Мақалалар

Исламдағы отбасы

«Отан — отбасынан басталады» яғни мемлекетті құраушы адамдар, ал адамдар болса отбасынан құралады. Сондықтан да мемлекет  бақытты болуы үшін отбасы бақытты болуға тиіс, ал отбасының қалай бақытты болатынын бізге Ислам діні үйретеді. Ең алғаш адам пайда болғаннан бастап Адам пайғамбарға жұп етіп Хауа анамызды жаратты. Міне сол кезден бері ер мен әйелдің неке қиып, екі жарты бір бүтін болып өмір сүруіндегі негізгі мақсат бұл өткінші сынақ өмірде бір-біріне ғибадатта болсын, жақсылықта болсын, жаратушы Алланың разылығына жету үшін бір-біріне көмекші әрі жанашыры болғандығында екен. Себебі Алла тағала қасиетті құранда «Алланың разылығы барлығынан да үлкен, міне сол Алланың разылығын алу нағыз ұлы жеңіс» — деген (Тәуба сүресі 78-аят). Иә адам әлсіз жаратылыс болғандықтан, әрдайым Алланың разылығына жету үшін бір-біріне демеу беріп арқа сүйері ол Құдай қосқан жары болуы тиіс.        

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» — деген (Бақара сүресінің 187-аятында). Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Алла Тағала бір-бірін қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай-ақ, Алла Тағала қасиетті Құранда:  «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» — дейді (Рум сүресінің 21-аятында). Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді.

    Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, нәпсіқұмарлыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махаббаты қу дүниеге ауып, ақыры ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтан да, ер кісі өмірлік жан-жарын таңдауда, аяғын шалыс баспау үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Бір кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» — деген насихатына көңіл бөлген абзал.

Құранда жаратушы Раббымыз «Ерлер – әйелдерді басқарушы» — (Ниса сүресінің 34-аятында) деген. Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде құқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрған жоқ. Қайта, Ислам діні — ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.

Ер кісі — ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда: «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі» — (Бақара сүресінің 233-аятында) десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің» -деген.

Ал, әйел заты — әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай-ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» — деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.

Ерлі-зайыптылар қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы, бір-біріне уәжіб саналады. Ислам ілімі отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады. Ер кісі- ең алдымен әйелін Аллатың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі зайыбын нақақтан-нақақ жазғыруына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды. Құран Кәрімде: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар» — (Ниса сүресінің 19-аятында) деп үндесе, хадисте «Әйелдердің ақыларын орындауда Аллаһтан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Аллаһтың бір аманаты деп алдыңдар» — деген. Сонымен қоса, жанұясын және жан-жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез-құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты орындап, орындамағандықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін ескерткені жөн.

Әйел кісі — әуелі жұбайының рұқсатынсыз бөгде жерлерге баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңілінен шығуы керек. Құранда «Ерлердің әйелдердегі ақысы сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» — деген (Бақара сүресінің 228-аятында). Әйел заты үй берекесінің ұйытқысы, яғни, берекесін келтіретін де, кетіретін де және күйеуін тамаша адам қылатын да, немесе ада қылатын да әйел десек қателеспейміз. Сонымен қатар, әйел кісі де жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орны-орнымен жұмсау, үй тіршілігін тиянақтап орындау және иман жүзді ұрпақ тәрбиелеу, т.б. сол сияқты міндеттер бар.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер». Басшы — бақташы. Ер адам — отбасының бақташысы. Әйел — ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауапты болады деп ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.

Қазіргі күнімізге дейін қаншама өнегелі отбасылар болды. Солардың бірі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отбасы. Ол отбасында береке мен тыныштыққа, түсіністік пен сүйіспеншілікке, махаббатпен мейірімділікке толы болды. Тіпті Адам баласы үшін ауыр сынақтың бірі болып саналатын жоқшылықта ас-ауқатсыз, нәр татпаған қиын күндерінің өзінде де ол шаңырақ Алланың сынағын, тағдырын күлімсіреп қабылдап, сүйіспеншілік пен бақыттың ортасына айналдыра білді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанұясының мұншалықты махаббат пен сабырлылыққа толы болуының сыры шаңырақта Алланы жиі еске алатын, Құран оқылатын, әркім Раббысының разылығын табуға тырысатын. Олар үшін бірінші кезекте материалдық қажеттілік емес, рухани байлық, отбасылық құндылық және жанның тазалығы. Әрбіріміз үлгі алуымыз тиіс шаңырақ, міне, осындай.

«Шапағат» деструктивті діни

 ағымдардан жапа шеккендерге

теолог маманы

 көмек көрсету орталығының ҚҚ

Ш.Темірқұлұлы

0

Автор публикации

не в сети 1 день

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля