Қазақ әдебиетіндегі өмір мен өлім концепті

Қазіргі қазақ әңгімесіндегі өмір мен өлім концепті баса назар аударатын сала болып отыр. Себебі, соңғы кезде көптеген қаламгерлер өлім тақырыбын өз шығармаларына арқау етіп алуы жиі кездеседі. Өмір сүре білу − әрбір адам үшін үлкен сынақ. Осы сынақта уақытша қиындықтар мен ауыртпашылықтарды көтере алмай, ашумен біреуді өлтіріп қою немесе өзіне-өзі қол жұмсау қоғамда көп көрініс алып жатыр. Қазіргі қазақ прозасындағы өлім тақырыбында жазған шығармалардың қатарына Т.Нұрмағамбетовтің «Күнді жек көру» әңгімесін, Д.Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» атты повесін жатқызсақ болады. Ол жерде де өлім мен өмір концептісін негізгі арқау етіп алған. Г.Шойбекованың да «Өмір сүру ережесі» атты әңгімесінің идеясы − суицид. Бұл тізімге Төлен Әбдіктің «Оң қолын» және «Парсат майданын» қосыңыз. Рас, адамның басына әртүрлі жағдай келеді. Бір қиындықтарға кезігіп, сынаққа душар болса салы суға кетіп өзіне өлім тілейді. Ал кейде өмірдің қуанышы мен шаттығына бөленгенде жас балаша мәз болып, өмір сүргісі келеді. Осы ақиқатты Тұманбай Молдағалиев ақын «Өмір маған…» өлеңінде: «Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты, Өліп қалғым келеді» десе, енді бірде: «Өмір маған шаттық сезім сияқты, Мәз болып күлгім келеді. Өмір маған кейде өзім сияқты, Өмір сүргім келеді» деп ағынан жарылады. Ал Қасым Аманжолов «Дариға, сол қыз» өлеңінде: «Оқ тиді келіп, қайратым кеміп, Барамын сөніп, келмейді өлгім! Тұрғандай сол қыз жаныма келіп, Талпына берді қайран жас көңілім!

Барамын сөніп, барамын сөніп, Жұтар ма мені мына сұм соғыс? Арманым бар ма өлсем бір көріп, Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?! «Келмейді өлгім, келмейді өлгім! Қайратым қайда, келші осындайда», Дедім де тұрдым, жүгіре бердім, Қолымда найза, шағылып айға. Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым! Күркіреп күндей өтті ғой соғыс. Келемін қайтып, өлеңімді айтып… Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!» дейді. Қасымның осы өлеңі туралы атақты әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы: «Осы өлең жолдарынан иненің жасуындай бір жасанды мінез бар ма?.. Егер ақын өлімнен қорықпайтынын, сүйікті қызы үшін жанын қиюға даяр екендігін айтып шалқыса, өлең бүкіл шынайылық табиғатынан айырылар еді. Ажал сағаты тақағанда адам баласы дүниедегі ең сүйікті жанын есіне алатындығын да ақын дәл байқаған. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Абай мен Ербол бір үлкен боранда қатты адасып кеткені айтылады. Соңында Абай қатты сырқаттанған кезде қайта-қайта Тоғжанның атын айта береді» дейді [1] Қасым өлімнен қашпайды. Оны жоққа да шығармайды. Бірақ ол босқа, түк бітірмей, ез болып өлгісі келмейді. Мысалы, «Ез тірліктен ер өлім, Артық екен дер едім» десе, енді бірде: «Өлім деген арсыз сөз, Қайдан маған болдың кез. Өлім-жауым, өмір-дос, Неге өлейін бостан бос» дегені де бар. …Адам өлімнен ешқашан қашып құтылған емес. Өлім – ақиқат. Сол себепті Шәкәрім атамыздың: «Алланың ақ өлімі келгенде, Амалсыз қара тастай қатасың» деуі бекер емес. Ал Бұқар жырау бабамыз болса: «Ажал деген атқан оқ, Бір Алланың қақпаны» деп бір қайырады. Ажалдың қашан және қай жерде келетінін білмейміз. Сол себепті қасиетті Құранда: «Әр үмметтің белгілі бір мерзімі бар (яғни ажал құшатын уақыты бар). Сол ажалдың мерзімі келген сәтте, олар оны бір дем кешіктіре де ілгерлете де алмайды» деген. [2] Қорқытты мысалға алайық. Ол түркі халықтары арасында әлі күнге дейін ұмытылмай, есімі аталып келе жатқан тұлға. Себебі неде? Атақты академик, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім: «Себебі ондай адамдар ешқашан азып-тозбайтын идея ұсынған. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі». Бұл афоризмнің мағынасы неде? Қара жердің бетінде барлығының өз өлшемі, шамасы бар. Шамаңнан асып ешқайда бара алмақ емессің. Адамның да шамасы бар, ол таусылғанда тағдырға мойынұсынасың. Өлімнен қашу жоқ. Өлім – тағдыр. Ал тағдырды кім жеңген? Ондай жан бар ма? Әрине, жоқ. Қорқыт оны жақсы біледі. Бірақ данышпан «Әлем неге осылай жаратылған, оның құпиясы неде?» дегенге жауап іздеген және оны таппаған. Егер ол өз сауалына Қорқыт жауап тапқанда, ол адамзат тарихында қалмас еді, ұмытылар еді. Тарихта сауалға жауап тапқандар емес, жауапсыз сауал тапқандар қалады» деп Қорқыттың жайын осылай түсіндірген болатын [3]. Адам ажалдан қорқады. Өлгенді емес өмір сүруді қалайды. Тіпті, өлімнен қорқып бас сауғалап қашуға дейін баратын кейбір адамдардың халін аятта былайша баян етеді: «Ей, Мұхаммед! Мыңдаған адамның өлімнен қорқып, үй-жайын тастап, босып кеткенін білетін шығарсың?» [4] Алайда пенде қанша тырысқанымен де келіп тұрған өлімнен қашып құтыла алмайды. Адам баласы қанша сақтансын бәрі-бір оған белгіленген жерде өлім жетеді.  Иә, Қорқыттың өлімнен қорқып, мәңгі өмірді іздеуі мына бір аятты еске салады: «Қайда болсаңдар да сендерге ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» [5] Өлім мен өмір, фәни мен бақи – Абай өлеңдерінің дені. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Тек айтарым, Абай бізді ажал құшқан адамның артынан ауыр сөз айтпауға, Аллаға тіл тигізбеуге, тағдырға иман етуге шақырды. Мысалы, «Бермеген құлға қайтесің» атты өлеңінде Хәкім: «Ажал тура келген соң, Шыдатпайды берікті… Өмірін берген құдайым, Ажалын да беріпті. Сақта дейміз, қайтеміз, Ілінген жалғыз тіректі. Тағдырына тәбдил жоқ, Тәубе қылсақ керек-ті. Оспанды алған бұл өлім, Тәубе қылсақ керек-ті» деп ұлы Әбдірахман өлгенде өзін осылай жұбатса, әкесін мысал етіп, сөзін жалғастырып былай дейді: «Бір Құдайдың жолына, Малды аямай бұлапты, Ажал уақыты жеткен соң, Соның да гүлі қурапты. Қажыны алған бұл өлім, Сабыр қылсақ керек-ті». Иә, «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?» дейді тағы Абай. Кейін сөзін жалғап: «Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма? Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?» деп ой тастайды. Ұлы жазушылардың көбі «ұлы шығармалар» тудырса да, жеке өмірінде барлығына үлгі болар «ұлы адам» бола бермейді. Мысалы, Эрнест Хемингуэй – ұлы жазушы. Бірақ жеке өмірінде қиындықтарға тап болып, кейін жұмыс істеуді қойып, қалың депрессияға ұшырап, өзіне-өзі қол жұмсау туралы көп айта бастады. 1961 жылы 2 шілдеде Майо психиатрлық емханасынан шыққанына бар болғаны бірнеше күн өткеннен кейін, Хемингуэй Кетчумдағы үйінде мылтығымен өзін-өзі атады. Өз-өзіңе қол жұмсау – тығырықтан шығар жол емес. Олай ету әлсіздерге тән. Ондай адамдар өмірде қаншама десеңізші… «Жалпы, біздің әдебиетімізде «Нағыз ақын өмірді жырлауы керек» деген сипаттағы ғана біржақты ұғым қалыптасқан. Шын мәніндегі ақын өмір емес, өлім туралы көбірек толғанады. Өлімді еске түсіру арқылы, өмірдің көзінен жас сорғалатады» деп, тіптен ерекше пікір айтады атақты әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы.[6] Рас. Сөзінің жаны бар. Көптеген ұлы жазушылар мен ақындар өлімді көп жырлаған. «Поэзия пайғамбары» Абайдың өзі: «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма» деп тебіренді емес пе? Ал ұлы Мағжан да: «Мен де тезірек өлейін, Әлі жаспын демейін. Келші өлім, тезірек! Жан ұшудан тоқтады, Жынданып қайта соқпады» деп неге аласұрды? Сонымен бірге ақынның: «Не қылса да, өлімнің өз еркі, Жындандырад мені сұлу көркі… Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі» дейтіні де бар. Тіпті өзінің үміті үзіліп, өлімді күтіп жүргенін былай жеткізеді: «Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін, Соққы жеген сорлы жүрек біледі». Ал, ағылшынның ұлы ақыны Джордж Байрон болса: «О, дариға, О, пейіштің ішінде Жаның өлмей, Қалса сүю кешінде, Рас болса, қауышарсың есен-сау Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе» деп өмірден гөрі өлімге неге ынтықты?  Орыстың ұлы ақыны  Сергей Есенин: «В этой жизни умирать не ново, Но и жить конечно не новей» деп, өмірінің өтіп кеткеніне түк те өкінбейді. Неге? Неге өлімді ұлылар көп жырлаған? Өлімді еске алу – мұсылманға тән қасиет. Сол себепті барша мұсылман ғалымдары өлім туралы көп айтқан. Медресе оқып, арабша сауат ашқан қазақ зиялылары сол себепті өлімді жиі жырға қосқан. Фәнидің жалған, бақидың мәңгі екенін өлеңдерінде көп айтқан. Бірақ олар ақылдыларға тән тірлік жасап кетті. Есімдерін тарихқа жазып кетті. Пайғамбарымыз ﷺ: «Ақылды адам – өзін есепке тартып, өлім үшін дайындалатын адам» деген. Бір нәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады. Еске алу еске түсіретін нәрселерге қараумен, оларды істеумен іске асады. Тағы бір хадисте: «Ең ақылдыларың – өлімді көп еске алатын, ақырет үшін азық жинауда асыққандарың. Өлімді көп еске алатын адам, дүние мен ақырет бақытына қауышады» деген. Өлімді еске алу адамды босатпайды. Өзіне есеп бергізеді. Өлімді ойлап, Алла алдында махшар алаңында барлық ісіне жауап беретінін біліп, түсініп, шамалары жеткенше күнәдан алыстайды. Сол себепті Абай: «Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың, Иманын түгел деуге аузым бармас» деген. Өлімді көп ойлаған адам ата-анасына қарсы сөз қайтармайды. Тыңдайды. Пара бермейді, алмайды. Өтірік айтпайды. Ұрламайды. Зұлымдық етпейді. Сол себепті, қалағаныңша өмір сүр. Өмірді сүй. Еңбек ет. Барлық жанды жақсы көр. Бірақ біл! Сен олардың бәрінен айырыласың. Қалай өмір сүргенің туралы есеп бересің. Сол себепті Алла алдында және қоғам алдында өз дәрежең болатындай өмір сүр!!! Мұқағали атамыз айтпақшы: «Ей, бауырым, Өз дәрежең болмаса, Бұл жалғанда несіне өмір сүргенсің?» Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, зерттеуші,  Халықаралық журналистер одағының мүшесі

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақ әдебиетіндегі өмір мен өлім концепті | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 874Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля