«Толық адам» ілімі – рухани тәрбие өзегі

Ұлт болмысының басты құн­дылықтары – тіл, дін және дәстүр. Осы турасында Француз философы Рене Генон мынандай мәлімет келтіреді: «Париждегі Француз Орта Шығыс институтының ғалымы Поль Пеллиот Орта Азия мұсылман өлкелеріне миссионерлік саясатпен барады. Бірақ, бірнеше жылдан кейін ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай қайтады. Себебі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бекем ұстаған халықтар оның уағыз-насихаттарын құлағына да ілмеген» дейді.

Салт-дәстүрі берік елдің діни қорғанышы болатындығына бұл да бір айқын дәлелі. Дін – адамның ізгі қасиеттерін танытатын болса, дәстүр ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін қажет.

Өткен тарихта большевиктер билігі қазақ халқын тілінен, дінінен және дәстүрден айыруды мақсат еткендігі бәрімізге белгілі. Ең алдымен  ұлттың қасиетін және рухы биік ойшылдарды, зиялы қауымды жою саясаты болды. Әрине, ұлттың төл мәдениеті мен түзу діні сақталған жерде зиялылардың дұрыс өсіп жетілетіндігін тарих дәлелдеді. Сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы діни адамдар елдің бірлігімен қатар, ұлттық бірегейлікті, қоғамның рухани тереңдігін сақтап отыруда үлкен еңбек сіңірген. Нәтижесінде бабаларымыз шамасы келгенше ұлттық мүддеге қорған болып, сақтап қалды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту және ұлттық сананы түлету ісінде қазақ ойшылдардың рухани еңбектерін басшылыққа алғанымыз жөн.

Өткен тарихи жолды білу, ұлттық мүддені түсіну, болашақ ұрпаққа рухани құндылықтарды жеткізу – ортақ міндет болуы тиіс. Сондықтан қазақ халқының рухани жағынан қайта даму, өрлеу, өркендеу кезеңінде ұлттық дәстүр мен дінді қастерлеу, ұлтына, еліне, мәдениетіне шынайы сүйіспеншілікпен қарайтын тұлғаны рухани дүниесін қалыптастыра тәрбиелеу керек.

Рухымызды биік, мәдени құндылықтарымызды сақтай отырып, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге бере аламыз. Ата-бабаларымыздың бізге «Үш қасиетті: тіліңді, дініңді және діліңді сақта!» деп қалдырған аманатқа сәйкес, Ж. Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» деп айтып өткен.

Қазіргі дамыған мемлекеттердің барлығы биік тарихи-рухани тұлғаларымен мақтана алады. Олардың арасында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері де бар. Қазақ халқының рухани мәдениетінде Ясауиден бастап Абайға дейінгі зиялылардың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылдарды қоғамға лайықты деңгейде таныта алмай келеміз. Осы ретте «Неге қазақтың бітім-болмысын, рухани мәдениетін Ахмет Ясауиден бастап, Абай, Шәкәрімге дейінгі ұлы рухани ағартушылар арқылы танытпаймыз?» – деген сұрақ туындайды.

Ұлы Абайдың рухани дүниетанымына баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» (толық адам) ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің хәкім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға. Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта қарап, қолға алу қажет. Алдымен, ұлы ақын неге «толық адам» іліміне келді деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

ХІХ ғасыр – Ресей патшалығының қазақ даласын отарлауының күшейген кезі. Ел билігіне болыстық жүйенің енгізілуі – қазақ халқының мінез-құлқына үлкен өзгерістер әкелді. Ел адамдарын бір-біріне айдап салу, ортаға майлы жілік тастап, билікке таластырып қою (болыстық сайлау), содан туындап жататын әр алуан жағымсыз мінездерді одан сайын күшейту, пара беру мен пара алу, күншілдік пен арыз жазу, жағымпаздану, сатқындық, берген парасын елден үстемелеп қайтарып алу үшін жаныға жанталасып, түрлі әрекеттерге бару – өзге де толып жат­қан ұсақтану мен ұлттық рухтан айы­­­рыла бастауды Абай өз заманында терең сезінді.

«Толық адам», шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн.

Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Жеке басы үшін халық, ұлт мүддесін ойланбай сатып жіберетін пақыр. Ел тұтқасын ұстаған адамдар осылай азғындаса, ел болашағы не болмақ? Отаршылдықтың дендей еніп жатқан осындай сұмдықтарына қандай тосқауыл қоюға болады? Халық­ты жамандықтан сақтап қалудың жолы қандай? Отаршылдықтың бетін қай­та­рып тастайтын қазақ даласында күш жоқ. Ондай күшті ұлы ақын таба алмады.

Міне, осы ретте Абай халықтың берік сенімі мен мықты рухы ғана өзін сақтап қалатынын түсінді. Ол үшін халықты, жас ұрпақты соған бағыттайтын ілім қажет деп ойлады. Абай шығыс философиясына ден қоя отырып, оны өз тарапынан толықтырып, тереңдетті.

Қазіргі қоғамда халқының мінез-құлқы мен кеңпейілділігі бұзылып бара жатыр. Көпшіліктің көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», –деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғым үнемі бірлікте болса, адамның көкірек көзі ояу болып, рухани кемелдікке жақын болады. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы. «Толық адам» ілімінің рухани бағытын әрбір қазақ білуі қажет. Шәкәрімше айтқанда «Ел бастайтын жастар жай жатпауы керек. Ғылымға аш болуы керек».

Сол үшін жастарға рухани тәрбие мен білім беруді көздейтін жобаның бірі – «Толық адам» ілімін оқу процесіне ендіру қажет деп ойлаймын. Педагогикалық процесте тәрбие мәселесі бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс, ол мектеп өмірінің барлық тұстарына сіңіру міндет. Ілім мен білімді тәрбиеден ажырату – залалды іс-әрекет, егер ақыл-ой білім беру жүйесі рухани білім берумен ұштаспаса, ілім өз мақсат-мұратына толықтай жете алмайды.

Сонымен қатар, қоғамдағы діни радикализм көріністері, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы Қазақстанды да айналып өтпегенін айта кеткен жөн. Бүгін мемлекет пен қоғам жаһандық қауіп төндіретін діни экстремизм мен терроризмге қарсы бетпе-бет келді. Тек биылғы жылы экстремизм мен терроризмге байланысты 139 құқық бұзушылық тіркелген екен. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 953 қаулысымен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспарыда» бекітілді. Осы кешенді жоспарда көрсетілгендей «Білім беру ұйымдарында «Қоғам және дін» инновациялық курсын оқытуда оқушылардың бойында діни ілімдердің ерекшеліктері мен тарих туралы ғылыми білімді қалыптастыруға, жастарды бейбітшілік, мәдени және діни алуан түрлілік рухында тәрбиелеуге бағытталатын болады» – деп өте дұрыс қарастырылған мәселенің бірі.

Бұл жағдайда білім алушы жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Жастар діни радикалдардың әсеріне ұшыраған осал топтардың бірі. Осыған байланысты студенттер мен оқушыларда діни ілімдердің ерекшеліктері мен тарихы туралы ғылыми танымды қалыптастыру, жастарды бейбітшілік, мәдени және діни алуан түрлілік рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту қажет.

Алайда, жоғары оқу орындарында барлық мамандықтарда өтілетін «Дінтану» факультативтік курсын алып тастап, орнына «Рухани сабақтастық» курсы жүріп жатыр. Мектептерде 9-сыныптарда жүргізілетін «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту жүйесінің сапасы жақсы деп айта алмаймыз. Осы курсты жүргізетін тарих мұғалімдері де еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыруына байланысты үлес қоса алмай, діни тақырыптағы маңызды ақпараттарды тиісті деңгейде жеткізетін сауатты дінтанушы мамандардың жоқтығын алға тартады.

Сол үшін мектептерде «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқытатын арнайы жоғары білілікті дінтанушы мамандарды жұмысқа тарту керек. «Дінтану» пәнінің біздің қоғам үшін маңызды және бұл пәнді идеологиялық құрал деп атаса да болады.

Қазіргі таңда алаңдатып отырған мәселе – жастардың интернет желісіндегі шетелдік дін уағызшыларының кесірінен өзге діни идеологияны көзсіз қабылдауы. Осы мақсатта рухани тәрбие бағытында жүйелі жұмыс жүргізу жалпы орта білім беретін мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Мұндай өнегелі бастаманы ұлы ұстаз Ы. Алтынсарин осыдан бір жарым ғасыр уақыт бұрын өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқулығының кіріспесінде: «…біріншіден, қазақ жастарының дiн жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін; екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алып кетпеуі үшін, мен соңғы кезде Мұхаммет шариғатын үйрене бастап, …осы оқу құралын құрастыруға кірістім», – деп жазып өткен болатын.

Негізінде бұл «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқыту жүйесін оқытудағы мақсат – еліміздегі жастардың дін туралы сауаттылығын арттырып, болашақта әртүрлі теріс ағымдардың соңынан еріп кетудің алдын алу екендігі даусыз. Алайда бұл қаншалықты дейгейде тиімді орындалуда деген сұраққа ешкім толық жауап бере алмайды. Бірақ оның да деңгейі мен мазмұнының қаншалықты нәтижелі боларын уақыт сараптайды.

Білім беру жүйесі жеке тұлғаның және қоғамның қазақстандық патриотизмді, халықтың ұлттық және рухани дәстүрлерін құрметтеуді қалыптастыруда іргелі рөл атқаратынын ескеру қажет. Сондықтан мемлекет қоғамның қазіргі ахуалын қадағалау ғана емес, болашақ келеңсіздіктердің алдын алуға да міндетті. Яғни, дәстүрлі діндердің барынша дәріптелуін, теріс ағымдардың идеологиясын барынша алдын алу деп түсіну керек.

Мәселен, 2008 жылғы Англияның ішкі қауіпсіздік қызметінің материалдары бойынша террорлық әрекеттер мен соларға жақын тұратындардың көпшілігі дінді жақсы білмейтін, тіпті діни міндеттерін орындамайтындар екендігін жазады. Ал оның алдын алу ретінде діни ағартушылық пен діни мекемелердің жұмысы дұрыс жолға қойылу керектігін көрсеткен болатын.

Демек, қазақ қоғамында діни-ағарту­шы­лық ой-сана рухани жағын түгел қамти отырып, қазақ әде­бие­тінде оның ішінде фольклор, жыр-дас­тандар, ауызша және жазба әдебиеттің барлық жанрлардың, тәрбие және білім беру жүйесінің, ұлттық идея мен идеологияның қалыптасуына тікелей әсер ету керек.

Психолог ғалым В. Франкл өз сөзіңде: «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің төте жолы жалғыз. Ар-ұятты тоқтаусыз қайрап, егеп, өткірлей берудің жолдарын жастарға үздіксіз үйретуіміз керек. Басқасы бос сөз. Ар-ұят феномені кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір» деген идеяны қайталаудан жалықпаған.

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,

дінтанушы-магистр

0

Автор публикации

не в сети 7 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 859Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля