Ұлылар ұлағаты – рухани тәрбие бастауы
«Отан отбасынан басталады» демекші, ұрпақтың рухани тәрбиесі жанұядан бастау алады. Десе де, бүгінгі күні отбасы ұғымының өзі тарылып барады. «Өзім білем» деген жастар басқа тұрмақ, ата-әженің өзін тәрбие істеріне араластырғысы келмейді. Бұрынғы заманда баланың тәрбиесіне әке-шеше ғана емес, ата-әже, аға-жеңге, әпке-жезде, нағашы мен жиен сынды аталас ағайын, тіпті бүтін бір ауыл болып үлес қосатын. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз баласын қырық түрлі жаман әдеттен сақтау үшін ауыл болып оның жүріс-тұрысы, дауысы мен іс-қимылына мән берген. Шашына таққан шашбауы әдеттегіден артық сылдырлай бастаса, ескертіп, жөн сілтеп отырған. Қыз баласы он үшке толғанда «оң жаққа отырғызу» дәстүрін жасап, төсек-орын, киім-кешек пен әшекей бұйымдарын сұқ көзден сақтау үшін көсегемен жауып қойған. «Көсегең көгерсін» деген тілек содан қалса керек. Тіпті «қыз» сөзінің өзі дөрекі естілетіндіктен, бой жеткенге дейін оған бала сөзін қосарлап, «қыз бала», «нашар бала» деп тікелей атамаған. Қазақтың даналығы мен әдептілігі сондай, қыз баласын қызғыштай қорып, мәпелеп өсірген. Жолаушылап жүрген құдайы қонақ өзі түскен үйде бойжеткен қыз бар екенін ананың қолындағы бесбілезіктен анықтай алған. Егер жүзіктер білезікке жалғанған болса, қыздарының әлі де ұзатылмағанын, әке үйінде бірге тұратынын білдірген. Ол кезде қыз-келіншектер әшекей бұйымдарды әлеуметтік статустарына қарай зергерге арнайы тапсырыс беріп жасатқан. Ал енді сол үйдің қызына құда түсіп, ұлына айттырмақ ойы болса, қонақ қолындағы қамшысын босағаға іліп кететін болған. Қызын көрмей, танымай қалайша таңдау жасаған десек: шешесіне қарап, қызын алғандығын көреміз. Босағадағы қамшыны көрген әке қызының пікірімен санаса білген: қызы келісімін берсе, ортада елшілер жүрген, келіспеген жағдайда қамшысын иесіне қайтарып, ол да еш ренішсіз қабылдай білген екен.
Қазіргі позитивті психологияда айтылып жүрген «жеке шекара», «өзін бағалау» сынды тұжырымдарды ұлттық психологиямызға тереңірек үңілсек, өз тамырымыздан-ақ табамыз. Бұл ұғымдар қазаққа кеше келген жоқ. Баланың сенімділігі мен өзіндік бағасын, өз ақысы мен кісі ақысының шекарасын бағамдай білуді ата-бабамыз сан ғасыр бұрын үйретіп кеткен. Қызды бала кезден үйдің тұрмыс-тіршілігіне икемдеп, киіз басу, кесте тігу, кілем тоқу секілді қолөнеріне баулыған. Бұл, бір жағынан, баланы еңбекке баулыса, екінші жағынан, нәзіктікке, ұқыптылыққа, әдемілік пен сабырлыққа тәрбиелеген. Құрақ құраудың өзі – үлкен мектеп. Қазақ ою-өрнектің сырына қанық болған. Мәселен, аяқ астына төселетін киіз немесе көрпе сынды төсенішке басқан оюды адамның киіміне салмаған, ал шалбардың балағы не көйлектің етегіне салынатын ою-өрнекті бас киімге бейнелемеген. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір мысал келтірейік: ұзатылған қыз жөн-жосықсыз төркініне бармаған. «Жиен көрсетер» деген салтты сылтауратып, қайын жұртымен бірге әке үйіне қонаққа бара алған. Сонда жыл бойы анасына арнап кесте тігіп, сыйға әкелген екен. Егер қызы әкелген кестелердің ішінде құс тұмсық өрнектер бейнеленсе: «Менің жағдайым болмай жүр, құс секілді шұқылап қана тамақ ішемін» дегенді білдірген. Әкелген сый-сияпаттарынан қызының халін білген ана құдағайына құдағай жүзік сыйлайды. Егер құдағай жүзік бір саусақты болса: «Менің баламның жағдайы болмай жүр екен» дегенді, ал егер екі саусақты болса: «Менің балама да өз балаңдай қарап жүр екенсіз, мен сізге ризамын» деген мағынаны білдірген. Сонау бесбілезіктен бері қарайғы салт пен дәстүрлерге назар аударсақ, тіпті ұлттық әшекей, ою-өрнек, бұйымдардың да адамдар арасындағы қарым-қатынаста үлкен мәні бар. Арада сыпсың сөз, өсек-аяң не талас-тартыс жоқ. Ата-бабамыз қандай дана, шебер болған?! «Бір ауыз сөзге тоқтаған» деп ұлтымыздың шешендігімен мақтанушы едік, тереңірек үңілсек, тіпті сөз тұрмақ, ісімен, салтымен, дәстүрімен-ақ кейінгі ұрпаққа теңдессіз қазына қалдырып кеткен. Бүгінгі күннің педагог, психолог мамандары айтып қана қоймай, сатып жүрген «ойын арқылы баланы дамыту» әдісін ата-бабамыз жазу-сызу білмеген көшпенді өмірінде-ақ қолдана білген: Қуыр-қуыр қуырмаш, Балапанға бидай шаш. Бас бармақ, балан үйрек, Ортан терек, шылдыр шүмек, Кішкене бөбек. Сен тұр – қойыңа бар! Сен тұр – жылқыңа бар! Сен тұр – ешкіңе бар! Сен тұр – сиырыңа бар! Сен тұр – түйеңе бар! – деп, бір ғана ойын арқылы баланың бойында бірнеше қабілетті шыңдаған: Балаға дене мүшелері мен төрт түлік малдың атауларын үйретіп, дүниетанымын кеңейткен; Өлең арқылы баланың сөздік қорын байытып, есте сақтау қабілетін дамытқан; Аулада ойнап жүрген балаға қорадағы төрт түлікті қаратып, жауапкершіліктерін қалыптастырған; Ойын баласын ойната жүріп, еңбекке баулыған; Саусақ, алақан мен білекке массаж жасалып, бүгінгі күннің «мелкая моторикасы» да іске асырылуда. Яғни, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, саусақ ұшы мен сөйлеу нейрондары мида қатар орналасқандықтан, бала неғұрлым саусақпен көбірек жұмыс жасаса, тілі де тез дамитыны дәлелденуде. Және де ойнатып, күлдіріп, қызықтыра отырып, баланың санасын ересек өмірге дайындаған. «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» деген рас. Өзіміздің «Қуырмашты» ұмытып, қадірін білмей жүргендер бүгінгі күні балаға неше түрлі слайм, спинерді ойыншық деп әперіп, біреудің қаңсығына тәуелді етіп жүр. Оларды кім өндіріп жатыр? Бұл ойыншықтардың түрінде, түсінде, қолданысында қандай астарлы идеологиялық мән мен мағына, пиғылдар бар? Бүгінгі қоғамда жастар арасында «арабтану», ал жасөспірімдер арасында «кәрістену» үрдістері белең алуда. Ересектер тілімізді шұбарлап, ауызашарды «ифтар», бауырды «ухти, ахиға» айналдырса, жеткіншектеріміз кәріс дорамаларындағы әртістерге еліктеп, шаш бояу, көз бен қас бояуды сәнге айналдырып, еркегі қыз, қызы ұл болуға құмартып жүр. Жастардың психологиялық әлсіз, ақыл тоқтатпаған, эмоцияға берілгіш, өзгеге еліктегіш кезеңдерін сыртқы күштер ұтымды пайдаланып, қазақтың біртұтастығын іштен ыдыратуға тырысуда. Тілді шұбарлап, сананы улап, түп тамырымыз – ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарғысы келеді. Мәселен, босағаға қызыл жіп пен тұз байлап, «көз тимесін» деп сеніп жүрген қазақтардың ісін «Аллаға серік қосу», ал соған сенген адам «кәпір» деп айыптайды. Егер осы бір амалдың түбіне үңілетін болсақ, кезінде ата-бабамыз қызылша ауруы шыққан үйдің босағасына қызыл мата байлап, сырттан келетін кісілерді алдын ала сақтандыруға тырысқан екен. Ал көрші не жолаушы тұзға бола бас сұғып, қысылып, қымтырылмасын деп, босағаға тұзды байлап қойған. Ал қалжаға сойылған қойдың мойын сүйегін бүгінгі күні «баланың мойны қатаюы» үшін деп шатастырса, кезінде әдеп үшін, жаңа босанған әйел мен емізулі бала бар үйге баса көктеп кіріп келмеуден сақтандыруға арналған ескерту еді. Тіпті «баланы қырқынан шығару» деген дәстүрдің өзі балаға қатысты емес, әйелдің қырық күндік әлсіз кезеңі өтіп, белі қатайғандығын білдірген, тек әдептен аспай, осы бір дәстүрдің атауын балаға теліп, «баланы қырқынан шығару» деп атаған. Мінеки, осынша бай рухани қазынаның қадірін жете түсініп, мән-мағынасын білмегеннен кейін бүгінгі күні әркімнің жетегінде кетіп, елден үдере көшіп, «қазақта дін болмаған» деген дәлел-дәйексіз желеуге сеніп жүргендер қаншама?.. Олардың сөзіне сенсек, сонда: Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз, Ең шұғыл пасық залымның Тіліне еріп азбасқа. Үшінші тілек тілеңіз, Үшкілсіз көйлек кимеске. Төртінші тілек тілеңіз, Төрде төсек тартып жатпасқа. Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытты бес намаз Біреуі қаза қалмасқа, – деп жырлаған Бұхар мен «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» деп қазақты білім алуға шақырған Ыбырайлар «надан», «жахил» болғаны ма?.. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Өз сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айтып бере алмаған әжеден және екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын». Қорыта айтсақ, алып бәйтеректің жапырағы жайқалып, өсіп-өнуі үшін тамыры терең, топырағы құнарлы болуы керек. Осы бәйтеректің жапырағы – жас ұрпақ, діңгегі – отбасы, қазақтың әр шаңырағы десек, тамыры – ұлттық құндылықтар. Баланың рухани тәрбиесін мұғалім мен қоғамға жүктеп қоймай, әр ата-ана өзінен бастауы қажет. Өйткені бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Эльмира ӘДІЛХАНОВА, «Ихсан орталығы» ҚБ психологы Ақтөбе қаласының Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы ұйымдастырған «Ұлттық құндылықтар және дін – тәрбиенің діңгегі» атты қалалық эссе байқауының жүлдегері