Мақалалар

ЖАСТАР ЖАТ АҒЫМҒА НЕГЕ ӘУЕС?

Қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жастарды теріс идеологиялар мен жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі де өзекті құбылысқа айналды. Жат ағымдар – қоғамның бірлігін бұзатын, ұлттық тұтастыққа сызат түсіретін, жастардың санасын улайтын аса қауіпті күш. Осы орайда жастардың не себепті осындай теріс бағыттарға бет бұратыны, бұл жағдайдың салдары қандай болатыны және оны болдырмаудың қандай тиімді жолдары бар екендігі – бүгінгі күннің басты сұрақтары.

Жат ағымдардың жастарға ықпал етуі кездейсоқ процесс емес. Әдетте бұл бағытқа қызығушылық танытатын жастар – ішкі күйзелісте жүрген, қоғамда өз орнын таба алмаған, өмірлік мақсаты мен бағдары нақты қалыптаспаған адамдар. Олар үшін «рухани ізденіс» – өздерін табуға деген тырысудың бір көрінісі. Осы сәтті пайдаланған деструктивті топтар әлеуметтік желі, бейресми діни орталықтар, интернет-форумдар арқылы жастармен тікелей байланыс орнатып, оларды өз қатарларына тартуға тырысады.

Бүгінде интернет кеңістігі – жат ағым өкілдерінің басты қаруы. Олар тартымды видеолар, әсерлі уағыздар, діни мазмұндағы посттар арқылы жастардың сеніміне кіреді. Ал жастардың діни сауаты жеткіліксіз болса, олар бұл ақпараттардың ақиқаттығын тексермей, соқыр сеніммен қабылдайды. Осыдан кейін олар дәстүрлі ислам құндылықтарына, ата-баба салтына, тіпті мемлекеттің заңдары мен зайырлы құрылымына күмәнмен қарай бастайды. Бұл – теріс діни ағымдардың басты мақсатына жеткенінің белгісі.

Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік — экономикалық жағдай. Жастар арасындағы жұмыссыздық, қоғамдағы әділетсіздік, болашаққа деген сенімнің төмендігі – олардың түрлі балама жолдар іздеуіне әкеледі. Бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланатын ұйымдар жастарға жалған уәделер береді: «бізге қосылсаң, әділетті қоғам құрамыз», «шынайы ислам жолы – біздің жол» деген сияқты ұрандармен оларды өз қатарына тартады. Осындай желеулермен жастар түрлі радикалды ұйымдарға мүше болып, кейін ауыр қылмыстарға барып жатады. Бұл – тек жеке адамның тағдыры емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне төнген қауіп.

Осыған қоса, отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі де жастарды теріс жолға итермелеуі мүмкін. Кейбір ата-аналар баласының ішкі күйзелісін, айналасындағы өзгерістерді байқамай, онымен сырласуға, кеңес беруге уақыт таппайды. Бұл жағдай жасөспірімнің өзін жалғыз сезінуіне әкеледі. Ал жалғыздық – жат ағым өкілдері үшін «оңай олжа». Олар мұндай жастарды «бауырға» балап, жылы сөзбен арбап, біртіндеп өз идеяларын сіңіре бастайды.

Мемлекет тарапынан бұл мәселеге ерекше назар аударылып келеді. Қазақстанда дін саласын реттейтін заңдар күшейтіліп, деструктивті ағымдарды насихаттауға тыйым салынған. Құқық қорғау органдары мен дін істері жөніндегі басқармалар үнемі бақылау жүргізіп, күмәнді топтарды анықтап, олардың жолын кесіп отыр. Сонымен қатар, мешіттерде арнайы теологтар мен имамдар жастармен жұмыс жүргізіп, оларға дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіруде. Алайда, бұл жұмыстың нәтижелі болуы үшін тек мемлекеттік деңгейдегі шаралар жеткіліксіз. Бұл – бүкіл қоғам болып жұмылуды қажет ететін мәселе.

Мектеп пен жоғары оқу орындарында дінтану пәнін сапалы әрі мазмұнды өткізу – жастардың діни сауатын арттырудың тиімді жолдарының бірі. Аталған пән тек теориялық емес, өмірмен байланыстыра отырып, практикалық тұрғыдан да түсіндірілсе, жастар кез келген ақпаратты сын көзбен қабылдайтын болады. Сонымен бірге, БАҚ пен әлеуметтік желілерде діни ағартушылық жұмыстарын кеңінен жүргізу – бұл саладағы олқылықтардың орнын толтырады.

Жастармен жұмыс істеу – тек дін мамандарының немесе ұстаздардың ғана міндеті емес. Бұл – ата-ана, қоғам қайраткерлері, блогерлер, өнер адамдары және т.б. тұлғалардың ортақ жауапкершілігі. Себебі әрбір жас – елдің ертеңі, ал ел болашағының қандай болатыны – бүгінгі ұрпақтың қандай тәрбие алып жатқанына тікелей байланысты.

Қорыта айтқанда, жастардың жат ағымдарға елігуі – күрделі әрі көпқырлы мәселе. Оның алдын алу үшін жүйелі, мақсатты, үздіксіз жұмыс қажет. Діни сауаттылық, рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарға негізделген идеология, отбасылық жылылық пен әлеуметтік қолдау – жастарды теріс идеологиядан сақтап қалудың басты құралдары. Тек осылай ғана біз жастарымыздың саналы, білімді, отаншыл болып қалыптасуына жол аша аламыз. Ел ертеңінің жарқын болуы – бүгінгі атқарылып жатқан істердің нәтижесіне байланысты.

 

 

БОРАНБАЕВ Аман

 

«Шапағат» деструктивтік діни

ағымдардан жапа шеккендерге

көмек орталығы қоғамдық қорының

теолог маманы

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 1224Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля