Жастық шақ – қайта оралмас бақыт
Жастық шақ – адам өмірінің ең жарқын, мақсат-мүдде мен қайрат жігерге толы алтын кезеңі. Өйткені бұл арман қуып, мақсатқа ұмтылатын, болашақтың іргетасын қалайтын шақ. Бұл кезеңде әрбір жастың жүрегінде үлкен сенім мен биік арман орын алады. Сол сенім мен арман оны алға жетелеп, өмір жолында кездесетін кедергілерді жеңуге күш береді.
Жастық шақ – тек қуат пен жігердің емес, сондай-ақ жауапкершіліктің де кезеңі. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі, қоғамның бағытын белгілейтін буын. Жастардың ойлауы мен іс-әрекеті, таңдауы мен талпынысы қоғамның даму бағытын айқындайтын, мемлекеттің келешегін бейнелейтін басты қозғаушы күш. Егер жас ұрпақ білімге ұмтылып, адалдық пен әділдікті ту етсе, онда елдің еңсесі биік болмақ. Ал керісінше, уақытын босқа өткізіп, жеңіл жолды таңдаса, оның салдары тек өзіне емес, тұтас қоғамға әсер ететін үлкен қасірет. Сондықтан әрбір жас өз өмірінің мәнін терең түсініп, саналы түрде дұрыс жолды таңдауы қажет. Жастық шақ – қайтып келмейтін мүмкіндік. Оны қадірлей білген адам ғана өз өмірін мағыналы етіп, болашағын нық қадаммен қалыптастыруға ұмтылуы керек.
Адам өмірі біртіндеп өрбитін сапар іспетті. Мысалы әлсіздіктен басталып, күш-қуаттың шыңына көтеріліп, қайтадан әлсіздікке қайтып оралауы. Яғни балалық шақ пен кәрілік адамның әлсіздік шағына меңзейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң (буындарынды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – делінген («Рум» сүресі, 54-аят). Осы екі кезеңнің арасында адамға толық мүмкіндік берілген уақыт жатыр. Бұл кезеңде адамның ой-өрісі дамиды, жауапкершілік алуға қабілеті арта түседі. Дәл осы мезетте адам өмірінде сынақтар мен қиындықтар кездеседі. Кейде олар әділетсіз немесе тым ауыр болып көрінуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда әрбір сынақ адамның төзімін, сабырын, күш-жігерін арттыру үшін беріледі. Қиындықтарды жеңу арқылы адам шыңдалады, өмірге деген көзқарасы өзгереді, тәжірибесі молаяды. Осылайша, адамның шынайы өмір белесі, әлсіз бастау мен әлсіз аяқталудың ортасындағы құралады.
Тоқтар Ғалымұлының жастық шақты өршіл тілімен, бейнелі сөз өрнегімен жеткізер болсақ, жастық шақты былай суреттейді:
Бала шағым сағым болып қалады,
Ойлап кетсем, ішім шоқ боп жанады.
Ол кездері өтпес болып көрінген
Көз алдымда өмір өтіп барады.
Ақынның өлең жолдарына қарап отырсақ, балалық шақтың қадірін дер кезінде сезініп, түзете алмағанына өкініш білдіруде. Оның әрбір өлең жолдарында осы бір терең сезім аңғарылып, оқырманды өткеніне үңілуге жетелейді.
Жастық шақ, бұл жүректің оты сөнбеген, арманның алауы аспанға шапшыған кез. Бұл шақта адам тағдырмен тайталасып, өмірге жаңа келгендей бәрін алғаш рет танып-білуге құштар болады. Қанат қомдап ұшуға дайын қырандай, кеудеде еркіндікке деген іңкәрлік тулап, әр күні үміт пен арманға толы болатыны сөзсіз. Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген өлең жолдары арқылы жастарды жігерлендіріп, оларды батылдыққа, қайсарлыққа үндейді. Бұл жолдардың жазылуы кездейсоқ емес, ақын жас ұрпақтың бойында күш-жігер мен рух болуы керектігін ерекше атап өтуде.
Жастықтың осы бір жалынды шағын қадірлеу жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Қиямет күні адам баласы бес нәрседен сұралмайынша орнынан жылжымайды: өмірін қайда өткізгені, жастық шағын қалай өткізгені» — деген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы адамның қалыптасуында ең шешуші рөл сыртқы бақылау емес, оның ішкі дүниесі атқарады деп түсіндірді. Оның пайымынша, жас адамды шынайы жолға бастайтын күш – заң мен тәртіптен бұрын, өзінің ар-ұяты мен сенімі деп баға береді. Адам бойындағы иман мен ар сезімі оянғанда ғана ол теріс әрекеттерден бойын аулақ ұстап, саналы түрде дұрыс таңдау жасай алады. Сондықтан Шәкәрім үшін кемел жас – тек білімді не тәртіпті адам емес, ол ең алдымен рухани тұрғыдан таза, жүрегі мейірімге толы, ісін адал еңбекпен атқаратын жан. Мұндай адам кез келген шешімді пайдаға емес, әділет пен адамгершілікке сүйеніп қабылдайды. Яғни, тұлғаның шынайы биігі, оның ішкі жауапкершілігі мен ар тазалығында жатыр.
Қазіргі кезеңде жастар әртүрлі ықпал мен сынақтың ортасында жүргені белгілі. Олардың ішінде әлеуметтік желінің әсері, жеңіл жетістікке ұмтылу, уақытты мәнсіз өткізу сияқты әдеттер кең таралған. Осындай жағдайда Ислам діні адамға уақытты тиімді пайдалану, өзін үздіксіз жетілдіру, тыйым салынған істерден аулақ болу және дұрыс ортаны таңдау сияқты бағыт-бағдар береді.
Исламдағы жас ұрпақтың келбеті, сенімі берік, ниеті таза және жауапкершілігі жоғары тұлға. Бұл көзқарас Алаш зиялыларының ұстанымдарымен де үндеседі. Егер жастар иманды және парасатты әрі білімді болса, онда елдің келешегі де жарқын болмақ.
Сондықтан жастық шақ, тек жалындаған сезім мен асқақ арман ғана емес, біз үшін үлкен аманат пен жауапкершілік жүктелген кезең. Мағжан Жұмабаев жырлағандай, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болу, тек күштілік емес, сол күшті дұрыс жолға жұмсай білу.
Қорытындылай келе, жастық шақ – Алланың берген ең қымбат мүмкіндігі. Оны босқа өткізбей, біліммен, ізгі іспен және батыл қадаммен толықтырған жан ғана өмірдің шынайы мәнін таба алады.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы
