Діни тұрақтылық- ел дамуының кепілі

Діни тұрақтылық- ел дамуының кепілі

Діни тұрақтылық- ұлт пен ұлыс арасындағы татулықтың кепілі ғана емес, ол – адамзатқа ортақ бейбітшіліктің кепілі. Себебі, әлемде қанша дін болса, сонша сенім бар. Әлем діндерінің ішіндегі ең хақ дін, яғни өзіне дейінгі қасиетті 3 кітаптың үкімін жойған ең соңғы дін – Ислам діні. Алайда, Ислам діні өзінің ерекшелігіне, Құранның адамзатты бір дінде болуға шақырған бұйрықтарына қарамастан, «Бақара» сүресінің  256-аятында «Дінде зорлық жоқ» екенін баян еткен. Асыл дініміздің хақтығы мен тазалығы осында, ол өзін зорлықпен қабылдатып, мойындатуды ешқашан мақұлдап, ешкімді мәжбүлемеген. Яғни, ешкімнің сенім бостандығына қол сұғып, сол үшін адам баласының бір-бірімен жауығуына жол бермейді. Десе де, абзал, дұрыс жолды нұсқап көрсетеді: «Уа, адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің –  тақуалықта тым жоғары болғандарың».

Осы аяттан-ақ Ислам дінінің әлем халқының ұлт пен ұлысқа бөлінуіндегі мақсат – алауыздыққа салыну, бүлік шығару емес, бір-бірінен ажыратып, тану мақсатынан туғанын байқауға болады. Екінші «араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» деген аяттан алауыздыққа салынуға жол бермеудің, татулық жолында жүрудің қаншалықты қайырлы іс екенін байқауға болады.

Біз оның дәлелін пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ғибратты өмір жолынан да көре аламыз. Ол мейлі кәпір, мейлі мүшрік болсын, өзге кітап иелерін сыйлаған, өз сенімін құрметтей отырып, олардың да сенімдеріне құрметпен қараған. Алла Тағалаға сүйікті, ардақты елші бола тұра, басқа сенім иелерін кемітіп, қорламаған. Пайғамбар (с.ғ.с.) өмір тарихында оған қатысты хадистер көп-ақ. Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болған яһудиді жерлеуге апара жатқанын көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сахабалары оның яһуди (еврей) екендігін айтқанда, «Кім болса да жан иесі (адам) емес пе?» – деп тамаша жауап қатқан.

Ақиқатында, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілген«. Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезінің бір үлгісі – мұсылманға да, мұсылман емеске де құрметпен қараған қарым-қатынасы. Ол тіпті дүниеден өтерінен біраз күндер бұрын бір яһудиден қарыз алып, сол құнға сай өзінің сауытын кепілдікке берген. Айша (р.а.) анамыз: «Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғанда, өз отбасының нәпақасы үшін бір яһудиден отыз сағь арпа алып, сауытын кепілдікте қалдырғанын»  жеткізген.

Өмірінің соңғы сәттерінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбетіне: «Сіздерге әһлі кітап иелері христиандар мен яһудилерді аманат етем» деген мағынада хадистері кездеседі. Хадистен мұсылмандардың мұсылман еместерге әділ қарап, құқығына қол сұқпау, мұсылмандарға жараспайтын қылық жасамаудың сүннет екенін көреміз.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) тәлім-тәрбиесін көрген саңлақ сахабалар да жоғарыдағы өсиетті жеткізген-ді. Сахабалардың бірі «Мен Омардың (р.а.) өміріне қастандық жасалып, өлім аузында жатқанда бардым. Сонда ол: «Сіздерге әһлі зиммиларды (өзге дін өкілдерін) аманат еттім. Себебі, олар пайғамбарларың (с.ғ.с.)  (аманаттаған)  зиммилар, — деп өсиет қалдырды.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінде христиан қауымы да құлшылықтарын өтеген.  Бірде «Мұхаммедке (с.ғ.с.) Мәдинә шаһарына Нәжраннан бір топ христиандар келіп, асыр намазынан кейін мешітке кіреді. Сөйтіп, олардың құлшылық уақыты болып, өздерінің мінәжәт-құлшылықтарын мешітте жүзеге асырады. Біреулер оларды тыймақ болған кезде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «тиіспей, жөндеріне қойыңдар», – деді. Осылайша христиандар шығысқа бет бұрып, құлшылықтарын  жасады». Әртүрлі халық арасын татулыққа шақыруда бұдан асқан үлгі бар ма? Алла тағала  «Кітап иелерімен (өзге дін өкілдерімен) ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар»  — деп бұйырған.

Міне, бұл дініміздің бейбітшілік дінін екенін көрсетеді. Олай болса, қазіргі қазақ елінің мұсылмандық сенім бойынша өзге дін өкілдеріне құрметпен қарап, татулыққа үлес қосуы – аса хайырлы істердің бірі болып табылады. Біз дінаралық татулықты ұлт өміріндегі қарым-қатынастың негізіне айналдыруымыз керек. Себебі, қазақ елі – көп ұлтты мемлекет.

Осыған орай еліміз татулықты сақтауға ерекше көңіл бөліп, жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлер съезін өткізуге қолдау білдіріп келеді. Бұл еліміздің ғаламдық қауіпсіздікті  нығайту мен әлемдік татулықты арттыруға  қосқан үлесі.

Жаһандану  заманында әлем ұлттарының тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешуінің басты кепілі — өзара құрмет пен сыйластық. Ал, оны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адамзат баласын өзіне тән ерекшелігі, өз дүниетанымымен қабылдай отырып, пікірлесуде.

Еліміздегі толеранттықтың арқасында діндері әр түрлі ұлт өкілдері Қазақстан жерінде өзара түсіністік пен сыйластық аясында тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешуде. Олардың діни ғибадатханалары да Ислам мешіттермен қатар бой көтерген. Қазақстан халықтары Ассамблеясының қолдауымен қазақ жеріндегі ұлт өкілдерінің діни сенімдеріне бостандық берілуде.

Бүгінгі алмағайып та, қым-қуыт дүниеде тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін, әсіресе діндераралық төзімділіктің мән-маңызы зор. Елбасымыз «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір» – деп айтқандай, осы сенім дінаралық татулық пен достықтың кепілі болып қала берері сөзсіз.

«Шапағат» деструктивтік діни                                                                                                                

ағымдардан жапа шеккендерге

көмек орталығы» қоғамдық 

қорының теолог маманы                                                                                                      А.Оспанова

0

Автор публикации

не в сети 4 недели

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 566Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля