Жат ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет ұлттық тәрбиеден басталады
Қазіргі таңда қоғамдағы орын алған жайттарды бағамдайтын болсақ салт-дәстүр, әдет ғұрыптың айналасында көптеген пікірлер, көзқарастар бар. Тіпті, теріс ағым өкілдері қазақтың ежелден келе жатқан ата дәстүрін Исламға қарсы қойып, ата-бабамызды адасқан деп айтыптап жүр. Осыған орай, «Шапағат» деструктивті діни ағымнан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы С.Сариев Ислам мен ұлттық құндылықтың байланысы туралы түсіндіріп берді.
Қазақтың салт-дәстүрі мен Ислам дінінің қандай байланысы бар?
Әлі күнге дейін дін мен дәстүр тақырыбындағы мәселелер өзекті болып табылады. Бұған «Абай адасқан, Шәкәрім шатасқан» деген ұстанымдағы жат ағым өкілдерінің ата дәстүрімізге қарсы келуі себеп болып отыр. Тіпті, олар бұрын қазақ даласына таухид 1991 жылы келген деген ашық айыптауларды да айтқан болатын.
Алайда, Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрінің негізі, түп тамыры бір. Тарих беттеріндегі деректерге сүйенсек, VII-VIII ғасырда қазіргі Тараз аумағында болған Талас шайқасынан кейін қазақ даласында Ислам діні тараған. Осыдан-ақ қазақтың салт-дәстүрінде Ислам дінінің рөлі айрықша екенін байқауға болады.
Түп негізі Исламмен байланысты қандай салт-дәстүрлер бар?
Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық тәрбиесінің негізі Исламмен ұштасады. Бұған айтар мысал да, себеп те көп. Ер баланың үйге келген қонақтың қолына су құюның өзі Исламда сүннет амалға жатады. Отан отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталады деген қазақтың жақсы бір сөзі бар. Біздің ел болып дамуымыз да ұлттық тәрбиеге байланысты деп ойлаймын.
Дүниеге келген сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту арқылы ат қою да шариғатта бар амал. Имам Әбу Дәуіт пен имам Тирмизи келтірген хадисте:
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды босанған кезінде оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан».
Сондай-ақ баланың бесікке салып, тұсауын кескенде қазақтар «бауы берік болсын» деген сөзді жиі қолданады. Бұл сөздің астары өте тереңде жатыр. «Бау» деген сөздің өзін дінде қарастыратын болсақ бірінші Құран Кәрімде «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» деген аят бар. Бұл жердегі «жіп» шариғаттың жібі деген мағынада қолданылған. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Кімде-кім жамағаттан бір қарыс ұзап кетсе, сөзсіз ислам жібін мойынынан шығарып тастаған болады», дейді.
Қазақтарда да есіріп еліріп кеткен адамды «жүгенсіз кеткен» деп сипаттайды. Осыдан-ақ жүген, бау, жіп деген сөздер шариғаттың бауы, Исламның жібі деген сөздермен мағыналас болғанын байқауға болады.
Тағы бір мысал, біздің қазақта 7 атаға дейін қыз алыспау деген қағида бар екенін білесіздер. Көбі шариғатта, Исламда бұған шектеу қоймаған ғой деп айтып жатады. Бұл – қате түсінік.
Әзірет Омардың жақындарынан қыз алуды әдетке айналдырған «Саиб ұлдарына» былай деп айтқандығы кітаптарда келтіріледі:
«Уа, Сәиб ұлдары! Сендердің әлсіз ұрпақ дүниеге алып келіп жатқандарыңды көріп отырмын. Некеге алыстан алыңдар. Әлсіз балалар дүниеге алып келмеңдер».
Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисте: «Жақын ағайын туыстан қыз алмаңдар, өйткені бала әлсіз боп туады»,– деп айтқан.
Негізінінен қазақта жеті атадан қыз алысу Қазақ хандығының тұсында басталған. Жәнібек ханның кеңесшісі Жиренше шешен науқастанып қалады. Сол кездегі мықты-мықты емшілердің өзі аурулың шипасын таба алмаған. Кейін Өтебойдақ деген емші келіп аурудың шипасын тауып, Жиренше шешенді айықтырыпты. Сол кезде Жиренше шешен «Ең ауыр қандай дерт?» деп сұрағанда емші «Тұқымқуалаушылық» деп жауап берген екен. Ал мұны естіген Жәнібек хан 7 атаға дейін қыз алыспау туралы бұйрық шығарады. Кейін Тәуке ханның тұсында да «Жеті жарғыда» бұл бұйрықтың маңызы арта түседі.
Теріс ағым өкілдері қазақтың ырым-тыйымдары мен мақал-мәтелдерін жоққа шығарып, «бидғат», «ширк» амал деп үкім шығаруда. Бірақ олар ырым-тыйымдарын үстіртін түсініп, байыбына бармайды.
Мысалы «табалдырықта тұрма» деген қазақта тыйым бар. Бұған ұқсас Пайғамбарымыздың «жолды бөгемеңдер» деген айтқан сөзі бар.
Ал Тирмизиден жеткен хадисте «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» делінген. Қазақтың бұл хадиске ұқсас «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Отан оттан да ыстық» деген мәтелдері бар.
Тіпті Пайғамбарымыз бірде соғыстан қайтқан сахабаларына «біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі «үлкен жиһад» деген не?»- деп, таңдана сұрақ қояды. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ол − өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырады.
Қазақта бұл хадисті «Іштен шыққан жау жаман» деген бір сөзбен жеткізді. Көбі бұл мәтелді басқаша түсініп, өздерінің жанында жүрген жақындарына қатысты қолданады. Бірақ жанында жүрген адамдар – сыртқы күш болып есептеледі. Себебі оларды көресің, жамандық жасайтын болса қорғана аласың. Ал біздің ата-бабаларымыз ең үлкен дұшпан – ішкі қалауымыз, нәпсіміз екенін білгендіктен осындай насихат қалдырған.
Жат ағым өкілдерінің ата салтымызды жоққа шығарудағы мақсаты қандай?
Дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің негізгі мақсаты – қасқыр терісін жамылған қойға ұқсап, бейбіт мемлекеттің тыныштығын бұзу. Осыған байланысты қазір түрлі айла-тәсілдерді ойластырып та, іске асырып та келеді. Қазақта «Бала берсең сана бер» деген жақсы сөз бар. Ал қазіргі жат ағымдағылар адамдардың, оның ішінде жастардың санасын дәстүріміз бен тарихымызды жоққа шығару арқылы улап жатыр.
Өйткені дәстүрін құрметтемеген, тарихын білмеген адамды басқару оңай. Дәстүрі жараспағанның дәм-тұзы жараспайды демекші, айрандай ұйып отырған бір отбасының тыныштығын бұзу үшін сол отбасындағы бір адамның санасын улау жеткілікті.
Өзімізден де кеткен қателіктер бар. Себебі, балаға күнделікті өмірде қолданып жүрген тыйымдарды, салт-дәстүрдің мән-мағынасын түсіндіре бермейміз. «Болмайды», «жаман болады» немесе «ұят болады» деп 3 ақ сөзбен ғана жауап береміз. Ал бұл жайтты деструктивті діни ағым өкілдері ұтымды пайдаланып кетіп жатыр. Кейін «Қазақ болмайтын нәрсені шығарып алған. Бидғат амалдарды ойдан құраған» деу арқылы өз насихатын жүргізіп жүргендер қаншама?!
Соңғы уақыттары кішкентай қауырсын қалай баланы қорғайды деп бесікке үкі тағуды ширкке шығарып жүр. Біздің үлкен кісілерден себебін сұраған кезде «бәле-жаладан қорғайды» деп жауап беріп жатады. Ал бұл қазіргі жастарға жеткіліксіз. Қазіргі жастардың түсінігі, танымы бөлек. Оларға ашықтап себебін, мән-мағынасын түсіндіру керек.
Аталарымыз қой бағып жүрген кезде мойындарына мылтықтың бос оғын жіппен байлап алады. Себебі қасқырлар оқ дәрінің иісін алыстан сезіп, қойға шаппайтын болған. Сол секілді үкіні де дәл осыған ұқсас себеппен бесікке байлап қояды. Біле білсеңіздер үкі улы жәндіктермен қоректенеді. Киіз үйге улы жәндіктердің кіріп, кішкентай сәбиге зиян тигізу қаупі болғандықтан үкіні бесікке тағып қойған. Бұл жерде ешкім үкіге табынып, сыйынып жатқан жоқ. Жай ғана ата салттан қалған әдет болып саналады.
Сонымен қатар қазақта келін босанып келгенде қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тазартып, қақпа алдына іліп қоятын ырым бар. Бұл қандай ырым десеңіз, егер мойын омыртқаны іліп қоймаса, баланың мойны қалтылдақ болады деп айтады.
Егер бұл нәрсе осыған ғана байланысты болса, онда қалжаға мал соймайтын өзге ұлт, халықтардың балаларының мойны неге қатаймай, қалтылдақ болмайды деген сұрақ туары сөзсіз. Бірақ, бұл ырымды басқа қырынан қарастырсақ, бұл біздің әдептен туындаған ырым екенін көреміз.
Бір адам басқа үйге келгенде есік алдындағы мамағашта (ат байлайтын ағаш) мойын омыртқа ілініп тұратын болса, «мына үйде жақында босанған келін бар екен, мен бейсауат кіріп бармайын» дейді екен. Себебі жаңа туған сәбиді келін омырауын ашып емізіп отыруы, болмаса сәби ұйықтап жатуы мүмкін. Демек, үйде кішкене бала барынан хабар беретін белгі десек те болады.
Міне, осы секілді салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдардың түп тамырын түсіндіріп, жастар арасында кеңірек насихаттау біздің міндетіміз. Сол кезде ғана біздің жастар жат идеологияға қарсы тұра алады. Жат ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет ұлттық тәрбиеден басталатынын ұмытпаған жөн.
Сұхбаттасқан, Ақпараттық-талдау орталығының маманы Ә.Өтешова