Жоғалып бара жатқан игі дәстүрлер

Халқымыздың түп-тамырынан бастау алатын, өзгеге жанашыр, қайырымды болуға шақыратын ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұратын салт пен дәстүр көп-ақ. Біздің қазақ «Қайырымды болсаң, қайырын өзің көресің» деп ізгілік жасауға ерекше мән берген. Өкінішке қарай соның біразы ұмытылып та барады. Біржола жоғалмаса да, біршама ескірген, көп аймақта қолданыстан шығып қалғаны да бар. АСАР Көптің көмегін пайдаланып үй салу, егін жинау немесе шөп шабу сияқты ауқымды әрі ауыр жұмыстарды бірлесе атқаруды «асар» деп атайды. Адамдардың игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігі жарасады. Мұндай дәстүр тек шаруаны бітіру тұрғысынан ғана емес, туған-туыс, дос-жаранмен бір уақыт кездесу әрі сырласу мақсатында да қолданған. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, басы қосыла бермейтін ағайын асарда бірін-бірі көріп, мәре-сәре болады. Екіншіден, жақыныңның жұмысы да жеңілдей түседі. Әрине, асарға келген адам ақы алмайды. Оларға арнап үй иесі қазан көтеріп, дастарқан жаяды. Мүмкіндік болып жатса, қой сойып құрметтеп жатса, құба-құп. Қазақтың «Көп түкірсе – көл» деген аталы сөзі де осы асарға байланысты айтылғандай. Шыны керек, бүгінде асарлатқан ағайынды да көп көре бермейміз. Заман ағымы мен уақыт талабы басқа арнаға бұрылғандай. Қайда барсақ та уақытын жеткізе алмай, мұрнынан шаншылып жүрген адамды көреміз. Асарға бармақ түгілі, өз жұмысын бітіре алмауда. Үй салуды бастағандар көпшілікті асарға шақырғанша, кәсіпқой маманға тапсырғанды жөн көреді. Бұл – уақыт әрі сапа жағынан да тиімді. Өйткені заманауи баспананы тұрғызуды екінің бірі біле бермейді. Талғам мен талап қатты өзгерген кезде өмір сүріп жатырмыз. Үй салу сияқты іргелі істерді ғана емес, есік алдындағы майда-шүйде шаруаның өзін ақысын беріп, жалдамалы жұмысшыларға істететін болдық. Осылайша ағайын-туыс, дос-жаран мен жақын-жуықтың асарда басын қосатын дәстүріміз өздігінен ұмытылып барады. Дегенмен ауызды құрғақ шөппен сүртуге де болмайды. Соңғы кездері жер-жерде, әсіресе аудан орталықтары мен ауылдарда мектеп бітіруші түлектердің 20 немесе 30 жылдық мерейтойында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға асарлатып баспана тұрғызып беру дәстүрге айналып келеді. Бұл игі іске бүкіл ауыл жұмыла кірісіп, аз уақыт ішінде құрылысты аяқтап, мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеуде. Сондай-ақ медресе мен мешіт құрылысын да асарлатып жатқандар баршылық. ШҮЛЕН ТАРАТУ Шүлен тарату, шүлен тарту – дәстүрлі қазақ қоғамындағы жәрдем мен қамқорлық түрі. Бұл – парыз да, зекет те емес, тегін таратылатын дүние-мүлік. Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Оның мақсаты – жағдайы мұқтаж адамдарға көмектесу. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл – қайырымдылық іс-шарасы. Шүлен тарату салты күз түсіп, мал саны көбейгенде хан-сұлтандар мен дәулеті тасыған байлардың кедейлерге тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіруі арқылы жүзеге асқан. Бұл біріншіден, кедей-кепшіктің келе жатқан қыстан аман шығуына жәрдемдесу болса, екіншіден көптің алғысын алудың амалы десе болады. Шүлен таратқан жандардың ел арасындағы беделі артып, алыс-жақын жерлерге ол жайлы мақтау әңгімелер тараған. Жалпы, адамдарды бауырмалдыққа баулитын, қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін бұл дәстүрдің игілігі көп. Шүлен тарату халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болған.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Жоғалып бара жатқан игі дәстүрлер | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля