Құрылтай жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады?
Қазіргідей алмағайып заманда ұлтты адастырмай, өзі армандаған азаттық жолына алып шығатын бір үлкен басқосу керек еді. Кезінде ел басына күн туғанда хандар мен билер үш жүздің игі жақсыларын Ордабасыдағы құрылтайға шақырғаны белгілі. Бүгінде қару емес, идеологиялар қақтығысқа түскен руханият майданында да жаһанданудың иіріміне жұтылып кетпес үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық құрылтай» деген атаумен халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым өмірге келді. Осы тұрғыдан алғашқы жиынның Ұлытау төсінде, Жошы хан кесенесі жанындағы тарихи-мәдени кешенде, биылғы басқосудың ер түріктің бесігі – Түркістанда өтуі тегін емес. Мемлекет басшысының ұлтымызды рухани тұрғыда оятуды мақсат тұтқанын былтырғы құрылтай алдында Жошы ханның басына, биылғы жиын алдында қазақ даласына ислам дінінің таралуына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне барып Құран оқығанынан да аңғару қиын емес. Бұл аталған басқосудың шын мәніндегі «Ұлттық құрылтай» деген атауына сай келуімен қатар, оның рухани маңызын паш еткені айдан анық. – Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді, – деген еді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев «Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды» деп атап өткендей, расында жиын басында көтерілген мәселелердің басым бөлігі ұлттық идеология, руханият, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға арналды. Атап айтқанда, қазақ мемлекеттілігі, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесі, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау, шекаралас аймақтарды дамыту секілді соқталдай сүбелі тақырыптар ортаға салынып, соларды орындау үшін нақты тапсырмалар берілді. Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттер қалай жүзеге асуға тиіс? Біз ең алдымен, Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанын, кеңестік заманда әлдекімдер сыйға тартқан жерде кеше ғана пайда болған жасанды ел емес екенімізді ұрпағымызға насихаттай беруіміз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін Түркістан қаласының қазақ тарихындағы маңызына және Қазақ хандығы бір орталықтан басқарылған толыққанды мемлекет болғандығына тоқталды. – Киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген ханымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді, – деді Президент. Осыған орай біз Ұлттық құрылтай басында сөз болған екі мәселеге тоқталғымыз келеді. Олар – елді ұйыстыратын мемлекеттік нышандарымыз және тарихымыз. Біз үшін Тәуелсіздік ең қымбат құндылық болса, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алған азат мемлекетіміз – сол Тәуелсіздіктің нақты көрінісі. Ұлттық құрылтай жүктеген міндеттерді осы азаттығымыз бен дербестігіміздің айналасына топтастырып, жүзеге асыруымыз керек. Өйткені біз тәуелсіздік алмасақ, мемлекет те, тіл де, дін де, ұлттық құндылықтарымыз да болмас еді. Ал сол мемлекеттің шын мәніндегі дербестігін айқындайтын белгілері – оның мемлекеттік нышандары. Қанның тобы – Алланың сыйы 10.07.2023 “Нұр-Мүбарак” университетіне түсу емтихандары басталды 10.07.2023 Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде аймақтар мен қалалардың геральдикалық белгілерін бір ізге түсіру мәселесіне айрықша тоқталды. Облыстарымыз бір мемлекеттің бөлшектері екенін білдіру үшін таңбалары да өзара байланысты әрі бір-біріне ұқсас болғаны абзал. «Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жуырда Мемлекеттік рәміздер күнін атап өткенде газетіміздің бетінде де осы нышандар тақырыбын көтерген болатынбыз. Аймақтардың таңбаларын былай қойғанда, мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Әнұран, Елтаңбаға қатысты да көптеген пікір айтылды. «Бұл Елтаңбада қазақ қазақ болғалы халқымыздың арғы-бергі тарихы түгелдей қамтылған. Ең бірінші көзге түсетіні – шаңырақ пен оның уықтары. Киіз үй – қазақ ұлт ретінде жаралғалы бірге келе жатқан дәстүрлі баспанамыз. Шаңырақ біздің ел халқының бір үйдің баласындай тату болу керек екенін аңғартады. Бұл жерде қазақ қана емес, әртүрлі жағдайларға байланысты осында қоныс тепкен өзге ұлт өкілдері де бар. Сондықтан Отан – бәріміздің ортақ шаңырағымыз. Бұл – тұтастықты, ынтымақтастықты, достықты, бейбітшілікті білдіретін Елтаңба», деген рәміз авторы профессор Жандарбек Мәлібекұлы Мәдениет және спорт министрлігіне мемлекеттік мекемелердегі елтаңбаларды жасауға сапалы материал қолдану туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұдан өзге де пікірлер басылым бетінен көрініс тапты. Мұның бәрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп отырған мәселемен ұштасып жатыр. Екінші маңызды мәселе – тарих және оны зерттейтін сала – археологияны дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шықпағанын қынжыла жеткізді. Рас, әлі күнге көп бөлігін отаршылдар жазып берген тарих жылнамасын балаларымызға оқытып келеміз. Шын мәнінде, Алматының тарихын 1854 жылдан, Астананың тарихын 1830 жылдан бастайтын тарих – біздің тарих емес. Бізге кеңестік идеология мен цензураның ықпалы тимеген, шынайы деректерге негізделген әрі ұлттық мүддемізге сай тарих керек. – Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс, – деді Президент. Біздің ойымызша, ел болам дейтін, болашағын ойлайтын ұлттың аяқ алысы жоғарыда айтылған осы екі мәселені шешуден басталуы керек. Бұған дейін біз «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деп өмір сүріп келсек, бүгінде ол дәуірдің өткендігін, қазір керісінше алдымен ұлттық идеология мәселелерін шешу қажеттігін сезініп отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан бастамалары – ұлт пен ұрпақ алдында атқарылуға тиіс маңызды міндеттер. Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Құрылтай жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады? | Қазақстандағы Ислам