Дін туралы жазу – дегдарлық
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған «Діни бағыттағы ақпараттық жұмыстың ерекшеліктері» тақырыбында оқыту семинары өтті. Орталықтың басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев алғысөзінде еліміздің позитивті имиджін қалыптастыру және жаһандық дінаралық диалог алаңының танымалдылығын арттыру, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін ақпарат алаңында кеңінен насихаттау үшін журналистер мен блогерлердің қолдауы аса маңызды екенін атап өтті. – Биыл елімізде діндер съезін өткізіп келе жатқанымызға 20 жыл толып отыр. Алғашқы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы өтті. Дегенмен біз әлі де осы жиынның маңызын аз айтамыз. Оның мемлекетіміздің тұрақтылығына, халықтар достығына пайдасын біле бермейміз. Мен шетелдерде болғанда ол жақта христиан діні мен ислам діні арасында байланыс орнатуды енді ғана қолға алып жатқанын көрдім. Ал бізде дінаралық үнқатысу әлдеқашан жолға қойылған, – деді орталық басшысы. Сонымен қатар Б.Сәрсенбаев алдағы қазан айында өтетін Съездің ХХІ мерейтойлық хатшылығына дайындықтың маңыздылығына тоқталды. Семинарда АҚДМ Дін істері комитеті Интернет кеңістігінде діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы басшысы Ж.Долиев «Дін саласындағы негізгі ақпараттық басымдықтар мен қағидаттар», орталықтың бас сарапшысы С.Әлімқұлова «Дін саласын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудағы діни терминдерді қолдану ерекшеліктері», Діндерді зерттеу орталығының журналисі А.Бейсембі «Бұқаралық ақпарат құралдарында діни ақпарат таратудың ерекшелігі» тақырыптарында баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. – Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, барлық діни бірлестіктерге тең қарауымыз керек. Өйткені заң алдында барлығы бірдей. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері дін тақырыбында сюжет түсіргенде немесе мақала жазғанда белгілі бір діни бірлестіктің ұстанымы тұрғысынан сөйлеуіне болмайды. Ал біз мемлекет тұрғысынан пікір білдіріп, заң аясынан шықпауымыз керек, – АҚДМ Дін істері комитеті Интернет кеңістігінде діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы басшысы Ж.Долиев. Сондай-ақ ол діни тақырыпта кез келген сұрақ туындаса, діннен хабары, діни білімі жоқ сарапшыларға жүгінбей, арнайы уәкілетті орган – Дін істері комитетіне, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мамандарынан кеңес алуға шақырды. Іс-шараға журналистер мен блогерлерден бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Католик шіркеуінің өкілдері қатысты. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ Тегтер: діндін тақырыбы
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Дін туралы жазу – дегдарлық | Қазақстандағы Ислам