360 буын
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) буындарға қатысты мынадай хадисі бар: «Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, «лә иләһа иллаллаһ, субханаллаһ» десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастаса не болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады». Осы орайда ойға орынды сұрақ оралады – қалайша ол дәуірде аспаптық зерттеулер: рентген, компьютерлік/магниттік томография секілді аппараттар мүлдем жоқ, ортопедия-травматология салалары да болмаған заманда ардақты пайғамбарымыз буын сандары 360 деп сенімді түрде дөп басқан? Сүйтсе заманауи медицина осы уақытқа дейін адам ағзасында 340 буын бар деп есептеп келген, кейін әр құлақта бұрын белгісіз 20 буын бар екені уақыт өте келе белгілі болып кейін олардың саны 360-қа дейін өсті. Түйін: қандайда болсын белгілі-белгісіз, ғылыми/ғылыми емес, мүмкін қарапайым бір заттарға байланысты болсын кез келген қасиетті хадисте айтылса, ол қазір болмаса да кейін уақыт өте келе өзінің ақиқатын айқындайды деген мағына шығады. Міне, мұғжиза деген осы. Данияр АСЫЛБЕКОВ