаған балаларды қоғамдық көліктен түсіріп кеткендер әкімшілік жазаға тартылады. Заң баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрекет жасамаған ата-анаға немесе заңды өкілге де жауапкершілік жүктейді. Заңгер-мамандардың айтуынша, осы күнге дейін кәмелетке толмағандарға көрсетілген зорлық-зомбылық пен зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қысқартқан кездері болған. Содан кейін педофилдер қайта қылмыс жасаған деректер де кездескен. Олар соттарда қылмыскерге ауыр жаза тағайындауға мүмкіндік болмағанын айтады. Ал бүгінгі жаңа заң ондай қылмыскерлерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп отыр. Елде әйел құқықтары қорғалмаған. Отбасылық зорлық-зомбылықты қанша әйел бастан кешіріп жатқанының нақты есебі жоқ. Соңғы екі жылда отбасылық зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар саны артқанын айтылып жүр. Балалар мен әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңның күшейіп жатқаны өз еліміз үшін ғана емес, кейбір өзге елдердің тұрғындарына да жаңалық болған сияқты. Себебі осындай арнайы заң қабылдамаған елдер бар. Алысқа бармай-ақ, Ресейді алып қарасақ, ол елде балалар мен әйелдердің құқықтары жалпы заңнама шеңберінде болмаса, арнайы заңмен қорғалмаған. Ресейлік журналистер мен заңгерлердің кейбірі Қазақстанда мұндай заң қабылданып жатқанына оң пікір білдіріпті. Ал Нью-Йоркте Қазақстандағы әйел құқығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санайтын заңды қолдауға арналған митинг өтті. Оған сол жақта жүрген отандастарымыз, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан азаматтарынан 100-ге жуық адам жиналған.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Балалар мен әйелдерге озбырлық жасағандар өмір бойына қамалады | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 22 часа

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля