Құрандағы мемлекеттілік және егемендік теориясы

Біздің тілімізде «мемлекет» ұғымы, батыс елдерінде «Etat», «State» т.б сөздері, латын тіліндегі «stare» етістігінен шыққан «status» сөзінің түбірі. Мағынасы – «орналасу, қону, қоныстану» сынды географиялық қатынасқа негізделген статикалық мағынаға ие.

Араб тілінде «дәулет» сөзі қазақ тіліне сөздік мағынасымен жеткен «байлық, бай-бақуатты» дегенге келеді. Ал терминдік мағынасы, «қозғалу, бұрылу, айналымға түсу, басқару» дегенді білдіреді. Бұл үкімет ұғымымен синонимдік динамикалық мәнге ие болды. Басқаша айтқанда, латындар мемлекетті отырықшы емес және белгілі бір географиялық аймаққа ие болмаған қауымдарға жатқызуға болмайды деп айтса, мұсылмандар «мемлекет» ұғымын өз істерін басқара алмайтын және өздерін басқара алмайтын қауымдарға жатқызуға болмайды деп атап көрсетеді.

Дей тұрғанмен бұл түсініктемелердің барлығы мәселенің этимологиялық және семантикалық аспектілері болып табылады және оның астарлы мағынасы. Яғни, латындар «мемлекет» ұғымындағы «ел» элементіне ерекше мән берсе, мұсылмандар «егемендік пен саяси билік» элементіне айрықша мән берген.

Осы тұрғыдан алғанда, бір жерде ұйымдасқан, шоғырланған қуатты білдіретін термин мағынасы мен оның түбірлік мағынасы арасында байланыс анық белгілі болмақ. Мемлекет және қоғамдық (әлеуметтік) философия, әлеуметтану және құқық тұрғысынан ортақ анықтама беруге болады. Осыған сәйкес мемлекет – жоғары ерік-жігердің үстемдігіне бағынатын, белгілі бір географияда тұратын адамдар қауымдастығы тұратын жеке және дербес тұлғасы бар құқықтық институт.

Құран Кәрімде «мемлекет» сөзі сөздікте де, бүгінгі таңда қолданып жүрген мағынада да айтылмаған. Алайда мемлекет сөзімен бір мағынаға келетін «дәуләт» сөзі айтылады.

«Байлық сендердің қатарларыңдағы байлар арасында қолдан-қолға айналымына жол бермеңдер» (Әл-Хашр сүресі, 7 аят). Басқа бір аятта жеңіс және жарақат сияқты мәселелер туралы: «Біз адамдар арасында осындай күндерді ауыстырамыз, кейде жақтап, кейде қарсы». (Әли Имран сүресі, 140 аят).

Ал енді екі аяттағы мағыналарға семантикалық байланыс жасасақ; Меншiк пен мүлiкпен алынған байлық және күреспен келген жеңiс билiктiң маңызды қайнар көзi болып табылады деген қорытындыға келемiз. Құран Кәрімде айтылғандай, мемлекетті бүгінгі конституциялармен түсінетініміздей толық сипаттап беруге мүмкіндігіміз жоқ. Құран Кәрімде мемлекет сөзі қолданылмайды және бір мемлекет формасын да ұсынбайды. Ал бұл Құранның өз тәсіліне сай болған мәселе. Әйтпесе, Құранда басшылық қабілетін қарастырмайды деген сөз емес.

«Сөздің болмауы ұғымның болмауын қажет етпейді» деген қағидасына сүйене отырып Құрандағы әкімшілік, билік, қоғам және т.б. сөздер қолданылуымен қатар, басқару, мулк, үммет, имамат, халифа, мойынсұну, бағыну, улул-амр сияқты мағынадағы сөздердің қолданылғанын көреміз.

Негізінде Құранның ең негізгі және жалпыға ортақ сипаттарының бірі оның жеке және қоғам негізіндегі адам өмірінің барлық нормативтік салаларын өзіне тән ұстанымдарымен және құндылық пайымдауларымен қамтитындығында. Шын мәнінде, адам арасында толеранттылықты, бейбітшілікті, тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз ету үшін басшылық тағайындау және бір арнада тоғысу – ең табиғи жол. Олай болса, адамның әлеуметтік және рухани қажеттіліктеріне сәйкес мемлекеттік ұстанымды, Құран Кәрім негізінде реттеуші қағидалардың жиынтығы тұрғысынан анықтауға болады.

Адамның ең негізгі және әмбебап құқықтары – өмір сүру құқығы, әділдік, теңдік, бостандық, меншік, мұрагерлік, сауда және еңбек ету құқығы сияқты құқықтар. Осы құқықтардың барлығына қатысты Құранда әмбебап ережелер айтылған. Құран Кәрім, қоғамды басқаратындардан күтетін осы құқықтарды жүзеге асыру болып табылады.

Яғни, жамандықтың алдын алу – жақсылықты тарату. «Сендер адамдар ішінен шығарылған ең қайырлы қауымсыңдар. Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыясыңдар» (Әли Имран сүресі, 110 аят). Бұл аяттан түсінгеніміздей, мемлекет адамдардың сенімділігін, тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық шараларды қабылдап, қоғамның бейбітшілігі мен игілігіне нұқсан келтіретін және оның бірлігі мен ынтымағына кедергі келтіруі мүмкін барлық ықтимал оқиғалардың алдын алу үшін шаралар қабылдауы керек.

«Оларға егер жер бетінде билік берсек… жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды». (Қаж сүресі, 41 аят). Құранның ең негізгі мақсаттарының бірі – адамдардың табиғи құқықтарының бірі болып табылатын меншік құқығын қамтамасыз ету және адамды басқа адамдардың пайдалануына жол бермеу. Сонымен қатар, мұрагерлік құқығының қорғалуында айтуға болады.

«Малдарыңды араларыңда әділетсіз жемеңдер. Өздерің біле тұра адамдардың мал-мүлкінен арам жолмен жеулерің үшін бір бөлігін басшыларға бермеңдер». (Бақара сүресі, 188 аят), «Артында қалған ата-ана, туған-туыстардың әрқайсысына мұрагер қылдық». (Ниса сүресі, 33 аят).

Құран құзырлы органдардан мемлекетті жоюға бағытталған, илаһи қалауға қарсы әртүрлі анархия, бүлік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті шараларды қолдануды бұйырады. «Жер бетіндегі тыныштық пен тәртіпті бұзып, шектен шыққан надандардың қалауына ермеңдер». (Шуара сүресі, 151-152 аяттар).

Мемлекет, бүгінгі біздің түсінігіміз бойынша, өз азаматтарының физикалық және психикалық денсаулығында және адамдық қадір-қасиетіне сәйкес өмір сүруін қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, елдегі ата-ананы, балаларды, жастарды, қарттарды, жесірлер мен жетімдерді, мүгедектерді т.б. Оларды қорғау, болашақ қорқынышынан құтқару, әлеуметтік қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге міндетті.

Құран қандай да бір мемлекет немесе оны басқарудың түрі мен жүйесін ұсынбайды. Яғни Құран ешқандай мемлекеттік басқару немесе құру үлгісін көрсетпеген. Мемлекетті басқаруда табиғи заңдылықтың әмбебап принциптерін мақұлдауда. Қысқаша айтқанда, әділдік, кеңесу (шура), адам құқығын құрметтеу, аманатты иесіне тапсыру сияқты қағидалар. Құранда айтылған осы қағидалар аясында адамдарға мемлекеттік үлгі құру және басқару еркіндігін берді.

Бұл еркіндікті Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және алғашқы төрт халифаның тәжірибесінен көре аламыз. Белгілі болғандай, Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) негізгі екі міндеті болатын. Біріншісі – пайғамбарлық (дінге шақыру), екіншісі – мұсылмандарға басшылық жасау.

Хз. Мұхаммед (с.ғ.с) әрі пайғамбар, әрі адам болған. Оның басқарушылық қыры, яғни төрағалық міндеті адам болуына қатысты қыры еді. Бақилық болуымен пайғамбарлық міндеті бітті. Алайда басқарудағы біліктілігі мен ұстанымы жалғасты. Барша мұсылмандар бір ауыздан мақұлдап, басшысы етіп Хз. Әбу Бәкірді тағайындады.

Екінші жағынан, Ислам тарихындағы алғашқы мемлекет «Мәдина қаласының мемлекеттілігі» конституциясы Құраннан бөлек. Бұл ереженің «Құран» конституциясы деу қате пікір. Сондай-ақ, Хз. Пайғамбарымыздың тәжірибесінде басқаруға қатысты саяси форманың жоқтығы, Рашид халифаларының қызметке келу жолында тұрақты жүйенің жоқтығы байқалады. Өйткені, Хз. Әбу Бәкірдің қызметке келуі, Бәни Сакифеде жиналған бір топ мұсылманның дауысымен, яғни сайлау арқылы болған. Хз. Омардың келуі, Хз. Әбу Бәкір қайтыс болмай тұрып осы қызметке тағайындаған кезде басталады. Ал, Хз. Осман, Хз. Омардың кеңесімен халифа болды, Хз. Әли болса сайлаудың нәтижесінде тағайындалды.

Егер Құран Кәрім мен Хз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде тұрақты немесе бір жүйе айтылған болса, әртүрлі жолмен қызметке келмес еді. Бұл да, исламның әкімшілік тұрғыдан мемлекеттердің ұстануға тиісті нақты пішінді белгілемегенін және саяси биліктің қалай реттелетінін нақтыламағанын көрсетеді.

Өйткені адамдардың мүдделері өзі өмір сүріп жатқан қоғамның заманы мен жағдайларының өзгеруіне қарай өзгереді. Құранда айтылған мәселелер ұлттың (қоғамның) мүддесіне сай келеді. Құран Кәрімнің қағидалары, уақыт пен кеңістік үлгілеріне сыймайтын әмбебап қағидалардан тұрады. Ел билеу, басқарудың әртүрлі болуына мән бермейтін Ислам, қоғам тыныштығы мен тәртібін, адамдардың құқығы мен әділдікті ойлаған кез келген биліктің есігін ашық ұстайды.

Басқару режимі мен нысаны адам қадір-қасиетін, адам құқығын, әділеттілік принципін және т.б. ең қолайлы режим болуында. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтылғандай адам өмірінің әрбір саласын қамтитын және бағалайтын, адам қадір-қасиеті үшін ең қолайлы режим екенін дәлелдеген республика және оны қолдану демократия Құранның әмбебап қағидаларын жүзеге асыру үшін ең қолайлы режим.

Егемендік

Латын тілінде «жоғары» дегенді білдіретін «superaneitas» сөзі «suverainetâ» деп айтылса, араб тілінде «әл-хакимия», «әс-сияда» деп егемендікті айтады. Терминдік мағынасы – «тәуелді емес, өз билігін ешбір шектеуге немесе бақылауға ұшырамай сақтайтын ел».

Қандай да болсын мемлекеттің егемендігі бір және оны бөліп қарауға болмайды. Егемендікті ішкі және сыртқы егемендік деп екіге бөліп қарастырамыз. Бірақ бұл сол бір күштің ел ішінде және одан тыс жерде оның көрінісін білдіру үшін қолданатын болғаны үшін ғана.

Егемендіктің құқықтық және саяси екі жағы болады, оларды бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Егемендіктің құқықтық жағы сол елдің позитивті құқығы мен заңдарының жасалуымен, ал саяси жағы егемендік ерік-жігермен белгіленген заңдардың орындалуымен пайда болады.

