Қарағандыда «Зайырлылық қағидаттарын нығайту — экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың негізі» атты республикалық форум өтті
Қарағандыда «Зайырлылық қағидаттарын нығайту — экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың негізі» атты республикалық форум өтті. Аталмыш форумға сарапшылар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, аймақтардағы дін істері жөніндегі басқармалар мен орталықтардың басшылары, теологтар, жастар, сондай-ақ облыс әкімдері орынбасарлары мен облыстық ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты.
Қарағанды облысы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов зайырлы мемлекет ретінде адамдарды зайырлы ұстанымдарға тәрбиелеп, радикалды діни идеологияға қарсы иммунитетін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Атырау облысында деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларын дерадикализациялау бойынша практикалық тәжірибе жинақталғандығын алға тартты.
Форум қатысушылары еліміздің жетістіктерінің бірі — қоғамның көпконфессиялы және көпэтникалық дамуына жағдай жасау екеніне баса назар аударды. Алайда, әртүрлі діни және этникалық топ өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне радикалды діни экстремистік ұйымдардың жақтастары кері әсерін тигізуде. Олардың әсерінен жекелеген азаматтар заңсыз әрекеттер мен террористік актілерді жасайды, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысады.
Мамандардың пікірінше, діни экстремизмге қарсы тұру үшін мемлекетіміздің зайырлы ұстанымдарын нығайту және халықтың дәстүрлі құндылықтарын насихаттау арқылы толыққанды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Форумда халықтың әртүрлі санаттары арасында зайырлы және дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру әдістері әзірленді. Әлеуметтік желілерде діни материалдарды таратуда әкімшілік ықпал етуді қалай қолдану туралы баяндалды. Экстремизм мен терроризмнің барлық түрлеріне тұрақты иммунитетті қалай қалыптастыруға болатындығы айтылды.
Форум аясында Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев өз тәжірибесімен бөлісті:
— Менің осы форумға келуімнің мақсаты — әкімшілік тәжірибені қолданудағы озық тәжірибелермен бөлісу. Біз өз жұмысымызда жаңа технологияларды қолданамыз — атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы кибербақылау бағдарламасы. Бұл жұмыс басқа мемлекеттік органдармен және Дін істері басқармаларымен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Ол үш кезеңнен тұрады. Біріншісі — алдын-алу, заңнаманы түсіндіру. Екінші кезең — мақсатты жұмыс, үшіншісі — әкімшілік ықпал ету. Бұл тәсіл өз нәтижесін беруде», — деді басқарма басшысы.