Мемлекет пен діннің ара қатынасы
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Республикасы елдің экономикалық дамуын ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарды да күрделі өзгертті. Еліміз конфессионалдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатта әлемдік тәжірибеде ең тиімді болған, көп ұлтты елімізге оңтайлы зайырлылық ұстанымын таңдап алды.
Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды.
Зайырлылық — адамның діни сенімге бостандығын мойындап, діндарлықты адам болмысына тән сипат ретінде айқындайды және әлемнің көптеген елдерінде осы принцип арқылы мемлекет пен дін қатынастары реттелуде.
Уақыт өте, елімізде тарихи және діни тәжірибені ескере келе мемлекет пен дін қатынасын реттеуде, сонымен қатар мемлекеттік және қоғамға ықпалы зор әлеуметтік институттардың белгілі бір тобына оң көзқарас танытушылықты, қолданып келетіні де байқалады.
Мұны біз сол бағыттың кейбір атрибуттарының мемлекетіміздің дін саясатында қолданылып жатқандығынан көруімізге болады. Мысалы, Құрбан Айт және Рождество сияқты діни мерекелерге ресми мемлекеттік демалыстың берілуі, қарапайым халық арасында, діни экстремизм және терроризммен күреске мешіт имамдарының тартуы, теология бағытында жоғары білім орындарының ашылуы, мемлекеттік телеарналарда ислам дініне қатысты танымдық бағдарламалардың іске қосылуы және т.б шаралардан зайырлылықтың белгілері айқын аңғарылады.
Аталмыш шаралардың бәрі, ұлттық мүдде мен дәстүрлі дінімізді мемлекет мүддесімен ұштастырып, тұтастығымызды нығайта түсуге өз септігін тигізуде.
Қ.Құбайдоллаев, «Ақпараттық-талдау орталағының» басшы орынбасары