Форум қатысушылары Үндеу жариялады

Ақтау қаласында өткен «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: қазіргі жай-күйі мен перспективалары» атты халықаралық форумға қатысушылар Үндеу қабылдады.

Үндеу мәтіні төменде:

“Орталық Азия – тарихы ортақ, тегі бір, тамырлас түркі халықтарының ежелгі атақонысы. Бұл өлкедегі діни тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық татулықты нығайту, дінаралық келісімді кемелдендіру, деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес, мемлекет пен дін дін қатынастарын жетілдіруге бағытталған өзге де өзекті істерді атқару – әрбіріміздің ортақ міндетіміз.

Осыған орай, біз, «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: қазіргі жай-күйі мен перспективалары» атты халықаралық форумға қатысушылар, бүгінгі іс-шарада көтерілген келелі мәселелер мен айтылған кесімді ой-пікірлерді қорытындылай келе, 5 тармақтан тұратын Үндеуімізді қабылдадық:

Біріншіден, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, мемлекет пен дін қатынастарын реттеп, оны жетілдіруге бағытталған әрбір ісімізде өзара тәжірибе алмасып, бірімізде жоқты екіншімізден үйренуімізге жағдай жасай беруіміз керек. Зайырлылық ұстанымы – біздің мемлекеттеріміздің таңдаған жолы. Зайырлы ел – атеизм емес, ол дінмен басқарылмайтын құқықтық мемлекет дегенді білдіреді. Мұндай мемлекетте азаматтардың дінді ұстануына еркіндік беріледі және діни бірлестіктердің толыққанды қызмет етуіне жағдай жасалады. Мемлекет олардың ішкі істеріне араласпайды, дегенмен деструктивті діни ағымдар мен идеологиялардың таралып кетуіне жол бермеу үшін дін саласын қадағалап отырады.

Біз зайырлылық ұстанымының өз аймағымызға, өз дүниетанымымызға, дініміз бен ділімізге сай келетін сипатын одан әрі дамытып, сол арқылы дінаралық ынтымақ пен тұрақтылықты сақтуға атсалысуымыз керек.

Екіншіден, біз әлемде және Орталық Азияда етек алып жатқан қатерлі діни ағымдарға, экстремистік және террористік қозғалыстарға қарсы тізе қосып күресуге мүдделіміз. Теолог ғалымдар діни экстремистік ағымдарға ерудің негізгі екі себебін көрсетеді: бірі – діни сауатсыздық болса, екіншісі – материалдық қажеттілік.

Қазіргі таңда Қазақстанда діни сауаттылықты арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде, мемлекет тарапынан арнайы комиссиялар құрылып, халық арасында ақпараттық-насихаттық топтар түсіндіру жұмыстарын атқарып жатыр. Дегенмен, ақпараттық соғыс заманында күн сайын жаңа қауіптер пайда болуда. Сондықтан өмір ағымынан қалмай үнемі ақпараттанып, әрбір қатерден уақытылы құлағдар болудың да мәні зор.

Екінші себебіне келсек, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды жоғары жалақымен, баспанамен қызықтырып, өз қатарларын толтыру мақсатында түрлі «жарнамалармен» алдап, соңында сан соқтырып жатқан жағдайлар жиі көрініс тауып жатыр. Сондықтан бұл қауіпті құбылыспен күресу үшін дін ұстануға ниеттеніп жүрген жастарды жете бақылап, дұрыс ақпарат алуға жағдай жасау қажет. Егер таңдаған жолы бұрыс болса, түсіндіру арқылы көзін жеткізіп, дәстүрлі дінге бейімдеу қажет.

Бүгінгі халықаралық форум барысында айтылған «Таблиғи жамағат», «Деобандилік», «Йакын Инкар», «Талибан» секілді деструктивті діни ұйымдардың зияны мен қателіктері хақында халыққа кеңінен ақпарат беріліп, олардың адаспауларына мейлінше ықпал жасау маңызды.

Үшіншіден, түбі бір түрік мұсылмандарының діни тарихы әлі де терең зерттеуді талап етеді. Осы мақсатта биыл Түркістан қаласында Орта Азия мемлекеттерінің діни басқармаларымен келісе отырып түркі мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасы» мәжілісі мен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.

Біз түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихатына жол бермеу жұмыстары бойынша ынтымақтастығымызды арттыра беруіміз керек.

Біз діни тарихымызды терең зерттеу арқылы түркі халықтарының рухани бірлігін қамтамасыз ете аламыз. Рухани мұраларымызды тауып, халыққа жеткізу ісінде өзара іс-әрекеттестігімізді нығайту – кезек күттірмес мәселе.

Төртіншіден, азаматтарымызды теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтау мақсатында діни оқу-ағарту бағытындағы байланысымызды одан әрі тереңдете беру керек. Әсіресе, білім қуған жастарымыздың дәстүрлі діни бағытымыз – сенімдегі Мадуриди ақидасы және амалдағы Ханафи мәзһабы бойынша білім беретін іргелі оқу орындарында білім алуларына жағдай жасау маңызды.

Бесіншіден, біз мұсылман қоғамының тек дін ісімен шұғылданып кетпей, жаңашыл ойлау мен заманауи тенденцияларға ілескенін қалаймыз. Әрбір қоғам өз мәдениетін, тарихын, болмысын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Екінші жағынан өткенге ғана иек артып қалмай, болашаққа да көз жіберіп, салауатты және салмақты түрде ілгерілеу, жаңару, даму қажет. Мұсылман қоғамындағы артта қалушылық, надандық, фанатизм, кедейлік, санасыздық, фатализм сияқты адамды кері тартатын келеңсіз жағдайлардан арылуымыз керек. Осыларға қарсы күресіп, халық арасында сана-сезімді арттыруды мақсат ете отырып, екінші жағынан ислам құндылықтарымен үйлеспейтін кейбір тарихи-мәдени құндылықтарды жою арқылы діни және ұлттық жаңаруды жүзеге асыруға тырысқанымыз абзал.

Мұсылман әлемінің рухани тұтастығы, бірлігі мен ынтымағы артып, игі дұға-тілектері қабыл болғай. Әмин!”

0

Автор публикации

не в сети 1 неделя

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля