Шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алудың тәуекелі

Бүгінгі таңда дін саласындағы өзектілігін жоймай тұрған көкейтесті мәселелердің бірі – шетелде діни білім алу және оның қауіп-қатері. Хадистің бірінде «білімді Қытайға барып болса да алу керектігі» айтылғандай, шетелдің іргелі оқу орындарында білікті мамандардан тәлім алып, тәжірибе жинақтап, ислам ілімінің тарихы терең орталықтарында білім нәрінен сусындағанның пайдасы мол екені рас.

Алайда, ілім қуған жастарымыздың шетел асып жатқанын деструктивті жат ағым өкілдері өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысып бағуда. Өйткені, елімізде өз жақтастарын көбейтуге тегеурінді тосқауыл қойылғаннан кейін енді олар өзге мемлекеттерге барғандарды торуылдап, оңай қармақтарына түсіргісі келеді.

Біз бұған дейін әлі де оң-солын танып үлгермеген жастардың алғашқы діни білімді өз елімізде алуы керек екендігін, бастапқы діни дүниетанымы қалыптасқаннан кейін ғана білімін одан әрі жетілдіру үшін тексерілген сенімді шетелдік оқу орындарына барған дұрыс болатынын жазған едік. Ал бүгінгі мақаламызда шетелде діни білім алудың қауіп-қатері туралы белгілі теологтар мен дінтанушылардың, сондай-ақ өзге елде білім алып жатқан мамандардың пікірін бергенді жөн көрдік.

 

Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы, профессор:

– Қазіргі күні шет елге діни білім алуға кеткен әрбір азамат потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгерді. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Бұл дегеніміз, олар шетелдерде алған діни танымы арқылы сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін, яғни басқа мәдениеттің тарихи жүріп өткен жолы мен құқықтық дүниетанымдық қабатын өздерімен бірге өзеуреп алып келеді.

Олар өзімен ғана шектелмей, ең дұрыс жол осы деп, өзге азаматтарды да шатастырады.

Бұл мәселені шешудің жолы қандай болуы мүмкін? Мәселені шешудің тетіктерін, әдістері мен шарттарын салыстырмалы зерттеуді қолға алу қажет. Бірінші үзілді-кесілді жеке өз бетімен діни білім алуды шектеу керек. Егер бұл шектеу жүзеге аспаған жағдайда, оның алған дипломын да жарамсыз деп тауып, ол студентті өз еліміздің университеттерінде арнайы екі жылдық бағдарлама негізінде қайта оқыту керек. Мұндай тәжірибе Түркияда бар. Мысалы, Түркияда «әл-Азхарды» бітіріп келгендер, қайтадан екі жыл Анкара Университетінде оқып барып диплом алады. Нострификация діни білімде осылай шектелген.

Екінші жолы, бакалавр, яғни білім берудің бастапқы сатысы мүндетті түрде Қазақстандағы діни білім беру стандарттары арқылы тәмамдалып, шет елге магистратура не докторантура бағдарламаларымен жалғасып жатса құба-құп.

 

Азамат ТӨЛЕПОВ, «Отпан» ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығының директоры:

– Шетелде діни білім алудың бірнеше қаупін атап айтар едім. Біріншіден, елімізде терроризм және экстремизм бабымен сотталғандардың барлығы – шетелдегі күмәнді оқу орындарында білім алып келген азаматтардың және интернеттегі деструктивті сипатта уағыз айтатындардың сөздерін тыңдап, солардың соңынан ілесіп, осындай ауыр қылмысқа барғандар.

Екіншіден, шетелде теологиялық білім сол жақтың дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен қатар беріледі. Біздің жастарымыз тек діни білім алып қана қоймай, қазақтың дүниетанымына, салт-дәстүріне жат ғұрыптарды, жат мәдениеттерді бірге сіңіріп келеді. Бұл әсіресе кәмелет жасына толмаған, діни сауатын ашпаған, өз елінің ұлттық құндылықтарынан хабарсыз жастарымыз үшін үлкен қауіп.

Үшіншіден, шетелде оқитын адамдарда қаржылық-әлеуметтік тұрғыда зәру жағдайлар туындайды. Өйткені, оқу ақысы бар, ол жақта өмір сүру үшін қаражат керек. Осы кезде оған «демеушілік» ететін түрлі топтар пайда болуы мүмкін. Ал олар «қамқорлығына» алған жастарға өз идеологиясын да бірге сіңіруге тырысатыны белгілі.

Егер діни білімді өз елімізде алатын болса, Білім және ғылым министрлігінің «исламтану» мамандығына бөлетін гранттары бар, одан бөлек, облыс әкімдіктерінің гранттары бөлінеді. Сондықтан Қазақстанда діни білім алушыларда қаржылай қиындықтар туындамайды.

Төртіншіден, өз бетінше шетелде діни білім алып келген адам елімізде жұмысқа орналаса ала ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Өйткені, күмәнді жерде оқып келген жасты ешкім бірден жұмысқа ала қоюы екіталай.

 

Жарас АХАН, Түркия Республикасы «Muğla Sıtkı Koçman» университетінің PhD докторанты:

– Сократ айтпашқы, «адам – құбылыс». Көңіліне әсерлі танымдарды тез қабылдап алады әрі құбылмалы. Тек ішкі танымдары құндылықпен толғанда ғана, ар, намыс, құбылыс деген ұғымдардың ара-жігін ажырата алады.

Алайда жұрттың бәрі олай емес қой. Шәкәрім бабамыздың «таза ақылмен ұқпаған – жындылық» дегеніндей, ілім қуған адам танымдардан туған мәдени құбылыстардың тұтқынына айналады. Мысалы, біраз азаматтарымыз араб елдеріне барып, діни оқу орындарында оқығанда, діни таным мен мәдени танымның ара-жігін ұға алмай, араб мәдениетін елімізге насихаттап кеп жіберді. Ұлттық ойлау философиямызға Құдайдың атын жамылып, талқандауға тырысып жүр. Шын мәнінде не істеп жүргенін өздері білмейді. Абай айтпақшы, дін ісі мен Құдай ісін ажырата алмайды.

Ойшылдар тарих бойы адам болмысына әр танымның өз ықпалы бар екенін айтып келеді. Мәдени, діни, тарихи сана танымы, ғылыми таным, әлеуметтік сана сынды танымдар туралы айтылып отыр. Мысалы, бір жасты өз елінің мәдени танымымен, тарихи танымымен сусындатпай, шет елге оқуға жіберсек, ол жастық болмыспен басқа тарихи, мәдени танымды сіңіріп алып, өз мәдениетіне шабуылдап, тарихи мемлекеттілігіне күмәнмен қарай бастайды.

Иә, рас, мәдени танымымыздың әлеуметтік таныммен үйлесетін тұстарына жаңаша ойлау құбылысы керек-ақ. Алайда, ол саналы түрде зерттеу негізінде іске асатын дүние. Дамуға кедергі келтіретін кейбір құбылыстардан арылуымыз керек. Алайда, ол мемлекеттік санамыз бен ұлттық болмысымыздағы мәдени танымдарымыздың жаңа заманға жауап бере алатын қабаттарын жоққа шығарумен емес.

Ғылыми ойлау танымға, тұрмыстық-әлеуметтік кейбір танымдық қабаттарымызға жаңашылдық керек. Алайда, бұл Еуропа мен Американың еркіндіктің атын жамылған, әке-шешені құрметтемейтін әлеуметтік танымдарын сіңіру емес. Діннің терең ілімін талдау – араб мәдениетін әкелу емес.

Міне, осы нәрселерді жастар ұқпай шетелге шықса, өз мәдениетінен жиреніп, жиіркене бастайды. Содан мәдени құбылысымыз басқа елдің мәдени таным құбылысының соңына түссе және халқымыз әр елдің мәдени танымдарына бас ұрған идеологиялармен бөлшектелсе, оның соңы елдің бөлшектелуіне әкеліп соғатын құбылыс. Сондықтан біз, жастар шет елге оқығанда артық ғылымды әкелу керек деп айтамыз.

Тұрар ӘБУОВ, Түркия Республикасы Эрджиес университетінің докторанты, дінтанушы-сарапшы, РАТТ мүшесі:

– Кезінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан шетелде діни білім алуды шектейтін заң жобасы әзірленген еді. Бірақ неге екені белгісіз, Мәжілістен кері қайтып, ақыры аяқсыз қалды.

Шетелде діни білім алуды шектейтін мұндай заң керек. Себебі бүгінде көріп отырғанымыздай, шетелде оқып келген студенттердің өзі де, сөзі де, сенімі де әртүрлі. Егер сенімді деген оқу орындарында оқып келсе, онда сөз жоқ, оларға сенім артуға болады. Ал аты да, заты жоқ діни оқу орындарында білім алған жастарымыздың қолдарында ең құрығанда қайда оқығанын дәлелдейтін құжаты да болмай жатады. Міне, күмәннің барлығы осыдан басталады.

Сонда деймін, ата-ана баласының қайда оқып келгенінен шынымен де хабарсыз ба, әлде мән бермей ме?! Мысалы, Түркияда оқып жатқан қазақ балалары көп дегенді естіп жүрміз. Әрине олардың санын дөп басып айту қиын. Себебі барлығы бірдей ресми оқу орны емес. Белгілі бір жамағатқа, топқа ғана қатысты. Оларды өздерінен басқа ешкім білмейді. Олардың бір екеуімен сөйлесіп те көргенмін. Сенімді жауап ала алмадым.

Мен бұл жастардың ертеңгі күні Қазақстанға келгеннен кейін дін саласында қызмет істей алатынына күмәнім бар. Себебі қазақстандық жастар діни білімін жетілдірем деген ниетпен келіп, түрлі саяси, діни топтардың жетегіне еріп, рухани танымын мүлде басқа арнаға өзгертіп алған. Қазақстанның менталитеті мен әдет-ғұрпынан ажырап қалғанын байқадым.

Сондықтан жастарымыз діни білімді ең әуелі елде жүріп, медресе-колледждерден, одан қалды отандық діни оқу орындарынан алып, негізін дұрыстап барып, әрі қарай білімін жетілдіру мақсатында магистратура немесе докторантураны шетелде оқыса, онда ол азамат ешуақытта адаспас дер едім. Бұлай болмаған жағдайда бағыт-бағдары болмаған баланың адасып жүргенін көріп отырмыз. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Себебі шетелде діни білім алуды шектейтін заң жоқ.

Бауыржан БОТАҚАРАЕВ,

А. Яссауи атындағы ХҚТ университеті Теология факультетінің аға оқытушысы, РАТТ мүшесі:

– Шетелде діни білім алу – қазіргі күні үлкен бір дауға айналған тақырып. Дін саласы елімізде өте қарқынды дамуда. Сондықтан жастарымыз білім алу үшін шетелге шыққанды құп көріп жатады. Олардың бір бөлігі арнайы бағдарламалар арқылы кетіп жатса, өз бетімен аттанғандар да аз емес. Міне, қауіп осы жерден басталады.

Өйткені, өз бетінше шет елге барған адам ең алдымен жататын жері мен ішер тамағын қалай табатынын шешіп алуы керек. Басқа елден келген адамға ол жақта кім жылы-жұмсағын тоса қойсын? Осындай қысылтаяң шақта әртүрлі діни ағымдардың өкілдері жастарымызға тегін тамақ пен тұратын жерін ұсына қояды. Әлі санасы толыспаған жас адамға мұндай «қамқорлық» өте қатты әсер етуі мүмкін. Олардың көмектерін нағыз мұсылмандық, шынайы Исламға сай амал деп түсінеді.

Жат ағымдар осындай қитұрқы әрекеттерімен жастарымызды өз қатарына тартады. Өйткені, олардың санасына ең бірінші болып өз идеологиясын құйса, мақсаттары орындалғаны. Олардың көздегені – ілім іздеп келген талапкерлерді қатарларына қосу арқылы сол елдегі жақтастарының санын көбейту.

Жалпы кез келген деструктивті діни ағым ең алдымен осы секілді тегін жатақханалары мен білім беру және тегін кітаптары арқылы қатарын көбейткен. Ахмадияшылар, бахаилер, хизбутшылар, т.б. бәрі де жастарға жағдай жасау арқылы таралды. Яғни «қамқорлық» көрсете отырып: «Шынайы исламды үйренгің келсе, бізге кел, біз ғана түзу жолдамыз», – деп үгіттейді.

Сондықтан мен дінтанушы ретінде жастарымызға діни білімді алдымен елімізде алып, кейін магистратура мен докторантураны ғана шетелде оқуға болатынын айтқым келеді. Бір сөзбен айтқанда, өз қазақы дүниетанымымызды бойымызға сіңіргеннен кейін ғана басқа ортаға баруға болады. Бізде де орта және жоғары діни білім алуға толық жағдай жасалған, шетел асып, шатасқан ағымдардың шырмауығына түсіп қалмайық.

P.S. Сөз соңында, қазіргі таңда елімізде 9 медресе-колледж бен «Нұр-Мүбәрак» университеті «дінтану», «исламтану», «теология» мамандықтары бойынша білім беретінін еске саламыз. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған адам ұтылмасы анық!

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 872Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля