Деструктивті бағыттағы теріс ақпаратты анықтаудың негізгі үш белгісі – мамандармен сұхбат

2020 жылы теріс бағыттағы діни ақпараттарды әлеуметтік желілерде оқып, тыңдап отырған қазақстандықтар саны 2019 жылмен салыстырғанда 44 пайызға қысқарды. Экстремистік, террористік сипаттағы 21 мыңнан астам материал бұғатталды. Деструктивті, радикалды бағыттағы ақпараттарды оқып, соңынан еріп отырған азаматтар саны қанша?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы мен исламтанушы ғалымдар Azattyq Rýhy тілшісіне дін саласындағы сауаттылық тақырыбында сұхбат берді.

Басқарма басшысы Жапал Долиев пандемия кезіндегі шектеулер азаматтардың ғаламтордағы ақпараттарға деген қызығушылығын одан сайын арттырғанын айтады.

«Соңғы карантиндік шектеулерге байланысты тұрғындар ақпаратты тек интернеттен алып отыр деуге болады. Қашықтан жұмыс істейтін азаматтар ғаламтордағы ақпараттарды көп оқитыны жасырын емес. Бұл бізге де үлкен жауапкершілік жүктеуде. Өйткені, радикалды ақпараттарға қарсы жұмыстар ғана емес, дұрыс бағыттағы ақпараттармен толықтыру мәселесі де тұр. Google, Yandex сияқты кез келген іздеу жүйесінен діни ақпарат іздесеңіз, өте көп мәліметтер, неше түрлі сайттар шығады. Оның ішінде қай ақпарат дұрыс, қайсысы бұрыс – оны ажырату қиын», – дейді Жапал Әмзебекұлы.

Маманның айтуынша, ақпараттың қаншалықты экстремистік, радикалды бағытта жазылғанын арнайы діни сараптамалар ғана анықтайды. Алайда, арнайы маман көмегінсіз бірнеше белгісіне қарап, ақпараттың бағытын анықтауға болады.

«Шынын айту керек, бұрын өзімізде діни сауатты ақпараттар аз болды. Қазір бұл мәселе толық үйлестірілді. Қазақстандық сегментті дұрыс бағыттағы ақпараттармен қамту мақсатында өте көп жұмыс жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен өңірлік басқармалар бұл бағытты жақсылап қолға алды. Діни басқарманың порталы немесе мешіттер мен мүфтияттың ресми сайттарынан керек ақпаратты алуға болады.

Радикалды, деструктивті бағыттағы теріс ақпаратты анықтау үшін мына үш белгіге назар салған жөн. Біріншіден, мемлекеттік құндылықтарымызға – ҚР Конституциясына, рәміздеріне, заңдарына қайшы келетін болса, екіншіден, ұлттық құндылықтарға – салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды мойындамаса, үшіншіден, отбасылық құндылықтар – ата-әже институты, келін институты, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сынды құндылықтарға қайшы келсе, онда ол бағыт – дұрыс емес. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың өркендеп дамуына, мемлекетіміздің гүлденуіне қарсы теріс ақпараттардың иісі сезілсе, онда ол сайтты, мақаланы, ол зерттеуді оқудың, миды улаудың қажеті жоқ», – дейді Жапал Әмзебекұлы.

Ал ғалым, тарихшы, Ғылыми-стратегиялық зерттеу орталығының директоры Жарас Аханның айтуынша, кез келген азамат радикалды ақпаратқа ұрынып қалуы мүмкін. Себебі, олардың көбі ислам дініндегі ақпарат болып көрінеді дейді.

«Қазақстан ашық мемлекет болған соң интернетті бұғаттау мүмкін емес. Ол ғылымда да, экономикада да маңызды рөлді атқарады. Бұл ашықтықты көптеген уаххабизм, салафизм бағытындағы сайттар пайдаланып отыр. Көбінесе олар радикалды такфирлік идеяны ашық насихаттамайды. Бірақ авторлардың бәрі уахабилік, салафилік ғалымдар болуы мүмкін. Енді сол сайттарға кіріп, рухани ләззат алған жастар сол ғалымдарға, олардың пікіріне, таратып отырған іліміне байланып қалады. Содан кейін бірте-бірте адасады. Салафизмді уағыздайтын шетелде отырған ұстаздар ілімін әдемілеп аударып қойған сайттарды оқи берген адам да шатасып, түбі ақ пен қараны ажырата алмайды. Сол себепті мемлекет, муфтият бекіткен сайттардан, мешіттердің ресми парақшасынан ғана ақпараттарды қорықпай оқуға болады. Кез келген сайтты ашқанда, авторын анықтап алыңыз», – дейді Жарас Ахан.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі 700-ден астам материалдан (брошюралар, мақалалар, кітаптар, аудио және видео) тұрады. Материалдар әр жылдары тізімге еніп, әртүрлі конфессияларға арналған (ислам, христиан және оның салалары, иудаизм және басқа діндер). Тізімдегі материалдар деструктивті ұйымдардың айла-шарғы жасау және насихаттау үшін ойлап тапқан қаруы болуы мүмкін.

«Дерадикализацияны қалай жүргізу керек? Біріншіден, әр адамда медиа-сауат болуы керек және сыни ойлау дәрежесін дамыту қажет. Мысалы, киім сататын дүкендер көп қой, соның бірін таңдайсың. Сапасына мән беріп дегендей. Сол сияқты діни ақпараттар легін біз тұтастай жауып тастай алмаймыз. Оларды жан-жақты сараптау, тыйым салу және бұғаттау бір күннің шаруасы емес. Мәселен, 2020 жылдан бері экстремистік, террористік сипаттағы 21 мыңнан астам материал бұғатталды. Бұл – өте үлкен жұмыс. Сіз де көп ақпараттың ішінен өзіңізге керегін, дұрысын таңдаңыз, Ол үшін ресми сайттарға ғана жүгініңіз», – деп түйіндеді сөзін Жапал Әмзебекұлы.

Қазір Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Azan.kz, Mazhab.kz, Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары. Сондай-ақ, Mitropolia.kz, Сatholic-kazakhstan.org және өзге де діни бірлестіктердің ресми сайттары.

Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытында әр өңірде жұмыс жасап тұрған дін мәселелерін зерттеу орталықтарының сайттарынан мәліметтер алуға болады.

 

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 857Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля