Әлемдік және дәстүрлі діни лидерлердің бірігуі – діни экстремизм мен радикализммен қорғану құралы
Қазіргі уақытта адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге бағдарланған көптеген ұйымдар мен форумдар бар, алайда басты тұлғалары, қозғаушы күші ретінде діни көшбасшылар болған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің Съезді қазіргі уақытта әлемдегі бірінші алаң болып табылады. Мұндай алаңның қажеттілігі терроризм, дінді саяси және жеке мақсатта пайдалану, рухани-адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, діни қайшылықтардан туындаған қақтығыстар және т.б. сияқты жаңа сын-қатерлерге жауап табуға талпыныстан туындап отыр.
Соңғы уақытта геосаяси шиеленіс күшейіп, саяси көшбасшылар зорлық-зомбылық әдістерін жиі қолдануда. Дүние жүзінде қарулы қақтығыстардан зардап шеккен осал аймақтардың саны артып, соның салдарынан көмекке мұқтаж босқындар саны да артып келеді. Терроризм мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр, лаңкестік әрекеттер әлемнің әртүрлі бөлігінде орын алуда. Жыл сайын жағдай күрделене түскендіктен, жаһандық жүйе көтере алмай жатқан мәселелер легі артуда. Моральдық және рухани құндылықтардың құлдырауы, техникалық прогресс пен экономикалық өсу дәуірінің қарқынды дамуына байланысты тұтынатын қоғамды қалыптастырды. Рухани өсуге ұмтылатын адамдар саны азайып, материалдық мүддені көздейтін көпшілік артты. Жаңа технологияның дамуының жағымды жақтарымен қатар, адамдардың санасына әсер етіп, адамгершілік құндылықтардан алшақтататып жатқан жағымсыз жағы да жоқ емес. Осы орайда аталған мәселелердің шешімін табуда бірлесе жұмыс жасау мақсатымен қауымдастықтардың құрылуы болжамды қадам. Сол игі бастамалардың бірі біздің елдің әлемдік қауымдастыққа ұсынғаны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үлкен жиынын үш жылда бір өткізу болған еді. Дегенмен Съездің бір өзі және жалғыз бір ғана мемлекет осы проблемалардың барлығын жеке шеше алмайды. Мұндай келелі жұмысқа саясаткерлердің, халықаралық ұйымдардың, рухани көшбасшылар мен мемлекеттердің бірлескен күш-жігері, қажырлы еңбегі қажет. Бейбіт диалогты, төзімділікті, өзара құрмет пен ынтымақтастықты ынталандыру ауадай қажет. Тек осы жағдайда ғана жарқын болашақтың игілігі үшін алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады.
Съезд өз жұмысы барысында форумға қатысушылар арасында сенім қалыптастырды және болашақта жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін рухани көшбасшылар арасындағы қарым-қатынастарға оңтайлы жағдайы жасады. Съездің негізгі мақсаттарының бірі – мемлекетаралық қарым-қатынасты жақсарту және геосаяси шиеленісті азайтуға үлесі зор. Съезд қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында конфессияаралық қатынастарды дамытып, толеранттылық идеяларын ілгерілетуді жалғастырырып келеді. Рухани көшбасшылардың саяси көшбасшылар мен адамзатты адамгершілік принциптерін қабылдауға ынталандырудағы рөліне басымдылық беріліп келеді. Осы жиырма жылдық тарихта белгілі бір тәжірибе жинақталып, қабылданған Декларацияға негіз болды. Тұжырымдамаға сәйкес съездердің алдағы жұмысы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында діни көшбасшылар, саясаткерлер және халықаралық ұйымдар арасындағы диалогты нығайту, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілету және халықтың рухани өсуін бірізді дамытуды көздейді. Тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың негізгі факторы ретінде толеранттылық идеясын насихаттауды басты өлшем ретінде ұстанады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жаһандық проблемаларды шешу бойынша жұмысты жалғастырады. Әлеуметтік теңсіздікті жою, халықтың бай және кедей жіктерінің арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында лаңкестікке қарсы іс-қимылды жалғастырып, дінді саяси мақсаттарда пайдалануды қысқартуға ықпал ететін болады. Съезд жұмысы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге, күш қолданбауға және келіссөздер үстеліне отыруға жәрдемдесу болмақ.
Е.Абзалов, тарихшы, теолог, дінтанушы