Мақалалар

Қарттар үйіндегі сан-қилы тағдыр

Қарапайым жұрт бұл жерді «Қарттар үйі» дейді. Атауының өзі айтарға ауыр, жанға батар сөз. Иә, бұл да бір «жетімдер мекені». Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған жандардың әңгімесін тыңдап отырып, өмірдің өткінші әрі алма-кезек екенін ұғынасың. Жас кезінде сол ақиқатқа мойын бұрмай, қартайғанда сан соққан тағдырларды көргендей боласың… Елордамыздың «Көктал-1» тұрғын алабынан орын тепкен мекемеге бас сұққанда бірден байқағанымыз – жап-жаңа заманауи ғимараттың іші мұнтаздай таза, қабырғалары мен едені жалтырап, көздің жауын алады. Тағдырдың айдауымен осы шаңырақтан табылған жандарға қажетті жағдайдың бәрі жасалғаны көрініп тұр. Алайда, бұл жерді мекен еткендер арасында жадыраңқы жүрген жан некен-саяқ, көбінің көзінде мұң, жүзінде жабырқау бар. Негізінде «Қарттар үйі» деген сөз – ауызекі қолданыстағы бейресми атау ғана. Елордалық әкімдікке қарайтын мекеме ресми түрде «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталады. Тұрғындарының басым бөлігін қариялар құрағанымен, арасында мүгедектікке шалдыққан жастар да бар. «Көбі бізден «Сіздерде тастанды адамдар тұра ма?» деп сұрап жатады, – дейді бізді қарсы алған орталық директоры Ардақ Сейітова. – Негізі мұндағы адамдарды тастанды деп айту қиын. Біз «Қарттар үйі» дегенді естісек, балалары әке-шешесін тастап кете салатын жер деп түсінеміз. Шын мәнінде олай емес. Біздің мекемеге қабылдану үшін олар көп құжат жинайды. Мемлекеттің қамқорлығына алуға толық сәйкес келген жағдайда ғана осы жерден орын беріліп, тегін арнайы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі».

Ардақ Бейсенбайқызының сөзінен білгеніміз, 400 адамға лайықталған «Шарапат» орталығында қазір 348 адам бар. Олардың 60 шақтысы ақылы бөлімде, қалғаны тегін негізде тұрады. Бұдан бөлек, өз үйлерінде тұратын 560 адамға орталық қызметкерлері аптасына екі рет барып, әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Осылайша қалада жалпы саны 900-ден астам адам мемлекет қамқорлығына алынған. Орталықтың өзіндегі қариялардың тағдыры сан-қилы. Кейбірінің жұбайы мен балалары қайтыс болып, бір өзі қу тізесін құшақтап қалған. Енді бірі ұзақ жыл түрмеде отырған, отбасын құрмаған, ешкімі жоқ жалғыз. Бірақ бәрі бірдей жалғызбасты емес, көпшілігінің балалары да, немерелері де бар. Соған қарамастан, барар жер, басар тауы жоқ, тағдырдың тәлкегіне түскен. Бәлкім соларды шынында «тастанды» деп айтуға болатын да шығар. Бірақ, мекеме директорының айтуынша, олардың ешқайсысы өз балаларын жамандамайды екен. Бұл жерге өзім келдім дейді. Әрине, ішкі құпияларын ашып айтатындары аз. Көбіне томаға тұйық жандардың отбасында не жағдай болғаны, мұнда қандай тағдыр айдап келгені бір Құдайға аян, ал өздерінің айтатыны: «Қартайған шақта ешкімге салмағымды салмай, жеке өзім тұрғым келді» дейді… Қазіргі таңда мекемедегі қариялар мен мүгедектерге жеті түрлі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Сегізіншісі – әлеуметтік-педагогикалық қызмет. Алайда мұндағылардың бәрі жасы үлкен адамдар болғандықтан, соңғы қызмет түрі көрсетілмейді. Орталық тұрғындары бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Мекеме ішінде өз дүкені бар. Қалыпты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Зейнеткерлер мен мүгедектер тәулігіне 24 сағат орталық қызметкерлерінің бақылауында. Дәрігерлер денсаулықтарын үнемі қадағалап тұрады. Ауруханаға түссе де, күн сайын барып, жағдайын бақылап отырады. А.Бейсенбайқызы бұрын өзге ұлт өкілдері көп болғанын, ал кейінгі жылдары қазақтар саны артқанын айтады. Бүгінде шамамен 60 пайызы – қазақ. Бірақ не себепті екенін қайдам, түрі қазақ болғанымен, барлығы дерлік орыстілділер. Біз мекеме директорынан қазіргі күні адамдар көбінесе қандай себептермен келетінін сұрадық. «Осыдан үш ай бұрын бір ата түсті. Ол кісімен сөйлесіп отырғанда: «Алла тағала маған бір бала берді. Кемпірім осыдан 10 жыл бұрын дүниеден озды. Баламның қайтқанына 2 жыл болды. Ал келінім жас. Ол маған неге қарауы керек? Әлі көрер қызығы алда, өмірін жалғастыруға тиіс қой. Мен оның аяғына оралғы болмайын деп осында келдім» деп сырын ақтарғаны бар. Қазір атамыз осында тұрып жатыр. Үйінде екі немересі қалған. Демалыс күндері барып тұрады», – дейді Ардақ Сейітова. Орталық тұрғындары арасында 90-жылдардағы қиын шақта отбасын тастап кеткендер де, араққа салынып, соңында жалғыздықтың қамытын кигендер де бар. «Олар өздерін ешқашан қартаймайтындай көрсе керек. Жас кезінде отбасы жауапкершілігін сезінбей, бала-шағасына көңіл бөлмей, қалай болса солай ғұмыр кешкен. Өмір алма-кезек емес пе? Жастығыңды қалай өткізсең, қарттығыңды солай қарсы аласың. Балаларыңа дұрыс қарамасаң, тәрбие бермесең, әке-шеше болып еміреніп бетінен сүймесең, ертең олар да өскесін саған солай қарайтын болады. Өзіңнен мейірім көрмеген жан өскенде саған қалай рақымын төксін?!» дейді ол. «Шарапат» орталығынан пана тапқандардың арасында түрлі саланың адамдары бар. Тіпті жоғары лауазымды қызмет атқарғандар, профессорлар, полковниктер мен генералдар да ұшырасады. Еңбегі еленіп, елді аузына қаратқан адам кейде «жұмыс-жұмыс» деп жүріп отбасына, бала-шағасына көңіл бөлуге мұршасы болмай кетеді ғой. Қанша жерден «қызмет – қолдың кірі» десек те, белгілі бір лауазымды қолына ұстап отырғанда бар уақыты мен назарын жұмысына арнап, басқаға мойын бұра бермейді. Соның салдарынан отбасын оқта-текте ғана көретін олардың өз бала-шағасымен арада жақын қатынас орнамай, ұрпағы әкелік мейірімнен жұрдай, жат болып өсетіні бар. Өзара сүйіспеншілік пен жылулық болмаған соң, зейнетке шығып, дүрілдеген дәурені өтіп, басынан бағы тайғанда ғана өзінің отбасынан алыс, жападан жалғыз екенін сезінеді. Бірақ сан соғып, бармақ тістегеннен не пайда, бәрі де кеш… Қартайғанда «Шапағат» орталығынан пана тапқан профессорлар мен генералдардың өміріне қарап отырып, бұрынғы қариялардың «Құдай, ақырымды бер» деген дұғасының терең мәнін түсінгендей болдық. «Соңғы кезде әйелдер саны азайып, ер адамдар көбейіп жатыр, – дейді А.Бейсенбайқызы. – Бұлар қартайған шағында мұнда неге келді деген сұраққа оралсақ, әрине, кінәні ең алдымен өздерінен іздеген дұрыс. Қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар. Тараз жақтан келген бір ата болған еді. Жас кезінде бірінші әйелін ұлымен бірге тастап кетіп, екінші әйелге үйленген. Одан да бір ұлы бар. Соны көшеде қаңғып жүрген жерінен үлкен ұлы осында әкеліп орналастырды. Құжаттарын қабылдап жатқанда сол жігіт маған: «Сіз мені сөге көрмеңіз. Бұл кісі әке болып мені ешқашан баққан емес. Бірақ көшеде қаңғып жүргенін көргенде далада қалдыруға арым жібермей, үйіме әкелдім. Бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Әйелім, бала-шағам бар. Біраз күннен кейін әкемнің ішетінін байқадым. Үйде реніш басталды. Сосын осында әкеліп отырмын, ақшасын төлеп тұрайын» деді. Кейін осы баласы бізге хабарласып, әкесінің жағдайын сұрап, керек-жарағын әкеліп беріп жүрді. Ал екінші әйелінен туған баласы арагідік осында келіп, бізбен ұрсысып жүріп әкесін үйіне алып кететін. Сөйтсе оны зейнетақысын алғанша ғана үйінде ұстайды да, ақшасын тартып алып, қуып жібереді екен. Көшеде жүрген жерінен полиция тауып алып, бізге қайтадан алып келеді. Бірінші әйелінен туған ұлы Кореяға барып-келіп жұмыс істейтін. Кейде сол ұлы әкеледі. Сонда қарап тұрсаңыз, кезінде анасымен бірге тастап кеткен бірінші ұлы оған көмектесіп қамқорлық етеді де, ал кішкентайынан қасында өскен екінші ұлы әкесіне мүлдем жаны ашымайтын. Ақыры осылай екі ұлының арасында жүріп ол кісі қайтыс болды…» 1989 жылы ашылған «Шарапат» орталығының жұмыс істеп жатқанына биыл 35 жыл болған. Директордың айтуынша, бұл жерде 30 жылдан бері тұрып жатқан қариялар да бар. Кейбіріне бір кездері қаладан үйдің кезегі де келген. Бірақ өз еріктерімен бас тартқан. Себебін сұраса, «Мемлекет қамқорлығында тегін өмір сүруден бас тартатындай мен ақымақпын ба?» дейді екен. «Осында бір қазақ ата болды. Өзі жоғары білімді, мақалдап сөйлегенде алдына жан салмайтын. Астанаға құрылыста жұмыс істеуге келген екен. Зейнетке шыққасын, үйіне қайтудан бас тартып, бізге орналасты. Басқа қалада тұрмыс құрған екі қызы бар. Солармен телефон арқылы сөйлеседі. Бірақ сөйлескен сайын «Мен құрылыста жұмыстамын» деп қыздарын алдайтын. Себебін сұрасам: «Олар да, құдаларым да менің мұнда екенімді білмейді. Білсе, күйеу балаларым қыздарымды табалайды ғой» дейтін. Сол кісі ішімдікке жақын еді. Ал бізде оған қатаң тыйым салынған. Үш рет ескерту жасаймыз, төртінші рет қайталанса, орталықтан шығаруға мәжбүр боламыз. Әлгі атамыз да жаман әдетін қоймаған соң, бізден кетті. Қазір өлі-тірі екенінен бейхабармын» – деп тағы бір адамның тағдыр тарихымен бөлісті мекеме директоры. Біз «Шарапат» орталығында тұрып жатқан қарияларды да әңгімеге тартқымыз келген. Алайда, олар ешкімге ішкі сырын ақтарып айтқысы жоқ екенін байқадық. Бәлкім, шерменде көңілдің ескі жарасын қайта тырнағысы келмей ме, кім білсін, көбі іштен тынғанды құп көреді. Дегенмен бірер адаммен әңгімелесудің сәті түсті. Соның бірі – Юзлембике Файзуллина. Ұлты – татар. Ол өзінің 1947 жылы Ресейдің Омбы облысында дүниеге келгенін, 6 жасында отбасымен бірге Ақмолаға қоныс аударғанын айтады. Бүгінде 77 жасқа келіп отырған кейуана өмір бойы осы қаладағы «Целинсельмаш» зауытында еңбек етіпті. «Тұрмысқа шықтым, бір ұлым болды. Күйеуім қайтты. Ұлым екі рет үйленді. Бірінші отбасынан бір немерем бар. Қазір отбасымен Астанада тұрады. Мен сол немереммен бірге тұрдым. Ұлымның екінші отбасы Алматыда, ол жақта да үш немерем бар. Ұлым қайтыс болғаннан кейін қартайғанда немереме масыл болмайын деп осында келуге шешім қабылдадым» дейді Юзлембике Кәрімқызы. Оның бұл жерге қоныс тепкеніне 2 жылдан асқан. Өзінің айтуынша, алғашқыда қарттар үйіне барғысы келетінін жеткізгенде немересі: «Әже, кетпеңіз. Одан да мен отбасыммен пәтерге шығайын» деп көндіруге тырысыпты. «Бірақ немеремді шиіттей балаларымен пәтерге қаңғытып, өзім жалғыз қалай тұрамын? Ертең өлгенде пәтерімді өзіммен алып кетпеймін ғой» дейді ол. Юзлембике әжей мұнда алғаш келгенде қатты күйзелгенін айтады. Жарты жыл өз-өзіне келе алмай, жабырқап жүрген. Бірақ кейін орталықтың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, осы жердің тіршілігімен біте-қайнасып кеткен. «Мұнда біз секілді кәрі адамдардың жайлы өмір сүруіне және жалғыз сезінбеуіне барлық жағдай жасалған. Аулаға шығып, саябақта демалуға, іште жаттығу залына барып, шұғылдануға болады. Жиі-жиі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Кинозалымызда аптасына екі рет кино көрсетеді. Одан тыс, бізді концертке апарады. Осы жердің тәртібіне бағынып өмір сүрсең болғаны. «Шарапат» орталығындағы өмірімді өзіме Алланың берген бағы деп санаймын» дейді ол. Дегенмен қартайған шақта жалғыз қалу, өмір бойы жаныңда болған етжақын адамдарыңнан жырақтап, тірі жетімнің күйін кешу – кім үшін де ауыр сынақ екені рас. Өзінің бүгінгі жаймашуақ өмірі жайында әңгімелеп отырған Юзлембике әжейдің көзінен бәрібір де бір мұңды байқағандай болдық. Сөз соңында одан: «Егер ұлыңыз тірі болғанда осында келер ме едіңіз?» деп сұрап едік, оның жанары бірден жасқа толып: «Балам бар болса, мен мұнда жүрмейтін едім» деп жауап қайтарды. Айтуынша, немересі айына екі рет келіп тұрады екен. Келген сайын «Әже, мүмкін енді үйге қайтарсыз?» деп сұрайтын көрінеді. «Бірақ мен қалған өмірімді осында өткіземін деп шештім» деп сөзін аяқтады кейуана… «Шарапат» орталығында бізге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Раиса Сафоничевамен де әңгімелесудің сәті түсті. Биыл шілде айының 10-ы күні 99 жасқа толған әжейдің мұнда тұрып жатқанына бірнеше жыл болыпты. Ресейдің Нижегород облысында дүниеге келген Раиса Егорқызы 1943 жылы өзі сұранып майданға аттанған. Соғыс уақытында жарақаттанған сарбаздар үшін 8 литр 150 гр қан тапсырған. Жеңісті Румыния астанасында қарсы алған ол туған жеріне 1946 жылы оралыпты. Ал 1954 жылы Қазақстанда тың игеру басталғанда отбасымен бірге Ақмолаға көшіп келген. Ғасыр жасаған кейуана бүгінде өздігінен жүріп-тұра алмайды, мүгедектер арбасында отыр. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Қорғаныс министрлігінен адамдар келіп, құттықтап, сый-сыяпаттарын жасап тұрады екен. Әжейдің сөйлеуге де қал-қадірі әрең жетеді. Қысқа ғана әңгімесінен ұққанымыз: «Майданда ер адамдардан қалмай еңбек еттім. Соғыстан кейін тұрмысқа шықтым. Жолдасым да, балаларым да болды. Бәрі дүние салды. Мен жалғызбын. Өткен өмірімді сағынамын» дейді… Қабырғада ілулі тұрған әскери киімдегі жап-жас келіншекке қарап: «Міне, мен осындай болдым» деп қолымен нұсқады. «Қарттар үйінен» қалың ой құшағында қайттық. Шын мәнінде, қартайған кейбір әке-шешенің белі бүгіліп, бойынан күш кеткен шағында балаларына керексіз болып қалауы – сол бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның трагедиясы десек дұрыс болар. Бұған қалайша жол бердік? «Қартаймай тұрып жастығыңның қадірін білмеген» адамның өзі кінәлі ме? Әлде шау тартқан шал мен кемпірін далаға тастайтын ұрпақтың көбеюіне біздің бала тәбиесіндегі жіберген кемшіліктеріміз себеп пе? Осы орайда пайғамбардың: «Сен басқаға мейірімділік танытпасаң, саған да мейірімділік көрсетілмейді» деген хадисі еріксіз ойға оралды. Иә, біз мейірімнен алыстап бара жатқандаймыз. Бұл келеңсіздіктің түбірі де ұрпағымызға жөнді тәрбие бермеуде жатқан сыңайлы. Ертеңін ойлайтын ел болып, халқымыздың «Не ексең, соны орасың» дейтін даналық сөзінен ғибрат алсақ қане… Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қарттар үйіндегі сан-қилы тағдыр | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 22 часа

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля