Қазақ жері – толеранттылықтың алтын бесігі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек» деді. Осы жерде біз алдымен «толеранттылық» ұғымының шығу тегіне тоқталып кетсек. Зерттеуші Тұрғанбай Әбдірәсіловтың айтуынша, адамзат тарихындағы түрлі құндылықтар өз дәуірінің тыныс-тіршілігіне, заманның болмысына, өтіп жатқан үдерістер мен олардың беталысына тығыз байланысты болып келеді немесе солардан туындап шығады. «Бұндай құндылықтар қоғамдық-экономикалық формацияларына немесе ескінің дәурені өтіп, орын алмастыруы тиіс жаңаны қажет еткен жағдайда сол жаңаны тудыратын алғышарттар бейнесінде де пайда болады. Мәселен, көне замандардағы адамзаттың рухани-моральдық құлдыраулары шағында жер бетінің әр түкпірінде ресми түрде діни институттар құрылып, діни мораль басты құндылыққа айналды», – дейді ол. Зерттеушінің пікірінше, толеранттылық та адамзат қоғамы эволюциясындағы сұранып тұрған аксиологиялық құндылық. «Оның бүгінгі таңдағы маңызы мен тәрбиелік мәні зор. Атап айтқанда, адамзаттың бойында төзімділікті қалыптастыру, толеранттылықты қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданып, гендерлік төзімділіктің қазіргі заманғы өзекті мәселелерін түйсініп, ер мен әйел арасындағы өзара теңдік пен сыйластықтың этикалық қырларын арттыру, діни төзімділіктің және жат пиғылды бағыттар мен оның өкілінің психологиялық төзімсіздіктерін ұғынып, әлемдік діндердің өзара келісімпаздығын құру, нәсілдік және ұлттық төзімділіктің саяси-әлеуметтік негіздерін басшылыққа алу, саяси төзімділік пен мемлекетаралық қатынастар аясындағы төзімділіктің өзіндік ерекшеліктерін түйсініп, оны жүзеге асыру», – деп жазады ол «Толеранттылық түсінігі» атты мақаласында. Жалпы толеранттылық деген ұғымның өзі басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті екенін ескерсек, бұл құндылық қазақ даласында бұрыннан барына көз жеткіземіз. Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы, әртүрлі мәдениеттер тоғысқан ел. Дәл қазіргі таңда Қазақстанның кең әрі тыныштықтың туын желбіреткен қара шаңырағының астында 130-дан астам ұлт өкілдері мемлекетіміздің ұлттар арасындағы достықты, діндер арасындағы түсіністікті жүзеге асыруының нәтижесінде тыныш та бейбіт өмір сүруде.
Қазақ халқында бірлік пен ынтымақты ту еткен мақал-мәтелдер, даналық сөздер аз емес. Мәселен, бір ғана «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген тәмсілдің өзі үлкен ұғымды аясына сыйғызып тұр. Белгілі дінтанушы Тұрар Әбуов толеранттылық қасиеті барлық дәстүрлі діндерге тән ұстаным екенін айтады. Әрине, қазақтың ата-баба діні Ислам да бұдан тыс емес. «Береке, бірлік – Отаны бір адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшпағы үшін ауадай қажет. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, Қазақстан қоғамындағы өзге діндер мен ұлт өкілдерінің салт-дәстүр және мәдениеттеріндегі байланыс әсте назардан тыс қалмайды. Еліміз үшін ең қымбат байлық – этносаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін ала келді. Бұл жолда жарасымдылықты қастерлеу мен асыл құндылықты бағалаудың ашық бір дәлелі ел еркіндігі бар еді. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықты, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту бағыты айрықша орын алуда. Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастың берген жемісі деп айта аламыз. Этносаралық ынтымақ, конфессияаралық татулықтың нәтижесінде елімізде саяси ахуал тұрақты. Мемлекетімізде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға, олардың өз діндерін ұстануларына да жағдай жасалған», – дейді дінтанушы. Кейбір дін дұшпандары сөз қылатындай, Ислам діні адамдарды алалайтын, «біз» және «бөтен» деп ел ішіне іріткі салатын сенім емес. Ол бірлікті, ынтымақты, тыныштықты насихаттайтын идеология. Оған Құраннан да, хадистерден де көптеген дәлел келтіруге болады. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Шынайы мұсылман басқаларға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді», – деген. Осындай өнегелерден қуат алғандығының арқасында, қазақ халқы ынтымақ пен бірліктің зор үлгісін танытып отыр. Ислам діні өзге діндегілермен төрт түрлі жолды негізге ала отырып тығыз байланыс жасауды назарға ұстайды: жақсы қарым-қатынаста болу, бір-біріне жәрдемдесу, жақсылық жасау және қашанда әділ болу. Бүгінгі Қазақстан – ұлтаралық жəне дінаралық келісім мен ымырагершілікті негізге алған үш мыңға жуық діни бірлестіктің отаны. Қазақстан тəуелсіздік жылдарында өз ұстанымының өміршеңдігін көрсетіп, оның бүкіл адамзат қауымының дамуындағы халықтардың өзара қарым-қатынас мəдениетінің қазақстандық үлгісінің қажеттілігін танытты. Қазақ жерінің төзімділік пен ынтымақтың отанына айналғандығының бір белгісі – 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері. Биыл қыркүйек айында елордамызда кезекті 7-ші съезд өтетіні белгілі. Бұл ауқымды іс-шараның маңызы, қазақ қоғамы мен әлемдік аренаға бейбітшілік пен толеранттылықтың нұрын сепкені туралы талай мүйізі қарағайдай танымал тұлғалар айтып та, жазып та келеді. Мәселен, белгілі дипломат Қайрат Лама-Шарифтің айтуынша, бұл съездердің басқа форумдардан бірнеше маңызды айырмашылығы бар. «Әлемде соңғы уақытта қатты өзгерістер орын алды. Олардың ішінде әлемдік қаржы дағдарысы, алпауыт елдердің энергетикалық қайнар көздері үшін тартысуы, әртүрлі саяси және діни топтар арасындағы елдер ішінде дау-жанжалдарды жатқызуға болады. Мемлекеттер мен халықтар арасындағы көптеген текетірестер де, өкінішке орай, діни сипатта да өтуде. Осындай халықаралық оқиғалардың шиеленісуінде жаһандық деңгейде дінаралық диалогты дамыту өзектілігі айрықша мәнге ие. Адамзатқа бейбітшілік пен тыныштық керек. Оған барлық адамдар, барлық мемлекеттер мүдделі. Бүкіл адамзат ауқымындағы бейбітшілік пен келісім мәселелерінің біздің қазақ жерімізде талқыланатыны бізді қатты қуантады», – деп пікір білдірді ол. Ал күні кеше ғана Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы Абдолла Шахид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында 13-15 қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезін Біріккен Ұлттар Ұйымы толық қолдайтынын жеткізді. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиыны – маңызды алаң. Әлем елдерінде көп жағдайда түсінбестік адамдардың наным-сеніміне қарай кемсітуінен туындап жатады. Сондықтан діни көшбасшылардың жетінші съезінде рухани жетекшілердің әлемдік бейбітшілікті насихаттауы негізгі месседж болатынына сенемін», – деді ол. Иә, қазақ халқының әлем елдері арасында бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттауға қосқан үлесі бұнымен шектелмейді. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, дүниеге бейбіт ел ретінде танылған Отанымыз дінаралық, ұлтаралық татулықтың да үлгісін жеке дара көш бастап паш етіп келеді. Біздің мақсатымыз – ынтымақ пен толеранттылық! Мұратымыз – бейбіт өмір! Заман қалай құбылса да біз осы қасиетіміз бен құндылығымыздан айнымауымыз керек. Азамат ТӨЛЕПОВ, РАТТ мүшесі, «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақ жері – толеранттылықтың алтын бесігі | Қазақстандағы Ислам