Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың тұлғалық ерекшеліктері
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайдайға қарағанда адамдарда рухани қажеттіліктерге мұқтаждық орын ала бастады. Кейбір адамдар әлеуметтік дәрменсіздіктен және негативті эмоциялардан арылу жолында деструктивті діни ағымдардың жолына түсуде. Бұл деструктивті діни ағымдардың діни ережелерін саясиландырудағы сәтті кезең болып табылды.
Қазақстан Республикасы − 140 ұлттың өкілдері тұратын, 40-тан астам діни бағыттағы ұйымдар шоғырланған көп ұлтты, көп дінді мемлекет. Қазақстандағы діни сенушілердің 95% мұсылмандар мен православтықтардан құралған. Республикада барлығы 4362 діни бірлестіктер, оның ішінде: 2640 мұсылмандық, 296 православтық, 85 католиктік, 1264 протестанттық, 28 иудейлік, 44 дәстүрлі емес, 5 буддистік тіркелген. Қазақстанның дінаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаты дінаралық сұхбатты дамытуға, толеранттылықты нығайтуға және дін саласындағы заң талаптарын орындауға бағытталуымен сипатталады.
Осы саладағы кейбір маңызды терминдерге тоқталғанды жөн көрдім. Радикализм (лат. radix ) — қалыптасқан тұрақты жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған саяси-әлеуметтік идеялар мен әрекеттер. Радикал ұстанымдарға негізделген ағымдардың өкілдері қалыптасқан жағдай олардың ұстанымына сай келмеген жағдайда «оны өзгертуге болады»- деп шешім айтады. Мысалы, сәләфилер: «Қазіргі дәуірдегі жағдай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуіріндегідей жағдайға сай келмейді, сондықтан бұл жағдайды өзгертіп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуіріндегідей жағдайға қайтуымыз керек»- деген ұстанымды үгіттейді.
Фанатизм (лат. fanaticus — құрбандық ) — индивидтің белгілі бір сенімдерге деген, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігі; бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді.
Діни фанатизм – бeлгілі бір діни қағидаларға баc ұрып, coған тәуeлді бoлуды білдірeді. Психолог Д.Oльшанcкий фанатизмді қандай да бір ceнімгe нeмece көзқараcқа шeкcіз адал бoлу жәнe өзгe көзқараcтарға төзімcіздік таныту рeтіндe eceптeйді.
Психологияда тәуелді мінез-құлықты аддиктивті мінез-құлық деп атайды. Тәуелділік екі түрге бөлінеді. Біріншісі, химиялық – нашақорлық, токсикомания, спирттік ішімдіктерге тәуелділік және т.б. Екіншісі, химиялық емес – эмоционалды тәуелділік, тамаққа, махаббатқа, гаджетке, теледидарға, ғаламторға, ойынға, діни тәуелділік және т.б.
Діни тәуелділік – психологиямен қатар, дін және әлеуметтану салаларының күрделі мәселесі болып табылады. Қарапайым адамның деструктивті діни ағымның адептісіне айналуының өзіне бір емес, бірнеше факторлар әсер ететіні сөзсіз.
Психология ғылымында діни психологияның негіздерін және дінді ұстанушылардың тұлғалық ерекшеліктерін З.Фрейд, В.Вундт, Т.Рибо, Т.Флурнуа, У.Джеймс, Е.Старбек, К.Юнг, Э.Фромм, А.Маслоу, К.Роджерс, В.Франкл, Дж.А.Леубаның еңбектерінен көруге болады. Соңғы жылдары деструктивті діни ағымдардың қоғамға және адамзатқа қаупі жоғарылады. Соның әсерінен бұл мәселеге басты назар аударуды қажет етеді.
Негізінен алғанда, деструктивті діни ағымды ұстанушылардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу әлі күнге дейін жеткіліксіз деңгейде. Кез-келген деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту және профилактикалық жұмыстарын жүргізерден бұрын, олардың тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу маңызды. Онсыз оңалту жұмыстары тиімді емес. Қазіргі таңда Қазақстанда көп таралған деструктивті діни ағымдардың бірі – дәстүрлі емес ислам бағыты (салафизм) іріктеліп алынды.
Мақалаға сәйкес, деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың психологиялық ерекшеліктерін анықтауға келесідей әдістемелер ұсынылады:
Р.Б.Кеттелдің 16 факторлық тұлғалық сауалнамасы және Л.Н. Собчик бойынша «Индивидуалды типологиялық сауалнамасы».
Р.Б.Кеттелдің тестісінің теориялық және әдіснамалық негізі–тұлғаға факторлық талдау жүргізу болып табылады. Тесттегі әр фактордың құрылымы тұлғаның индивидуалды-психологиялық ерекшеліктерінің моделін сипаттаумен қатар, оның белгілі-бір өмірлік жағдайдағы шынайы жүріс-тұрысына болжам жасауға мүмкіндік береді.
Кеттел сауалнамасының C формасы 105 сұрақтан құралған. Сауалнаманың нәтижесіне қарай, 16 факторлық тұлғаның ерекшеліктерін анықтаумен қатар, қосымша 17 факторда тұлғаның өзін-өзі бағалау деңгейін анықтауға болады.
Л.Н. Собчик бойынша «Индивидуалды типологиялық сауалнама» (ИТС) 91 сұрақ, 8 түрлі шкаладан (олар: экстраверт, интроверт, көшбасшылық қабілет, сензитивтілік, агрессия, мазасыздық, ригидтілік және лабильділік, яғни эмоцияның ауыспалылығы) құралған. Бұл сауалнаманың ерекшелігі «шынайылық» деңгейін бағалау қарастырылған. Яғни адамның қаншалықты деңгейде шын немесе жалған жауап бергенін де анықтауға болады. Сауалнама арқылы адамның мінез-құлқының ерекшеліктерін, сонымен қатар бейімделе алмау (дезадаптация) мен қосымша акцентуациялық белгілерді анықтауға болады.
Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм мәселесі күннен күнге күшейіп барады және оларды оңалту жұмыстарының тиімділігін біршама жақсартуды қажет етеді. Осыған орай, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу және оларды оңалту жұмысын жүйелендіру қажет. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендер мен ұстанушыларды оңалту жұмысын жүйелендіруде ең тиімді әдістердің бірі ДДА ұстанушыларын қоғамға психологиялық бейімдеу және әлеуметтендіру болып табылады. Дін мамандары мен психологтардың ДДА ұстанушыларымен индивидуалды жұмысының эффективтілігі оны әлеуметтендірумен тығыз байланысты. Олардың қоғамға психологиялық бейімделуі үшін психологиялық тренингтерді күшейтумен қатар, зайырлы қоғамдық іс-шараларға көбірек қатысуына ықпал жасау қажет. Қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуына ықпал жасалуы тұлғаның әлеуметтену процесі үшін де тиімді болып табылады. Қазіргі таңда оларды әлеуметтендіру және психологиялық бейімдеу жұмыстарын Дін орталықтары қолға алып, жүзеге асыруда. Мысалы, «Атырау қаласы Шапағат қоғамдық қоры» соңғы жылдары аталмыш іс-шараларды белсенді жүргізуде. Атап айтсақ, қайырымдылық жәрмеңкелері , жұмыссыз әйелдердің кәсіби қабілеттерін арттыру мақсатында тегін тіл, тоқыма және кондитерлік курстарын жиі өткізеді.
Қай мемлекет болмасын, экономикасы өркендеп тұрған шағында, ең бірінші ұлтының мәдени және рухани құндылықтарын сақтап, құрметтемесе, онда оның болашағы бұлыңғыр болмақ. Бұндай өркениеттер тарихта көптеп саналады. Қазіргі таңда кейбір дамыған елдерде өздерінің ұлттық құндылықтарына көңіл бөлінбегендіктен, сол қоғам мүшелерінің мәңгілік сұрақтарының шешілмеуі, өмірдің мән-мағынасы, өлім және ақірет ілімдері жайлы түсініктердің жетпеуі, жастарына дұрыс бағыт-бағдар берілмеуі және соңғы жүз жылдықтарда орын алған дүниеге деген материалдық көзқарастың қалыптасыу проблемалары адамдардың рухани құлдырауына әкеп соғуда. Дәстүрлі емес жаңа діни қозғалыстардың әлемдегі дамыған елдердегі кеңінен жайылуына, ондағы экономиканың біржақты дамуы, мәдени құндылықтар мен рухани құндылықтарға мән берілмеуі яғни, рухани деградация, жұмыссыздықтың өсуі, инфляция, тәртіпсіздіктердің шамадан тыс етек алуы, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, экологиялық проблемалар және т.б. – осындай күрделі мәселелердің шешімін таппаған соң адам санасы белгілі бір рухани тірек іздеуі заңдылық.
Қорыта айтқанда, дәстүрлі емес діни қозғалыстар мен ғибадаттар қоғамдық, ғаламдық деңгейдегі саяси, әлеуметтік, діни жалпы мәдени факторлардың себебінен пайда болған және пайда болуда. Оның адамдар арасында жаппай тарап өріс алуына бірден бір себеп рухани байлықтың жоқтығы. Сондықтан еліміз келешекте кемел болсын десек, материялдық тұрғыға мән бергеніміздей рухани құндылық — ұлт қуаты екенін ұмытпай, ұлттық психологиямызға көңіл бөлуіміз керек.
Педагогика және психология мамандығы бойынша магистр Г.Г.Кубышева