Батыстың құқықтық ой-пікірін зерттегенде, егемендік бұрын патша мен билеушіге тиесілі болғаны байқалады. Бертін келе, қоғам өз ойындағы демократиялық түсініктің дамуы нәтижесінде, билеушіге немесе патшаға берілген егемендік идеясы жойылып, ұлттың немесе халықтың егемендігі (ұлттық егемендік) деп орны ауысты.

Егемендік абстрактілі ұғым ретінде мыналарды қамтиды: Егемендік абсолютті және ешқандай жазбаға бағынбайды. Өйткені құқықтың қайнар көзі болып табылады. Егемендік бастапқы және табиғи қуатты күшке қатысты. Басқаша айтқанда, үстемдік етуші билік егемендігі мен билігін еркін паш етеді. Яғни егемендік, жоғарғы ерік пен билік дегенді білдіреді. Ол тұрақты және мерзімі бітпейді (шексіз). Бұл біртұтас, бөлінбейтін және ажырамас еркіндікті білдіреді. Басқаша айтқанда, заңдар егемен елдің еркі болғандықтан ғана жоспарлы және әділ деп саналады. Байлиннің «Заң сөйлегенде, ар-ұждан үнсіз қалуы керек» деген сөзі егемендіктің атрибутын білдіреді.

Егемендік ұғымына Құран тұрғысынан қарасақ, мәселенің іргелі және жалпы қағидаларының қарастырылғанын көреміз. Осыған сәйкес, Алла Тағала – ғаламның жалғыз жаратушысы және әміршісі. Оның егемендігі – ғаламды жарату және оның табиғи заңдарын ойлап табу және орнату, жалғыз және өзі ғана тиесілі екенін білдіреді. Құран Кәрімнің аяттарында Алла, құндылықтардың, яғни үкімдердің анықтаушысы, сонымен бірге табиғат заңдарының қорғаушысы. Бұл онтологиялық жағынан да, нормативті жағынан да абсолютті үстемдік Оған тиесілі дегенді білдіреді.

Құранда Кәрімде, Алла өзін құдіретті билеуші, патша ретінде бейнелейді. «Алла бүкіл әлемдердің шын билеушісі». (Хашр сүресі, 23 аят; Жұма сүресі, 1 аят) «Көктер мен жердің билігі Аллаға тән». (Әли Имран сүресі, 189 аят). «Көктермен мен жердің әскерлері Аллаға тән». (Фатх сүресі, 4 аят). «Аспандар мен жердегілердің барлығы Алланыкі». (Локман сүресі, 26 аят). «Үкім шығарушылардың ең қайырлысы Алла». (Юсуф сүресі, 80 аят). «Алла билік етушілердің ең жақсысы». (Әл-Аьраф сүресі, 87 аят). «Ей, Мұхаммед/ Айт: Уа, мал-мүліктің иесі Алла! Сен билікті кімге қаласаң беріп, қалағаныңнан билікті алып қоясың» (Әли Имран сүресі, 26 аят).

Құрандағы осы және осыған ұқсас аяттарда айтылған үстемдік әмбебап сипатқа ие және «абсолютті үстемдік» немесе «шынайы егемендік» дегенді білдіреді. Көріп отырғанымыздай, билік Құранда абсолютті мағынада Аллаға тән. Алайда, Алла Тағала адамдарды өз арасында үкімдар шығара отырып әділдікті орнату мақсатында басшы еткен.

Басқаша айтқанда, адамдарға көптеген істерде билік берген. Басшылық (Халифа) басқа біреу атынан әрекет ететін, оның өкілі дегенді білдіреді. Бұл жағдайда жалпы мағынада адам, яғни қоғам Алланың халифасы болып табылады. Бұл мәселе мына аяттарда айтылады: «Кезінде Раббым періштелерге: «Мен жер бетінде бір халифа жасаймын» дегенде, Періштелер: «Ол жерде бұзақылық жасап, қан төгетін адам жасайсыңба?» – деді («Бақара» сүресі, 30 аят). «Уа, Дәуіт! Расында, Біз сені жер бетінде халифа (билеуші) қылдық, адамдар арасында әділ үкім ет және нәпсіңе ерме…» («Сад» сүресі, 26 аят). «Алла сендерді жердің халифалары еткен және сендерді өзінің бергенінде сынау үшін дәрежелерде біріңді-біріңнен жоғары көтерген» («Әнғам» сүресі, 165-аят).

Екінші жағынан, Ислам заңы бойынша «уақфтың» анықтамасы мынадай: «Алланың мүлкі болу үшін оны өз меншігінен шығару». Басқаша айтқанда, Алланың мүлкі деп анықтау. Қолдану құқығы қоғамға тиесілі болуында. Міне, осы себептен де адамға немесе адамдарға Алланың өкілі дей аламыз.

Көріп отырғанымыздай, қоғам/адам Алланың қалауымен, Алланың жер бетіндегі өкілі ретінде жауапкершілікке тартылып, оған белгілі бір билік берілген. Егемендік қоғамға тиесілі болған жағдайда ғана, өз қызметін мемлекет арқылы ғана атқара алады. Осылай болған жағдайда ғана мемлекет өзінің егемендік функцияларын жүзеге асырады және жалғастырушы күш ретінде көрсетеді. Мемлекеттік биліктің функционалдығы, керісінше, заңды тұлға болғандықтан оның салалары арқылы көрініс табады.

Қорытындылайтын болсақ, егемендік ерік-жігердің құқықтық және саяси аспектілерін білдіретін мемлекеттік билікті, мемлекет атқаратын қызметтерінің сипатына қарай заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп үш бөлек билікке бөліп, талдауға болады. Исламның құқықтық философиясы тұрғысынан алғанда, барлық деңгейде позитивті құқық жасауды білдіретін заң шығару қызметі – адам құқығын қорғай отырып, дамуды көздейді. Демек, Исламдағы биліктің бастауы мен заңдылығы қоғамның талабына сай әрекет етеді.

Бұл тұрғыда алғанда, егемендік жергілікті халыққа тікелей қатысты. Батыс теократиялық үкіметтерінде көрініп тұрғандай және біздің елде кейбіреулер ислам атын жамылып айтып жүргендей, «Басқару тек Аллаға ғана тиесілі» немесе «Тек Алланың үкімімен ғана әрекет ету керек» деп, Құранмен байланыстыруға болмайды. Өйткені Құран – басқаратын, басқарылатын, иман келтірген және сенбегендердің барлығын бірдей жауапкершілікке тартатын кітап. Осы себептен де басшылар қоғам атынан өздерінің шектеулі өкілеттіктерін пайдалана отырып, қоғам алдында жауапты болады.

Бұл жауапкершіліктің басында, қоғамның ұстанған дінінде еркіндік, жанын қорғаумен қамтамасыз ету, ақыл-ой еркіндігіне құрмет, ары мен намысын, болашақ ұрпағы және мал-мүлкін қорғауды барлық діндер бір ауыздан мақұлдаған.

Сонымен қатар, қоғам өз егемендігін қандай жағдай болмасын, басқаға бере алмайды. Егемендікті сақтап тұратын мемлекет қажетті заңдарды шығарады және бұл заңды атқарушы және сот билігі құқықтық тұрғыдан сақтап отырады.

Қандай жағдай болмасын егемен мемлекеттің үкіметін басып алуға немесе тартып алуға жол берілмейді. Әйтпесе, бұл тәуелсіз мемлекет жойылып, орнына тәуелді бір мемлекет құрылады. Бұған қоса алғанда, қоғам мүддесі (Маслахат-и Әммә), қоғамның жоғары мүддесі халықаралық келісімдер арқылы қоғам өзінің әкімшілік өкілеттіктерінің бір бөлігін заң шеңберінде жүзеге асыра алады.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Ислам Құқық Ғылымдарының докторы

0

Автор публикации

не в сети 6 дней

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 859Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля