РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ РАДИКАЛДЫҚ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯҒА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 4 наурызында Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерімен «Рухани-адамгершілік тәрбиесі және радикалдық діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру» тақырыбында кездесу өтті.
Жиынға ауған соғысының ардагері, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Т.Шакиров, Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» бөлім басшысы Д.Муханбеталиев, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының тарихшы маманы Е.Абзалов және «Жусан» операциясымен Сириядан елімізге оралған отбасы мүшесі Н.Юсупова қатынасып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде ауған соғысының ардагері, облыстық АТТ мүшесі Т.Шакиров: «Ұлтымыздың мақтанышы, батыр атамыз Б.Момышұлының өзі «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Көсегесі кемелденген заманда, саналы болу керек адам да. Қоғамдағы орын алған түрлі кемшіліктерге – ұрлық, қорлық-зорлық, бопсалау, тонау, қастандық, астамшылдық, тағы басқа да қылмыстарды көре тұра көзжұмбайлыққа салыну әдеті асқынған ауруға айналып бара жатқандай, — дей келе, жастарға ғибратқа толы әңгімелерін жеткізді.
Д.Муханбеталиев Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының талаптары, сондай-ақ ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 453 және 490 баптарында көзделген құқықтық жауапкершілік туралы түсінік беріп, әлеуметтік желіде қараған, бөліскен әрбір ақпаратқа мұқият болу қажеттігін ескертіп, Орталық мамандары «Оlx», «Вконтакте», «Instagram», «Telegram» cекілді әлеуметтік желілерге тұрақты түрде зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырғанын баса айтты.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғаны белгілі. Шетелден білім алған жастардың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе. Бірақ, дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар қауіп көзіне айналуда. «Дін үйренемін» деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келуде. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жастардың санасын улауда. Сондықтан, діни білім ізденгенде арнайы Қазақстанда бекітілген дін мамандарынан, теологтардан кеңес алуға шақырамын» – деді Е.Абзалов.
Өз кезегінде «Жусан» операциясымен қақтығыс аймағынан елге оралған отбасы мүшесі Н.Юсупова Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, туған ел, ата-ана, бауыр, білім алу, уақыттың қадірін түсіну керектігін жеткізді.