Экстремизмнің алдын алу шарасы
Экстремизм – «шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағына береді – жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді.
Экстремизм саяси, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік, діни т.б. мақсаттарға тыйым салынған жолдар арқылы қол жеткізу дегенге саяды. Экстремизмнің түрі, бағыты сан түрлі. Олардың негізгілері ретінде ұлттық, саяси және діни мақсатты көздейтін жымысқы іс-әрекеттерді атауға болады. Ұлттық экстремизм деп өз ұлтын «сақтау», оның мәдени, экономикалық құндылықтарын «қорғау» сылтауымен өзгелердің құндылықтарына зиян тигізу, қауіп төндіру әрекеттері болып танылады. Ал саяси экстремизм ретінде қоғамдық заңдылықтар негізінде қалыптасқан жүйені күшпен алмастыруды көздейтін әрекеттер болып саналады. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда кең таралған және көп айтылатын діни экстремизм түріне діни қағидалар аясында өзге дін немесе сенім өкілдеріне, сондай-ақ дінге сенбеуші азаматтарға өз сенімін күшпен тықпалау немесе соған сәйкес әрекеттерге бару іс-қимылы жатады.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында экстремизмге мынадай анықтама берілген:
— жеке және (немесе) заңды тұлғаның, белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;
— Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
— нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);
— дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы.
Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, ислам дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты-әлемдегі адамзат арасында бейбітшіліктің болуына негізделген. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталатын топтардан басқа мүдделер мен себептерді іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.б. мақсаттарына зер салып тексеру қажет. Тағы бір мәселе, «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың пиғылы бөтен екендігін де білгеніміз жөн. Егер олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористерді немесе экстремистерді айыптар еді. Алайда олардың білместіктен немесе әдейі белгілі бір мүдде үшін исламға тіл тигізіп жатқандықтарына куәгер боламыз. Террорист ұйымның мүшесі кез-келген бір мұсылман мемлекетінің азаматы болуы мүмкін. Осы тұсты пайдаланып, кейбір ақпараттар дереу «мұсылман террористер» деп айыптауға көшеді. Өзге діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың дініне тіл тигізбей, басшысының аты, шыққан жері немесе саяси көзқарасы туралы ғана айтылады. Мысалы, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашан «Христиан террорист Баск тобы» деп айтылмайды. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «Католик христиан террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес. Токио метросында улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапон буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористер» деген сөзді қолданыста да кездестірмейсіз. Біреулер үшін террор – саяси және жеке мәселелерді шешудің әдісі болса, ал тағы біреулер үшін – ұлы апат. Сондықтан, мұның негізінде белгілі бір дінді жағымсыз етіп көрсету секілді көзқарастарды қалыптастырудың тұрғанын айта кетуге болады. Терроризмнің түп-тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдемелер ешқандай сын көтермейді. Өткені, терроризм белгілі бір идеологияны пайдаланатын құрал болып табылады.
Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығы – осының дәлелі. Сонымен қатар, көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты, қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр.
Экстремизмнің белгісі адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Сол себепті, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру керек. Дінге қызыққан жастарға діни оқу орындарында немесе мешіт имамдарынан сабақ алуды қадағалау қажет. Халық арасында діни сауаттылықты арттыру тұрғыдан жалпы кездесуді көп ұйымдастыру дәстүрлі діни бағытын қалыптастырады деген сеніміміз мол.
Экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу. Қазақ халқы ежелден ұрпағын ержүрек, қайсарлыққа, басқаның ала жібін аттамайтын адалдыққа, өзі түгіл астындағы мінген атына доңыздың басқан жерінен шөп жегізбеген тазалықты, қазақ мәдениетінде тау халықтарының дархандығы, кеңпейілділігі, жер жылжыса да жылжымайтын сабырлылығы, сөз тапқанға қолқа жоқ деп аталы сөзге тұрып азаматша іс тындырған бегзаттық жатыр. Қолына су құйған жас балаларға ақсақалдардың таудай бол деп бата беретініде осындай қазақ ұлты әрқашан тауға ұқсағысы келген асқақ арманына болса керек. Қазақ мәдениетінде отбасы институтында «әке асқар тау, ана мөлдір бұлақ, бала жасыл құрақ» деген түсінікте осы арманмен сәйкескен ұлы түсінік. Бұлардың барлығы дәстүрге сіңіп етене арласып кеткен дүниелер. Ал Ислам діні ешқашан кез-келген ұлттың тілі мен діліне, дәстүрі мен әдет-ғұрпына шектеу қоймайтын бейбіт дін екенін білеміз. Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз ислам келгенге дейінгі 14 ғасыр бұрын қалай болса, исламды қабылдағаннан кейін де солай қала берді, бұдан кейінде осылай қала бермек. Себебі біздің ұлттық дәстүрлеріміздің ешқайсының ислам дінінің негізі саналатын бес парызы мен алты иман шартына, жеті үлкен күнә мен мұсылман баласы жасауына рұқсат етілген барлық салих амалдардың ешқайсысына қайшы келмейді.
Экстремизмнің жоғары айтылған мәселелерден бөлек алдын алу шаралары:
— Келешек ұрпаққа рухани тәрбие беру;
— Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру;
— Жастарға салт-дәстүрді үйрету;
— Жастарға ұлттық құндылықтар мен ұлттық тілді дәріптеу.
Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта қоғамда өзекті болып жатқан мәселелердің бірі. Экстремизмнің алдын алу үшін жоғарыда айтқандай, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру ең маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ, болашақ жастарға қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрді дәріптеу керек. Осыншама кең байтақ жерді сақтап қалу үшін тарихты, дінді, тілді сақтап қалу басты міндеттеріміздің бірі болып саналады.
Н.Әмзеев
«Оңалту жұмыстарын
ұйымдастыру» бөлімінің маманы