Исламдағы әйелдің орны мен құқығы

Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – бар­ша әйел за­ты үшін адам­зат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.

Сол кезде Жаратушы Ие надандық дәуіріндегі осы бір тағылыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуге шақырды: «Жар­лы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің на­шар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят).Сондай-ақ, қиямет күнінде бейкүнә сәбилерге көрсетілген жауыздықтың есебі сұраққа алынып, жа­за­сыз кетпейтіндігі ескертіледі: «Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінә-ларың бар еді, нен­дей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…» («Такуир» сүресі, 8-9 аяттар).

Бірде үлкен сахабалардың бірі өткенін еске алғанда, кейде қатты жылағысы, кейде күлгісі келетінін айтқан еді. Қасындағылар мұның себебін сұрағанда: «Жылағым келетін себебі – Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құм-топырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамас-тан тірідей көміп кетіп едім. Сол бір қатігездігім есіме түскен сайын, еріксіз көзімнің сорасы ағады. Ал күлгім келетіні – жаһил кезімізде ұннан әртүрлі мүсін жасап, соған табынатын едік. Кейде соны отқа пісіріп жеп те қоятынбыз. Сол кезгі надандығымызға қазір күлкім келеді», − деп жауап берген екен. Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз балаларға мейіріммен, аяушылық-пен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады. Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген еді (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 228.).

Ер кісілермен қатар әйелдер де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп серт беретін. «…Мұндай серттерін білдіру үшін кейде топ-тобымен келіп жатса, кейде 2-3 әйел бірге келетін еді. Олар серт беруге келгендерін айтқанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) берген серттерін қабылдап, оларға керекті үгіт-насихат айтатын. Осындай серт беру оқиғасын Сәлма бинт Қайс былай баяндайды: «Ансарлы әйелдермен бірге топ болып келіп, пайғамбарымызға серт бердік. Расулулла (с.ғ.с.) бізге Аллаға серік қоспауды, ұрлық жасамауды, зинаға жанаспауды, балаларымызды өлтірмеуді, біреуге жала жаппауды, өзіне қарсы келмеуді насихат етті және «Күйеулеріңді алдамаңдар» деді. Біз осы айтылғандарды орындауға уәде бердік. Үйге қайтып бара жатқанда, бір әйелге пайғамбарымызға қайта барып әлгі «Күйеулеріңді алдамаңдар» дегенінің мәнісі не екенін сұрауын өтіндім. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұның «Күйеуінің рұқсатынсыз оның дүние-мүлкінен ешкімге ештеңе бермеу» екендігін түсіндіріпті» (Ш. Әділбаева, «Алғашқы мұсылман қоғамындағы әйелдер». Конференция материалы.).Мәдина кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылмандар қатты қиналғанда, әйелдер алтын, күмістен жасалған жүзік, сырғаларын, алқаларын пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әкеп табыстап, мұсылмандарға көп көмек көрсеткен. Бұл да әйелдердің дін үшін барлық жанқиярлыққа бара білген ықыластылықтарын дәлелдеуде.

Ислам тарихшыларының сөзіне сүйенсек, әйелдер дін үшін Исламдағы соғыстарда айтарлықтай белсенділік танытқан. Керек кездерінде түрлі қызметтер де атқарған. Айталық, Исламның алғашқы кезеңінде мұсылман болған әйелдердің кейбіреулері жасырын тыңшылық қызмет жасады. Олар мұсылмандарға мүшріктердің қитұрқы жоспарларын астыртын жеткізіп тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға ірге көтеріп, қоныс аудармақ болғанда, оған таң алагеуімде қастандық жасамақ болған мүшріктердің арам пиғылын мұсылмандарға алдын-ала хабарлаған Рукәйка бинт Әбу Сайфи еді. Сол түні Алла елшісінің (с.ғ.с.) төсегіне Әли (р.а.) келіп жатып, үй торыған дұшпандар пайғамбарымыздың қай уақытта үйден шығып кеткенін сезбей, айлалары іске аспай, сан соғып қалып еді (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Бәйрут, 1968. Б. 52.).Сол жолы Мәдинаға һижрет етіп бара жатып мүшріктерден жасырынып, үңгірді паналаған кездерінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен қасындағы Әбу Бәкірге оның қызы Әсманың тамақ тасып, басқа да керек-жарақтарын жеткізіп тұрғаны тарихтан белгілі (Бухари Әбу Абдиллаһ Мухаммед ибн Исмаил, Сахих, IV, Станбул, 1981. Б. 13.).

Ислам үкімдерін әйелдер де ер кісілерден кем меңгермеген. Бір ғана Айша анамыздың (р.а.) өзі дінге көп еңбек сіңірген. Сонымен қатар, ол көпшіліктің сый-құрметіне бөленген дін ғалымы болған, пәтуа беретін биік деңгейден көрінген. Жастарының ұлғайғанына қарамастан кей сахабалар білмеген нәрселерін келіп Айшадан (р.а.) сұрайтын. Келтірген айқын дәлелдері Айшаның (р.а.) пікірін оларға еріксіз мойындататын. Тіпті, хазреті Омардың (р.а.) өзі білмеген нәрсесін хазреті Айша анамыздан (р.а.) үйренетін. Оның әсіресе сүннетке қатысты мәселелерді жиі сұрайтын бірден-бір адамы осы Айша анамыз (р.а.) еді. Хайра бинт Әби Хадра әл-Әсләми, Умәйма бинт Абд ибн Бижад, Рукайка бинт Хуәйлидтің қызы Умәйма, Зейнеп бинт Қайс (р.а.) секілді есімдерді де ұстаздық жасап, Ислам дінінің кеңірек тарауына үлес қосқан әйел кісілердің қатарында айта кетуге болады. Айша анамыздан (р.а.) табииндардан Саид ибн Мусәииб, Әлқама ибн Қайс және Мәсрук ибн әл-Әжда сияқты хадис алыптары хадис риуаят еткен. Сахих хадис кітаптарында Айша анамыздың (р.а.) берген пәтуалары өте көп кездеседі. Хазреті Айша (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір бойы ешқандай қызметшіні ренжітпегенін, ешқандай әйеліне қол көтермегенін айтады.

Қорыта келгенде, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұш-тастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.

 

Күшікбаев Аят

«Шапағат» ҚҚ теолог маманы

Исламдағы әйелдің орны мен құқығы

 

 

0

Автор публикации

не в сети 1 неделя

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 859Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля