Сұрақ-жауап

Коронавирус індетінен қайтыс болған адам шейіт санала ма?

Жауап: Шәһид (шейіт) деп Алла жолында қаза тапқан және дінін, абыройын, отанын дұшпаннан қорғап қайтыс болған мұсылман адамға айтылады. Шейіт екі түрге бөлiнедi: Біріншісі, кәмiл шейіт. Алла жолында соғыста, бүлікшінің және қарақшының қолынан қаза тапқан адам бұл дүниеде де, ақыретте де шейіт саналады. Екіншісі, ақыретте шейіт қатарына қосылатын мұсылман. Ол ақыретте шейіттік дәрежеге және оның сауабына ие болады. Ақыреттік шейітке іші өтіп, оба ауруымен, суға батып немесе өртеніп өлгендер және т.б. жатады. Бұлардың кәміл шейіттен айырмашылығы – оларды жуып, кебіндеп, жаназасы шығарылады. Ал кәміл шейітке ғұсыл рәсiмi жасалмайды, тек үстiндегi қаннан өзге нәжiстен тазартылады. Өз киiмi және үстiндегi қанымен жаназа намазы оқылып, жерленеді[1]. Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шейіттер бес түрге бөлінеді: Оба (немесе сол сияқты жұқпалы) дертке ұшырап бақилық болғандар, іш ауруына шалдығып көз жұмғандар, суға батып өлгендер, қираған үйдің астында қалып қаза тапқандар және шыбын жанын Алла жолында пида еткендер», – деп айтты[2]. Әбу Дәуіт риуаятында Алла жолында қайтыс болғаннан басқа шейіттер саны жетеу деп жоғарыдағы сипаттарға қоса өрттен мерт болғанды және босану үстінде қайтыс болған әйелді атап өтеді. Имам Нәуауи: «Ғалымдар Алланың кеңшілігімен мұндай өліммен қаза тапқандарға ауырсынудың қарқындылығы, қатты қиналуы себепті шейіт дәрежесі берілген дейді», – деп айтады[3]. Бірақ, ақыреттегi шейіттер хадисте келген сипаттармен ғана шектелмейді[4]. Бәлкім, сондай мағынаны қамтыған сипаттар да шейіттік дәрежеге ілеседі. Сондықтан кейбір ғалымдар ақыреттік шейіттердің санын жиырмаға жеткізсе, кейбірі қырыққа жуығын атап өткен[5]. Ендеше «Коронавирус COVID-19» деп аталатын пневмония індетінен қаза тапқан мұсылмандарды төмендегі дәйектер негізінде ақыреттік шейіттер қатарына қосуға болады: Біріншіден, аурудың асқынуы, вирустың аса қауіптілігі, ауырсынудың қарқындылығы – ғұламалардың атап өткен шейіттік дәрежеге жету себептеріне дөп келеді.   Екіншіден, бұл індет жалпы тілдік жағынан хадисте аталған кейбір дерттің құрамына жатады. Мысалы, іші өтіп қайтыс болу. Бірқатар ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл жалпылама іш ауруына шалдығып қайтыс болғандарды қамтиды[6]. Яғни бауыр, бүйрек, өкпе секілді ішкі ағза дерттерінің барлығы іш ауыруы болып саналады. Үшіншіден, шариғатымызда безгек[7] және туберкулез[8] ауруымен қаза болғандар шейіт есептеледі. Бұл дерттердің нышандары коронавирустың белгілерінен де табылады. Төртіншіден, хадистегі шейіт туралы келген дерттер пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытында белгілі ауруларды ғана қамтымайды. Бәлкім, біздің кезімізге дейін сол мағынаны қамтыған дерттерді де ішіне алады. Мысалы, өкпенің қабынуы. Оның негізгі белгілері: ыстығы көтеріледі, жөтел, ентігу, қатты ауырсыну[9]. Коронавирустың да көп белгілері дәл осы секілді. Бесіншіден, коронавирустан көз жұмған мұсылмандар хадисте келген «тағун» атауына кіреді. Оны ғұламалар оба ауруы деп түсіндірген. Ғұлама Бадруддин Айни: «Жалпыға жұғып, жылдам өлімге апарғандықтан оны «тағун» (оба) деп атады. Бұл дерт өзі секілді қауіпті індеттердің барлығын қамтиды», – деген[10].    Осыған орай, коронавирус індетінен қайтыс болған мұсылманды ақыреттік шейіт қатарына жатқызуға болады. Бірақ, оны жерлегенде шариғатқа сай жуындырып, кебіндеп, жаназасы оқылуы керек.  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

© ummet.kz Толығырақ: https://ummet.kz/surak-jauap/355-surak-jauap/12014-koronavirus-indetinen-kajtys-bolgan-adam-shejit-sanala-ma.html

0

Автор публикации

не в сети 4 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля