Әлеуметтік желі адастырмасын…

Ғаламтордың жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушыларының әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін пайдаланады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар. Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін. Бұл жазбаларда жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді. Осы әлеуметтік желілер арқылы мұндай ұйымдар танымал хэштегтерді (#) алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады. Бүгінгі таңда радикалды діни топтардың түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы отандастарымызды өз қатарларына тарту фактілері аз емес. Қазақстанда орын алған лаңкестік актілерді талдаудың нәтижесі бойынша, олардың 55% – 29 жасқа дейінгі адамдар, 35% – 30-39 жас аралығындағы адамдар, ал 10% – 40 жастан асқан адамдар екені анықталған. Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «ВКонтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтар шамамен 70%-ы дәстүрлі емес ислам идеологиясына қатысты екен. YouTube, Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілер пайдаланушылары арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі.

Сондай-ақ, олар әлеуметтік желілерде жаңа таныстар іздеп тауып, оларды өз құрықтарына түсірудің тәсілдерін шебер қолданады. Әсіресе бұл әйел адамдарды арбауда сәтті іске асады. Себебі, жаратылыс тұрғысынан эмоцияға берілгіш қыздар ғаламтордағы желілер арқылы өздерін толғандырған мәселелерді, көңіл күйлерін білдіріп отырады. Ғаламтор желісіндегі маманданған теріс пиғылды ағым мүшелері мұны өз пайдаларына асырып, ондай қыздармен сыр бөлісу арқылы өздеріне жақындатып, құрбандарына айналдырады. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі форумдарда да жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр. Статистика бойынша әлеуметтік желілерді ғаламтор қолданушыларының 90%-ы пайдаланады. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы енуде. Соның салдарынан азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен төзімділік принциптері, құндылықтық бағыттары мен этикалық нормалары өзгеріске ұшырап, отбасына іріткі салу, қоғамның жікке бөліну қаупі туындауда. Радикалды экстремистік идеологиялардың ықпалындағы діни ағым өкілдері қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен ұшқары әрекеттерді жүзеге асыруға дайын болатыны белгілі. Оған әлемнің әр жерінде орын алып отырған радикалды діни ағым өкілдерінің қылмыстық іске баруы және лаңкестік әрекеттері дәлел. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес. Сондықтан діни мәліметті, қажетті ақпаратты іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі kazislam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми muftyat.kz сайты және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн. Әсіресе әлеуметтік желілер жастар арасында өте танымал. Көптеген жастар діни сауатын әлеуметтік желілер мен ғаламтордан ашып жатады. Ғаламтор желісінде жастарды оқыту, дәріс беру бойынша ислам ресурстары кеңінен таралған. Мәселен, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 8323 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 172 қауымдастық, «Сунна» сөзі бойынша 11439 қауымдастық және т.б. ұқсас қауымдастықтар тіркелген. Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз. Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып барады. Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымдар қатарына кіріп кету факторларының бірі әлеуметтік желілердегі деструктивті қауымдастықтар мен топтарға жазылу. Бұл топтар мен қауымдастықтардың атаулары әдетте мүмкіндігінше бейтарап болып көрінеді, мысалы: «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» және т.б. қауымдастықтарды айтсақ болады. Алайда, атаулары мейірімге шақырғанымен қауымдастықтардың ішінде жүргізіліп отырған ақпараттық саясат мүлдем басқа және алдап-арбауды мақсат еткен ақпараттық тұзақ. Осыған байланысты облыс көлемінде әлеуметтік желі қолданушылары арасында деструктивті діни бағыттағы топтарға тіркелген азаматтарға орталық мамандары тарапынан ескерту хаттар жолдануда. Желі қолданушыларына жолданып жатқан бұл хабарламалар біріншіден алдын алу, яғни азаматтарды білместіктен заң бұзушылықтарға алып баратын лайк, репост немесе комментарийлерден ескерту. Осындай іс-әрекеттер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптары негізінде 2022 жылы 25 тұлғаға 2 миллион 141 мың 037 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы түрлі келеңсіз жағдайлардан ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау арқылы ғана еліміз болашақта көздеп отырған асқақ мақсаттарға қол жеткізе алады. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық. Ж. ЖОРАБЕК, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы, Раушан Нарбек

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Әлеуметтік желі адастырмасын… | Қазақстандағы Ислам

0

Автор публикации

не в сети 20 часов

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля