Мұсылмандарға футбол көруге бола ма?
Белгілі исламтанушы Абдусамат Қасым әлеуметтік желіде “Мұсылмандарға футбол көруге бола ма?” деген сұраққа жауап берді. “Ислам дінінде көңілді сергітер жақсы нәрселерді қызықтау күнә емес. Мысалы, сахих риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша анамызға мешітте қылыш-найзамен өнерін көрсетіп жатқан бір топ эфиопиялық ер адамдардың өнерлерін қызықтауға рұқсат берген. Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) арт жағында тұрып қызықтаған еді. Бұдан футбол сияқты спорт түрлерін қызықтаудың күнәсі жоқ екенін түсінеміз”, – деді ол. Дегенмен, исламтанушы футболға тым қатты берілмей, намазды қаза қылмай және өзінің міндеттемелерін ұмыт қалдырмауы керек екенін еске салды. “Өйткені кей мубах (рұқсат) нәрсені шамадан тыс істеу мәкруһ үкімін тудырады. Керісінше мұстахаб (жақсы) амалды көп істеген сайын сауап болады”, – деп түсіндірді Абдусамат Қасым. “Сосын белгілі бір командаға жақтасудың да күнәсі жоқ. Бірақ, жақтасуы қарсылас команданы сөгуге және олардың жанкүйерлерін тілдеуге алып келмеуі керек. Не жағдайда да орта жолды ұстанған жөн. Футбол көру мәселесінде де солай: жөні жоқ “харам” деп тым қатайып алған да дұрыс емес. Сол сияқты “халал” деп футболмен тым қатты ауырған да жөн емес”, – деп ойын түйіндеді исламтанушы.
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Мұсылмандарға футбол көруге бола ма? | Қазақстандағы Ислам