ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМНЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ
Қандай халық болмасын тарихи үрдістердің барысында қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен қатарласып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени келбеті ғана емес, сол халықтың бет бейнесі іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Қазіргі ислам атын жамылып келіп жатқан діни ағымдардың негізгі көздеген мақсаты – еліміздің тыныштығын бұзу, тұрақтылығымызға іріткі салу. Мұндай ағымдардың жетегінде жүрген, кіріп кетіп жатқандары да қаншама?!
Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Осы жағдайда, діни көзқарастағы радикализм көрінісі мен оның өкінішті салдары орын алады. Бұл тұрғыда 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы жарық көргеннен кейін, біраз қой терісін жамылған қасқыр болған діни ағымдарға тосқауыл бола алды. Әйтсе де, қазіргі таңға дейін қауіп толығымен тыйыла қойған жоқ. Сол себепті деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады.
Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ. Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру аса маңызды.
Қорытындылай келе, елімізде өкінішке орай ел бірлігіне нұсқан келтіруді ойлайтын кейбір дүмше діни уағызшалар бар екендігі анық. Ондай уағызшылардың арбауына түспеу үшін, сауатты діни қалқан қалыптастыруымыз қажет. Осы тұрғыда ҚМДБ қарамағындағы имам-уағызшылармызды тыңдап, соларға құлақ асатын болсақ тура жолдан таймайтынымыз хақ.
Ұлтымыздың терең тарихы, әрбірінде өнеге жатқан салт-дәстүрлеріміз бүгінгі жастарды, өскелең жас ұрпақты адастырмайтын темірқазық екенін ұмытпайық.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан
жапа шеккендерге көмек орталығы»
қоғамдық қорының теолог маманы
А.Закария