Мақалалар

ЛАҢКЕСТІККЕ ЕРІП, СИРИЯ АСҚАН ТАҒДЫРЛАР

«Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ, қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Қарабастағы «АК-159/18» түзеу мекемесіне бас сұққалы тұрмыз. «Түрме» деген атаудың өзі тәніңді түршіктіреді ғой. Темір тордың арғы жағында қаншама тағдыр, бізге беймәлім өмір һәм өз заңы бар. Бұл жолы біз түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі азаматпен әңгімелесеміз. Біреуі «шынайы мұсылман болсақ, жиһадқа аттанайық» деп аттандап үгіт жүргізген. Ал, екіншісі аттанып кетіп, кейін атамекеніне әзер оралған. Олай болса, өздерінің айтқандарынан бастайық әңгімені…
Қуатжан АМАНДЫҚОВ, 32 жаста:
«Біз бұрын отбасымызбен Қызылордадан Астанаға көштік. Дінге деген қызығушылығым 23-24 жасымда арта бастады. Басында Әбу Ханифа мәзһабымен намаз оқыдық. Кейін ортадағы жігіттердің уағызымен санамыз уланды. Әлеуметтік желілерден теріс бағыттағы діни уағыздарды тыңдап, жат ағымның шырмауына іліндім.
Біреулердің нұсқауымен Ринат есімді уағызшының әңгімесін көп тыңдадым. Және сол бағытты дұрыс санадым. Мұнымды кейін барып қана сезе бастадым. Ата-анам да айтудан жалықпады. Бірақ, ол кісілерге қатты қарсы келген күнім жоқ.
Дегенмен, арамызда түсініспеушіліктер жиі орын алып кетті. Мінезім өзгерді, тез ашуланшақ бола бастадым. Ақырында ақидадан қателесіп, осында тап болдым. 6 жыл мерзімім аяқталуға бір ай қалды. Осында теологтардың нұсқауымен діни бағытта білім алып, Аллаға шүкір, тәубеме келдім. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демей ме? Астанада туғандарым тосып отыр сағынышпен».
Диас РАХМЕТОВ, 29 жаста:
«Мен намазға 17 жасымда келдім. Кәдімгі дәстүрлі дініміз – Әбу Ханифа мәзһабымен жығылдық намазға. Кейін жатағымдағы жамағаттың жетегіне еріп кеттік.
Әрине, оның бәрі ілімнің толық болмағанынан ғой. Сайттардан теріс ағымдағы уағыздарды тыңдап, қалай топ ете қалғанымызды түсінбей қалдық. Сосын видеолардан Сириядағы соғысты көріп, мұсылмандарға қатты жаным аши бастады. Жүрегім ауырды.
2016 жылы Қырғызстан арқылы Сирияға аттануға бел будым. Бірақ, Түркияда 1 жыл түрмеде отырдым. Заңсыз шекарадан өткенім үшін. Одан шығып, Стамбұлдан Сирияға апаратын өкілдер арқылы діттеген жеріме жеттім. Ол жерде 1 айдай әскери дайындықтан өттік.
Мен барған кезде 400-500-дей қазақ бар еді. Сөйтіп, соғысқа түскеннен кейін жарылыстың астында қалып, жарақат алдым. Раха қаласында әбден айыққанша 6 ай болдым. Индонезиялық әйелге үйлендім. Одан бір қызым бар. Сириядағы сұрықсыз өмірді тастап қашып кетуге талай оқталдым. Бір кісі елге жеткіземін деп 3 мың доллар алып, алдап кетті.
Сол жақта жүріп әкем мен шешеме айттым жағдайымды. Оларға қатты соққы болды. 8 ай күрдтердің тұтқынында болдым. Үміт болмады мүлдем. Кейін 2019 жылдың қаңтарында «Жусан» операциясымен елге жеткенімде жидым есімді».
Жазасын өтеуші қызылордалық Қуатжан уағыз-насихат айтып, қазақтарды жиһадқа үгіттегені үшін абақтыда алты жылын өткізді. Енді бостандыққа шығады. Түрме қызметкерлері тәртібінің қалыпты екенін, тәубесіне келгенін айтады. Ал, 2 жыл жазасын өтеген теміртаулық Диастың әлі 7 жыл уақыты бар. «Әкем мен шешем келіп тұрады. Бірақ, кез келген ата-ана кешіреді ғой» дейді.
Жалпы, мұнда «Жусан» операциясымен елге оралған 5 азамат жазасын өтеп жатыр. Теологиялық оңалту жұмысының инспекторы Ағзам Сахи адасқандармен үнемі тығыз жұмыс жасайтындарын айтады.
– Біз имамдар және теологтармен жиі кездесу өткіземіз. Және психологтардың да көмегіне жүгінеміз. Мысалы, жазасын өтеушілердің діни тұрғыда күрделі сұрағы болса, ислами ілімі мол ұстаздармен жүздестіріп, сауалдарына жауап іздейміз. Тек, діни экстремизм бойынша сотталғандармен ғана емес, басқа да сотталушылардың ақидасын дұрыстап, діни сауатын дұрыс ашуға ықпал етеміз, – дейді теолог.
P.S: Қуатжан сөз арасында былай деді: «Менің осы жерге түсуімнің де үлкен қайыры бар деп ұқтым. Алла Тағаланың маңдайыма тисін дегені ғой. Шүкір етемін».
Диас та әңгімесін былай түйіндеді: «Сириядан еліме аман жеткенім үшін тәубе дедім. Темір тордың арғы жағында отырсам да, туған жер ыстық. Аллаға сансыз шүкір».

ДЕРЕККӨЗ: kazislam.kz

0

Автор публикации

не в сети 3 дня

admin

0
Комментарии: 0Публикации: 984Регистрация: 21-06-2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля