Діни экстремизмнің алдын алудағы мәдени құндылықтардың маңызы
Қазіргі таңда экстремизм мәселелері қоғамымызда өзекті орын алып жатыр. Діни экстремизм әртүрлі діни пікірлерге негізделген болып саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ, шектен шыққан іс-қимыл деуге болады. Шектен шығушы топтар қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетіні де сол дін болып табылады.
Шектен шығушылардың ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартатын, ешкімді жақтырмай, тіпті оларды қолдап жүрген дін өкілдерінің пікірі болса да олардың пікірлерімен санаспайтын мінездерге ие болады да басты ұстанымдары қатігездік пен шектен шығушылыққа алып келеді. Сонымен қатар, діни антқа берік болып қалған адамдардың экстремистік қатардан шыға қоюы өте қиын.
Мұндай түсініктерден алыстату жолын қарастырар болсақ тұлғаны ең бірінші Ислам шариғаты негіздерімен таныстырып, өркениетті қоғам орнатуда дінді дұрыс түсіну аса сенімді жол екенін білу — діни эктремизмге қарсы әрекеттің бірден бір жолы деуге болады. Екіншіден, діни экстремизмнің алдын алу жолында біздің мәдени құндылықтарымыздың ішінде салт-дәстүріміздің орны ерекше десек артық айтқандық емес.
Дін мұраттарын дұрыс бағытын ұғынықты болып түсіну үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін білу керек. Салт-дәстүріміздің өзі тәрбие мен тағылымға, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарға тұнып тұр. Күнделікті тұрмысымызда әдетке айналып кеткен әдеп-ғұрыптардың астарына үңілсек, сәбидің дүние есігін ашқанда құлағына азан шақырып ат қоюы, ақиқа құрбандығын шалып, келінге қалжа жегізу, баланы қырқынан шығару, шілдехана-бесік той жасау, тұсау кесу, сүндет той, атқа мінгізу, тоқымқағар, тілашар, т.б. жоралғылар игі амалдар болып діни экстремизм жолына түсіп кетпеуге өзіндік септігін тигізері сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда дін мен дәстүр сабақтастығы, салт-сана мен діни танымды бір арнада жетілдіру, сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни мәдени құндылықтарымыз әлгіндегідей әнтек әрекеттен, теріс тармақтардан сақтандыруы тиіс бағыт болатын.
Ағартушы тұлға ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» — дегеніндей теріс идеология діннің атын жамылып, шектен тыс әрекеттердің алдын алуда ерте бастан тәрбиелік мәні бар дүниелерді насихаттап, едәуір үлесін тигізері сөзсіз.
Қазіргі күнде шешімін таппаған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар жұмыстардың жүйелі деңгейде жолға қойылғаны туралы толық сеніммен айтуға болады. Экстремизмнің алдын алудың бірден-бір жолы — олар туралы шынайы мәлімет беріп, зияндылықтарын баяндау.
Жасөспірім балалар үшін ақпарат құралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «Дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.
Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету және сауықтыру орталықтары түрінде қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар арасынан «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог мамандарының түсіндіру жұмыстарын жүргізудегі қызметі зор деп білеміз.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан
жапа шеккендерге
көмек орталығы» қоғамдық
қорының теолог маманы
Сәден Абылай Шөптібайұлы