Ілімсіз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ
Білім деген ұлы құндылық жайында сөз еткенде, әуелі ілім үйренуге әмір беріп, ғылым тануға талпындырған Алланың мына кәләми шәрифін еске түсірмей өте алмаспыз: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Рабың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен.
Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар).
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Білім іздеу мұсылман ерге де, әйелге де парыз», «Білім мен хикмет – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алады» деген хадистерін көкейге түйген мұсылмандар әрқашан ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан.
Біліммен қатар жас ұрпаққа тәрбие беру – маңызды іс. Дін исламды өмірінің ажырамас қағидаты еткен мұсылман жұртшылығы әу бастан рухани тәрбиеге терең ден қойған. Тарихқа жүгінсек, мұсылмандық бастауыш діни мектептер (мактаб) VII ғасырда мешіттердің жанында пайда болды. Исламның нағыз гүлденген кезеңінде көптеген мұсылман елдерінде жоғары санаттағы медреселер қызмет көрсеткен. «Бәйт әл-Хикма» (Бағдад ІХ ғ.), «әл-Каравийия» (Бағдад ІХ ғ.), «әл-Азхар» (Мысыр Х ғ.) сынды діни оқу орындары мен медреселер мұсылман әлеміне аса танымал. Мұндай діни оқу орындарының өзіне тән ерекшелігі болған. Тіпті, мұсылман елдеріндегі медреселердің өзі білім беруде Еуропадағы колледждер мен университеттердің деңгейімен тең тұрған.
Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 20 медресе болғаны айтылады. Мұндай мәліметтерден халықтың рухани қуатты, жастарының діни сауатты болуы жолында медреселердің ауадай қажет екенін аңғарамыз. Кешегі атеистік кеңес дәуірі халқымызға өктемдік еткенге дейін қазақ жерінде мешіт-медреселердің саны көп болғаны ақиқат. Талай ұлыларымыз діни сауатын медреселерден, қожа-молдалардан ашып, дүниелік ілімдерді де қатар меңгеріп, ел мен ұрпақ үшін қалтқысыз қызмет еткен. Одан беріде талай мешіттеріміз қиратылып, медреселеріміз жермен жексен болған. Білімді молдалар қудаланып, «дін – апиын» деген түсінік кең тарады. Құдай деген құлын Жаратқан қор етсін бе?! Уақыт еншісімен дінсіздік дәуір тоқырап, тәуелсіздік деген баға жетпес байлық қазақ даласына қайта келді.
Тәуелсіздік алған тұстан бастап ел аумағында мешіт-медреселер қайта ашыла бастады. Қазақтың рухани қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Рухани шаңырағымыз – мүфтият ел мұсылмандарын ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы аясында топтасуға, ынтымақпен жүруге жол бастады. Бүгінде мүфтиятқа қарасты тоғыз медресе, республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы сынды діни білім мекемелері жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, білікті діни мамандарды даярлауда мүфтият құрылтайшылық ететін «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің орны өз алдына бір төбе.
Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Мұндағы мақсат – тұжырымдама арқылы діни білім беру саласындағы жүйелілікті, бірізділікті қалыптастыру. Аталмыш тұжырымдаманы орындау екі кезеңге бөлініп қарастырылған. Бірінші кезеңі 2016-2018 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2019-2020 жылдарға арналған. Діни басқарма 2020 жылға дейінгі діни білім беру тұжырымдамасы арқылы ислами білім беру саласын жеті сатыға бөліп қарастырады.
Біріншіден, діни сауат ашу мен құран сүрелерін жаттау курстары; екіншіден, діни оқу орындарына талапкерлер әзірлейтін дайындық курстары; үшіншіден, діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін қайырымдылық мекемелері; төртіншіден, құран-кәрім сүрелерін кәсіби тұрғыда жатқа оқуды үйрететін қарилар дайындау орталықтары; бесіншіден, техникалық және кәсіптік білім беретін медреселер; алтыншыдан, жоғары оқу орны және жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беретін оқу орындары. Жетіншіден, имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты.
Елбасы: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген еді. Қазіргі ғасыр ғылым-білімнің, ойлы жанның заманы. Мұны да Діни басқарма ескерусіз қалдырмауда. Ескінің емес, жаңа заманның діни мамандарын әзірлейтін ойлы имамдар қатарын көбейтуді мақсат етті. Мүфтият өзіне қарасты медреселерде оқитын талапкерлерді сапалы діни біліммен қамтып қоймай, заманауи һәм зайырлы ілімдерді де қоса үйрету үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапымен келісімге келе отырып, медреселерімізге «Медресе-колледжі» мәртебесін алды.
ҚМДБ бекіткен 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы арқылы болашақта бірқатар нәтижелер шығары сөзсіз. Тоғыз медресе және «Нұр-Мүбәрак» университеті діни білім беру саласы бойынша барлық азаматтарға қолжетімді болуда. Мәселен, шалғайдағы ағайын медресе іздеп Астана, Алматы аспай-ақ, өңіріне қарасты медреселерге балаларын беріп діни сауатты, әрі діни кадр етіп шығара алады. Сонымен қатар, ислами білім беру ошақтары көбейген сайын өзара бәсекеге қабілетті болу деген жүйе жүреді. Біздің тоғыз медресе діни білім беруде бәсекеге қабілетті екенін танытып келеді.
Өз елінен діни білімнің фундаментін қаламай, шетел асып, білім алған ағайынның елге келгенде діни түсінігі оғаштау көрініп жатады. Сондықтан да, діни білімді елден алуға мүмкіндік жеткілікті. Тұжырымдаманың бір бағыты – жастарды шетел асырмай, болашақта діни білімді өз елінен ғана жүргізу керектігін міндеттеу. Еліміздегі медресені толық тәмамдап, одан әрі терең діни білім алғысы келетін жастарға да Діни басқарма жағдай туғызуда. Мәселен, Малайзия, Ресей, Мысыр, Түркия сынды елдердегі бірқатар белді, беделді университет, діни орталықтармен келісімдер жүргізген. Сол үшін шетелге барып діни білім алуға ынталы жастардың оң-солын ажырата алатындай болғаны жөн. Ондай жастар шетел асса да теріс сенімдерден өзін қорғап, ондағы үйренген діни ілімімен елге пайда әкеле бастайды.
Діни білімде озық болғанмен де, дүниауи ілімде ақсақтық танытуға тағы болмайды. Сол үшін біздің медреселеріміз шәкірттеріне жан-жақты діни ілім берумен қатар өміріне, мамандығына тығыз байланысты болған зайырлы білімдерді де меңгеріп шығуын мақсат етуде. «Медресе-колледжі» деген мәртебе осы биікке жетелемек.
Еліміздегі мешіттерді білімді, білікті, дипломы бар мамандармен қамтамасыз ету – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің басты талабы болуда. Қазіргі діни білікті, зайырлы ілімі жетілген имамдар толқыны қызметке келіп жатыр. Шала сауатты діни мамандар жоқтың қасы. Қоғаммен санасатын, елдің игілігіне еңбек ететін имамдар санының артуы Діни басқарманың білімге қойған талабының жоғары екенін байқатады. Тағы бір ескеретін тұс, діни оқу орындарымыз қазақы ұлттық құндылықтарымызды негізге алады. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер – халықтың байлығы, негізі. Бабалар ұстанған ұлы жол – Ханафи мәзһабы діни таным аясында қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен дүниетанымымызды жоққа шығармайды.
Дана халқымыз «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады» деп білімді кісінің халыққа берері көп екенін меңзеген. Олай болса, қазіргі күрделі діни жағдайлардың шешімі – сапалы діни мамандарды көптеп даярлау.
Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.